МЕН БҰЗЫЛСАМ, АБАЙ ТҮЗЕЙДІ. АБАЙ БҰЗЫЛСА, КІМ ТҮЗЕЙДІ?

03 қыркүйек 2025 1416 0
Оқу режимі

Абай үйінде Тобықты елінің бір топ игі жақсылары бас қосып, дастарқан басында мәжіліс құрып отырады. Ауыл маңынан біреулер мал айдап бара жатыр, деген хабар естіледі.

—Кімдер екен? Біліңдерші?—дейді Абай.

—Бегештер ғой,—дейді біреуі.

—Ө-ө, олай болса шақыр!—деген Абай. Отырғандардың біразы жадырай дуылдасып:

—Керейдің ары өткен, бері өткен біреулерін шақырып алып, төрдегілерімізді төменге, одан кейінігілерімізді босағаға дейін ығыстырасың. Абай, осының жөн бе? Бегеш сонша кім еді?—десіп даурығып, өздерінің жуандық ірілігін көрсеткісі келеді.

—Сендер қазір Бегеш кіріп келгенде орындарыңнан бірің де тапжылмаңдар. Төрге шығармағандарыңды мен көрейін. Оның кім екенін сонда білесіңдер—депті Абай.

—Ассалаумағалейкум—деп Бегеш табалдырықтан оң аяқпен аттай бергенде Абай алға қарай көтере сілтеген оң колының алақанымен тоқта деген ишарат білдіріп, Бегешті тоқтатады.

—Мыналар қу деген қандай болады деп таласып отыр. Сен айтшы мұның жауабын,—дейді Абай.

—Қу сенсің,—депті Бегеш алғыр, жылдам шапшаңдығына басып.

—Мен қу емес, сен қу,—дейді Абай,—Ел-елді аралап келіп, не түрлі жақсы-жайсаң, жүйрік шешендердің аузынан шыққан сөзді естіп, ұғып аласың да, менің сөзім деп ел-жұртқа жаясың.

Сонда дастарқанды айнала алқа-қотан отырған адамдардың сыртын орай доғаша иілген аласа кітап сөрелеріне көзі тускен Бегеш:

—Абай, сен анау сөрелердегі араб, парсы, шағатай, орыс, орман дейсің бе неше түрлі жұрттардың әйгілі ғұлама-ғалым оқымысты кісілерінің сөздерін оқып аласың да, тонын айналдырып әкеп, менің сөзім еді дейсің. Мен болсам, бір қазақтың ішін ғана аралап, ауыздан шыққан асылды теріп, ел кәдесіне асырамын. Сөзді әр елден жинап-терген сен менен де өткен қу болдың ғой,—депті.

Сол екі арада үйде отырғандардың барлығы орындарынан тұрып, Бегешті қол берісіп қошаметтеп, оны төрге шығарады.

—Құр босқа таласасыңдар. Сендер Бегеш бола алмайсыңдар. Бегеш болам десеңдер, жүр кәне, сыртқа шығайық,—дейді Абай. Бәрі де қотарыла көтеріліп сыртқа шыққаннан кейін Абай:

—Мына есіп тұрған желден бір-бір уыс жел ұстаңдар,—дейді.

—Оу, ол заманда, бұл заман желді ұстаушы ма еді?—деп жамырасқандарға:

—Бегеш соғып, есіп тұрған қызыл жел емес пе? Сендер оны ұстаймын дейсіңдер. Жел ұстатушы ма еді,—деп Бегешке тоқтамды баға берген екен Абай.

Бегеш би Абайменен әрі дос, әрі сыйлас, әрі құрдас адам екен.

—Дана кім, ақылды кім?—деп сұрапты тобықтының үлкендерінің бірі сол отырыста.

—Дана да, кемеңгер де Абай,—депті Бегеш.

—Содан соң ғой, оза сөйлейтінім. Мен бұзылсам, Абай түзейді. Абай бұзылса, кім түзейді?—деген екен Бегеш.

(Ел аузынан)

 

Пікірлер Кіру