МЕН - МҰСЫЛМАН ЕКЕНМІН!..

05 наурыз 2026 49 0
Оқу режимі

Тұрағұл: «1899 жылы май айының бас кезінде, Үлкен ауылға (Ділда аулы) келіп едім, әкем менің сәлемімді алар-алмастан:

– Биыл Сыртқа шығасыңдар ма? – деді. Мен:

– Түйеміз аз, жүгіміз сыймайды ғой, – дедім.

– Олай болса, мен түйе жинап берейін, жайлауға көшіңдер, – деді. Сол арада сыйлас Есіркеп дегенге бір жігітті жіберді. "Үш-төрт түйе берсін, біздің Кіші ауыл (Айгерім аулы) Сыртқа артып шығады. Түйесін ақсатпай, жауыр қылмай бергіземін", – деп жіберген жігіті барып келді де:

–  Түйем жоқ деп айтады, – деді… Бұл Есіркеп біздің Ырғызбайдың төрт баласының ішіндегі ең азы, нашары Жортар деген кенже баласы болады. Сол Жортардың Арқат деген ұлының екі баласының бірі – Есіркеп. Есіркепке орташа дәулет біткен соң, Жортар балаларының ергенінен қашып, екі-үш жылдан бері менің әкемнің қасын қыстап, жаз болса және жайлап, күзеп жүруші еді. Әкем әлгі жауапты естіген соң, азырақ үндемей отырды да, аздан соң басын көтеріп:

– Иә, Құдай! Бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін. Осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, Тәңірберді түйе сұратып жіберсе, «Түйем жоқ!» деп айта алмас еді. "Бұл түйемді бермегеніме Абай ашуланбайды ғой!"- деп, менің мінезімнің жұмсақтығына сеніп, бермей отыр ғой. Мен - мұсылман екенмін! – деп әкем қатты қуанды».

(Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» кітабынан алынды)

Пікірлер Кіру