"МҰСЫЛМАН КИІМІН КИГЕН ЕМЕС, ИМАНЫ БАР ЖАН - МҰСЫЛМАН"

22 сәуір 2024 1943 0
Оқу режимі

Бисмиллаһи — р — рахманир — рахим — Қайыр-рақымы мол Алланың атымен бастаймын!

Қанша мақтау бір Құдай табарак уа тағалаға лайық. Ол лайықтығында ешбір зат, мақлұқта теңдесі жоқ. Бұл — үстіміздегі шет-шегі жоқ көк, күндіз болса, дүниені жарық еткен күн, кеш болса, күлімсіреп тұрған ай, жұлдыздарменен, бұл — дүниені айналып жатқан шеті жоқ мұхит, теңіздері һәм таулардан таза жауһардай жылтырап аққан өзендері, ішінде неше алуан мақұлықтар, балықтарыменен, астымызды біздің дүниеміз атанған жер — қазып қарасақ, астында алтын, күміс, мыс, бақыр теміріменен және үстінен қарасаң, алыстан тұманданып көрінген, ішіне кірсең жапырақтары жайқалып, дүниеге хош иістер жайған биік орман ағаштар, алуан-алуан шешектеріменен желкілдеп шыққан неше - неше түрлі көк шөптер, гүл-жапырақтары һәм неше алуан дәмді дәру не тамақ болатын тұқымдарыменен, мәселен, бидай, тары, алма, жүзім, рәуішті, қырда, орманда, теңізде неше-неше түрлі жаратылған алуан-алуан мақұлықтар — өрмелеген тышқаннан бастап, таудай биік пілдерге шейін, кішкентай ғана құрт шабақтан бастап, ұзын бойы он саржан, ауырлығы жеті-сегіз мың пұттаған балықтарға шейін, кішкентай ғана шымшықтан, сайрап тұрған сандуғаштардан бастап, қой мен бұзауларды алып ұшуға жарайтын бүркіттерімен соншама зат, мақұлықтың бәрін де Құдай берген ақыл-хайламен жинап алып, өз пайдасына жаратып, неше түрлі һәм неше жүз, һәм мың түрлі патшалы, патшасыз жұрт болып тұрған адамзаттар — мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ ұқсасы жоқ бір Құдайдың барлығына, бірлігіне кәміл жаратушы халық—қадір екендігіне дәлел болса керек. Оның үшін мұншама ғажайып ойлап, ақыл жетпейтін естір һәм зат мақлұқаттар бір Құдайдың «бол» деген жалғыз бұйрығымен болғандүр.

Мұнан соң, мақтау лайық пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салла аллаһу аллаһ уассаламға.

Адамзаттың қараңғы, надан уақыттарында от пен суды Һәм қолдан істеген ағаш суреттерді құдай деп біліп, адал-арамды, бұзықтық пен түзіктікті танымай, бәлкім айуан қалпында жүрген замандарда Құдай-Тағала бұйрығымен пайғамбар болып келіп, адамзатқа түзу жолды үйретіп, шын Құдайын танытып, шын діннін һәм дүниенің ғылымдарын көрсетіп беріп еді.

Бұл пайғамбарымыз алайһиссаламның қалдырып кеткен Құдай Тағаладан өндірілген Құран шарифтегі сөздерін, сондай - ақ пайғамбарымыздың өз тарапынан бұйырған үгіттерін оның шәкірттері мен ғұламалары ауызбен айтып, кітаптарға жазып, дүние жүзіне жайып, неше-неше қараңғылық, надандықта жүрген халықтарды дұрыс адамдық санатына айналдырды. Соның үшін Құдай Тағаланың рақметі болсын, пайғамбар алайһис - саламның асхабтарына және шариғат жолын мықтап ұстап, өздерінің таза қулық жұмсақ шырын сөздерімен надан халыққа ғибрат болып, ахирет жолын танытқан мүжтаһид әулиелерге, уа барша ізгі мұсылмандарға ай-рақмат айтушылардың ракмат етушісі, Құдайым, өзің рақым қыл! Мұның соңында бұл кітапты жазып шығарған себебіміз, әркімге мәлім Кәләм шариф Һәм үлкен ғылыми кітаптар араб тілінде жазылулы. Араб тілін әркімге білмек әрі қиын, әрі көп қара халыққа мүмкін де емес. Мұнан ғайри және сөздері де не араб, не парсы тілінде болып, әр жұрттың лұғаты бөлек болуынан көп оқыған адамдар аят хадисте бұйырылған Һәм әр мұсылманға керекті қысқа ғылымдарды да білуге қадыр бола алмады. Арабтың тілі сөзге байырақ әрі қошырақ болуынан һәм пайғамбарымыз араб жұртынан болуы себепті, арабша Кәләм шариф араб тілінде еніп, ол тілді білмек мұсылмандарға парыз кифайа болса да, бір халықтың ішінде араб тілін бір адам білуменен де ол халықтың мойнынан парыз түседі. Соның үшін намаз ішінде яки құран аяттарын һәм арабша дұғалардың мағынасын да қай тілмен оқыса да дұрыс десіпті. Хатта біздің имам - ағзам мазхабында осы реуішті арабтан басқа тілменен намаз оқығандардың имам болуы да дұрыс деген. Ләкин ислам мәнісін білмек әрбір мұсылманның өз басына парыз.

Әлгі рәуішше мұсылманшылықтың шартын ел ішінде молдалары біліп, бөтендері білмегенмен, бұл білмегендердің мойнынан парыз түспейді. Парыз түсу түгіл бұл мұхтаж шарттарды білмеген кісі мұсылман да болмайды. Құдай-Тағала өзі сақтасын, соның үшін бізбен қатар татар, түркі уа ғайри халықтар аят хадистің мұқтаж, керекті бұйрықтарын өз тілінше кешіріп, түсінетін кітаптар шығарып, діннің ғылымын жұрттарына жайды. Бірақ біздің қазақ тілінде әркім түсініп оқып немесе біреу оқыса тыңдаған қара халық түсініп отыратын бір де кітап жоқ. Сол себептен «жалғыз кітап таныған молдалар көп болмаса, халық өзінің діні не екенін де кәміл түсінбейді. Хатта көп адам осы қалыпша кәпір болып та жүрген шығар. Мұны көріп біз, фақыр қыпшақ руының Ибрагим Балғожа биұлы, қарындас халқымыз қазақ жұртына пайда келтірмек ниетпен қараңғы туғандарымызды түсінікті тілменен өзінің дінін түсіндіру үшін бұл кітапты жазуға кірістік. Құдай тәбәрәк уа тағала қайырлы еткей еді, әмин!

Ей, екі дүниенің иесі — Құдайым, әр пендеңнің ниет-пиғылы бір өзіңе белгілі. Бұл кітап ішіндегі бұйрықтар қайсысы аят-хадистен, қайсысы шаһар Петербургке имам-жамиғ Мулла Ата - алла Бен Баязид есімді молланың әр кітаптардан жинап шығарған «Ислам» деген кітабынан Һәм мұнан ғайри зор ихтибарлы кітаптардан қаралып, неше-неше рет саналып, теңдестіріліп жазылды. Оқығандар қайыр-дұғаларынан қалдырмағай еді.

Енді, ей, дін қарындастарымыз, бізге ең әуелі керегірек іс — сол, әуелі білмек керек немен мұсылман болатынымызды. Мумин мұсылманның мұсылман аталуы құр мұсылман киімін киіп, мұсылман арасында жүргеннен емес. Әуелі иманда болып, ол иман деген не екеніне түсініп, түсінген соң, сол иман ішіндегі сөздерді шексіз мұсылман деп атайды. Соның үшін Құдай Тағаланың пенделеріне парыз еткен парыздарының ең әуелі иман болса керек. Иманнан соң дін ғылымы дүр. Дін ғылымы дегеніміз, Құдай-Тағала пенделеріне екі жол көрсетті: Бір жолы — осылай бар деп бұйырған жол, екіншісі — бұл жолға түспе деп тыйған жол. Әуелгі жолдың баратын ұшы — ұжмақ соңғы жолдың ұшы — тамұқ. Екі жолды көрсетіп қойып, қайсысына түсудің ықтиярын бұл дүниеде Құдай-Тағала адамның өзіне берді. Осы екі жолдың мәнісін түсініп, үйренуді дін ғылымы деп атаймыз. Осылайша иман мен дін ғылымын үйреніп, сол бойынша дүниеде іс істеуді амал деседі. Пенделердің амалының немесе істейтін істерінің бағзысы көңілменен, Һәм дінімен болады. Көңілмен дегеніміз — көңілмен шындап дұрыстауды, мәселен, иман рәуіштіні айтады. Дінімен деп қолмен дәрет алып, намаз оқу реуіштілер айтылады. Бірақ әрбір жақсы амалдардың да асыл түбі иманнан, яғни иманудан келеді. Имансыз еткен жақсылықтың пайдасы жоқ. Мәселен, біреу намаз оқыса да, ол намаздың керектігін көңілі құптамаса әлбетте, ол намаз болып табылмайды.

 

  Ыбырай Алтынсарин

"Мұсылманшылықтың тұтқасы" кітабынан

 

 

Пікірлер Кіру