МҰСЫЛМАНДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Жаратқан Құдірет, Жасаған Ием о басында Адам Ата мен Хауа Ананы дүниеге келтірген де, бұл ұлы ата-анамыздың тал бойында бір мін болмаған. Артығы да жоқ, кемі де жоқ. Адам баласы шексіз шебер Құдіреттің күшімен, шексіз даналығымен жаратылған. Адамның мүсінінен қандай мін табасыз? Құлағы артық па? Қолы, аяғы артық па? Бәрі-бәрі орын-орнында тұр.
Адамның жаратылысы дүние-әлемнің жаратылысындай мүлтіксіз қиюласқан. Қазір инженер деп жүргендеріміз машина жасайды, сағат жасайды. Қырып-жою құралдарын жасауда мол табысқа жетті. Ал бірақ Адамды жасау үлгісі бар болса да, адамды жасай алмайды. Роботтың жаны жоқ, сезімі жоқ. Қуана білмейді, қайғыра білмейді, армандай алмайды.
Ендеше, Құдайдан құдіретті ешкім де, еш нәрсе де жоқ. Ал енді, келе-келе, адамдар адамның жаратылысынан, мүсінінен кемшілік тауыпты. Адамзаттың бәрі емес, едәуір бөлігі.
Сөйтсе, олардың ойынша, еркек адамның мүшелерінде, дәлдеп айтқанда, бір ғана мүшесінде, тағы да дәлірек айтқанда, еркектік белгісінде құйтақандай кінарат бар екен. Еркектік белгі бүрік екен. Бүрік етіп тұрған — тырнақтай ғана тері екен.
Сол тырнақтай теріні өткір ұстарамен шертіп жіберіп, кесіп тастаса, сауап болады екен. Әйтпесе, үлкен күнә! Ол күнәнің жазасын әсіресе о дүниеге барғанда қатты тартатын көрінесің. О дүниеде мәңгі-бақи тозақта ойбайлағанша, осы дүниеде-ақ тыз етпе бір ауырғанға шыдасаң — мойнындағы зіл батпан қарыздан құтылғаның.
Айша осыны қатты уайымдайды екен. Қиын болғанда, Мыңбұлақта бала «піштіретін» маман жоқ. Бұрын заман тынышта, Түркістан жақтан жылда бір келіп, «піштіру» науқанын жүргізіп, мал жинап қайтатын Қара қожа да келмей қойды.
Мұртазасы болса, Айшаға уайым түспес еді. Баласын сүндеттету — әкенің парызы. Бірақ Мұртазаның міндетін Айша өз мойнына жүктеп алған. Тағдыр солай ұйғарды. Көнбеске амал жоқ.
Бердімбет сайының сәні кетіп, гүлдер солып, көбелек қуған қарлығаш ұшпай, оның орнына шұбатылып мизам ұшқан шақ. Сірә, қырық екіншінің қоңыр күзі.
Қырсық қара биеден қалған бурыл тайдың үстінде бір жамбастап, сайдың ажырық отына жайылып жүрген жылқыға қарап, сүлесоқ отырғанымда, ойда жоқта алқын-жұлқын Айша жетіп келді.
— Әй, Барсхан, әйда, жүр үйге, — деді.
— Не болып қалды?
— Кейін айтам, жүр, жүр.
— Жылқыны қайтем?
— Тасбет бригәт қазір басқа адам жібереді.
Айшаның айтқанын істемей көр. О, оны сіздер білмейсіздер. Ол бурыл тайдың үстінде жарбиып отырған мен тұрмақ, зіңгіттей Тасбет маңқаның өзін аттың үстінен түсірген. Тасбеттің өзінен де бар. Дереу тілдейді. Атаңа нәлет дейді. Құлақтың қатыны дейді. Халық жауының қатыны дейді. Айша бір шыдайды, екі шыдайды, тіптен болмаған соң, Қызыл қырманның басында, шаршы топтың көзінше Тасбетті аттың үстінен тулақтай жұлып түсірген ғой. Тасбет сотқа бермекші болыпты. Ел жиылып, қой-қойлап әрең басыпты.
Үйге келген соң Айша дәу қара қазанға су жылытып, мені әбден шомылдырды. Қара сабынды аяған жоқ. Бөз де болса, таза көйлек кигізді. Әлі күн жылы еді, сонда да құрақ сары күпәйкемді, ақ қоян құлақшынымды кигізді.
Не екенін түсінбеймін, қарындасым мен інім де аң-таң. Сірә, мені тойға барады десе керек, біз де барайықшы деп қыңқылдасты.
Айша оларға «тәйт» деп тастады.
Әлдеқалай қашып кетпесін дегендей, қолымнан қысып ұстап алып, дедектетіп, талай сайлардан етіп, басқарманың үйіне жетті.
Жуанқұл бастықты күнде қарғап-сілеп, иттің етінен жек көруші еді, енді мұнысы несі деп түсінбедім.
Үйге кірсек, қауқылдасып шалдар отыр, сампылдасып кемпірлер отыр. Мені көріп бәрі де:
— О, Барсхан келді, Барсхан келді! — деп, дәл бір Барсхан емес, Бауыржан келгендей дуылдасты.
Сөйтсем, төрде қаз-қатар болып, тізіліп көп бала жатыр: Қорғанбай, Боранбай, Қуанышбай, Аманбай, Өсер, Тілепалды, Сүлеймен...
Сүйек қажаған сиырдай, ауыздарына құрт салып, малжандасып жатыр.
Біле қойдым. «Піштіреді» екен. Айшаның қолынан жұлқынып шығып тұра қашайын деп едім, шыға алмадым. «Босат», — деп ышқынып едім, үй толы адам:
— Ой, Барсхан батыр ғой!
— Ой, ол жазда элеваторға бидай тасығанда Евгеньевканың бұзық балаларымен қорықпай төбелескен!
— Ой, ол Салбидің қабаған итінің жағын айырып тастаған! — деп, мені мақтайды — ай шетінен.
Қашып кетуге бет қалмады. Амал жоқ, қаздай тізілгендердің қатарына мен де барып жаттым.
Қырғыздан келген «хирург» небір күлдіргі әңгіме айтып, шаруасын да тындырып жүр. Сол әңгімесін тыңдап жатып, менің де «шаруамның» біткенін байқамай қалыппын. Тек киіз күйдіріп басқаны жаныма қатты батты білем, қырғыз «хирургты» айқайлап боқтап жіберіппін. Өйтпесе «хирург» бола ма:
— О, батыр екенсің, тентек екенсің да, — деп күлді.
Көзім түсіп кетіп еді, Айша жылап тұр екен. Кім біледі, қарызынан құтылғанына қуанғаны шығар: «Баламды кәпір қылдырдың-ау» деп, енді оған түсінде Мұртаза налымайтын болар, рухы риза болған шығар. Айша аруақтан ғана қорқады.
@Шерхан Мұртаза