НИЗАМИ

05 мамыр 2025 285 0
Оқу режимі

Низами Гәнжауи, Ілияс ибн Жүсіп Низами (17.8.1141, Гәнжа қ. – 1209, сонда) — әзірбайжан ақыны.

Негізгі шығармалары парсы тілінде жазылған. "Гәнжауи" — оның лақап аты. Әкесі Иранда, кейін Гәнжа шаһарында тұрған, ұлын түркі халқының дәстүрінде тәрбиелеген.

Низами 11 – 12 ғасырлардағы Тұран, Иран, Кавказ билеушілерінің тақ таласын батыл сынап, ел тұрмысын жырлады.

Оның басты шығармасы — "Хамса" ("Бес кітап"), оған "Құпиялар қазынасы" (1173 – 80), "Хұсрау – Шырын" (1181), "Ләйлі – Мәжнүн" (1188), "Жеті сұлу" (1197) және "Ескендірнама" (1203) атты бес дастаны кірген.

 

***

Өте жаман өмір сүрдім жерде де,

Барсам қалай болар күнім тозақта.

Шайтан менен күнәһар бұл пенде де,

Қашып кетер менен бәлкім ол жақта.

***

Жарық Аймын, қап-қараңғы түндегі,

Ешқандай да бетімде жоқ дақтарым.

Таза інжу-маржанмын ғой тым тегі,

Тәңірім де жазаламай, ақтады.

Қолданбағын, пайдасы жоқ бальзамның,

Бәйіттерім саған ем де болады.

Тәтті құрма дертін жазбас бар жанның,

Менің емім барлығынан жоғары.

***

Көңіл бөлгін өзіңе адал досыңа,

Қателігі үшін кейіп, шошыма.

Сынып қалса тамақ ішкен табағың,

Сай келе ме көңіліңнің хошына.

***

Кеудеңді бір қайғы жатса кеміріп,

Сабырлы бол, еңіремей егіліп.

Ұлым, осы сөздерімді ұмытпа,

Жүректегі үміт отын суытпа.

***

Сындыра алмас мейірімсіз жандар менің сағымды,

Аша алмайды және олар басымдағы бағымды.

Абиссини тұрғындары түсінбейді түркіні,

Тауық етін жемейтіні көрінеді күлкілі.

***

Өмір атты ғажап мынау кілемде,

Айналдырам тағдырымды ойынға.

Құлағыма жүрек хабар ілерде,

Ұқсап тұрар жанарларым мойылға.

***

Шайтан айтар:

«Махаббат жоқ, Қағбадан кетіп қал да кәпір бол».

Досың айтар:

«Ғашықсың ғой, сен көзсіз көбелектей батыр бол».

 

 

***

Өмірде бұл кей махаббат болады,

Жүрегіңді жандырмастан солады.

Бұл махаббат – жастық шақтың көңілі,

Сондықтан да ұзақ болмас өмірі.

Шын махаббат өмір бойы жоғалмас,

Қара жерге кіргеніңше тоналмас.

***

Жүректерден шыққан сөздер шынайы,

Жүректерге жетіп жатар ұдайы.

***

Көбелектей жалынға кім барады,

Жалын әскер оны қарсы алады.

Мейлі жалын оған ғашық болса да,

Қанаттары отқа күйіп қалады.

***

Ғашықтар соқыр болады,

Жетелер оны құмарлық.

Білместен кімнің қонағы,

Жол таппай жүрер шығарлық.

***

Түркілерді бағаламас Хабеште,

Көрмеген ғой догвамды жеп әсте.

***

Кез-келген дос жай кездерде бола алар қасыңда,

Қиындықта тастамайды шынайы дос расында.

***

Қиындық пен қажеттілік көрінбесін төріңнен,

Өмір деген қуаныш пен бақыт үшін берілген.

***

Шындығында қиындықтың үлкені –

Өз досыңсыз күндеріңді өткізу.

Өне бойы доссыз жүру бұл тегі –

Өміріңді қор қылуға жеткізу.

***

Көңілді бол – қып-қысқа ғой ғасырың,

Қайғырғанға қарап енді тұрмайды.

Қамқорлыққа құмар болма, асылым,

Уақыттар күтпестен-ақ зырлайды.

Ауыр тартып тұрсын арпа салмағы,

Кіп-кішкентай шынашаққа тұрмайды.

Жылу менен жарықтың да жалғаны,

Суық түссе көңіліңе бұл қайғы.

Ойларсың сен мұны мүмкін емес деп,

Келмейді деп ойлайсың ба тұл қайғы.

Мұхитың да бір күн қалар елес боп,

Ант етемін, ештеңеге тұрмайды.

***

Табу үшін таусылмайтын қазынасын бақыттың,

Құдіретті сөздің теріп жинағайсың жақұтын.

 

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

Пікірлер Кіру