ОЛ (С.Ғ.С.) БІЗДЕРДІ САҒЫНЫП ЖЫЛАҒАН...

06 желтоқсан 2021 1508 0
Оқу режимі

Пайғамбар жіберу Алланың әмірінде болса, оған иман ету – пенденің міндеті. Алла Тағала адамзатқа жүз мыңдаған пайғамбар жіберіп, Өз заңдылықтарын үйретті. Сол жүз мыңдаған пайғамбардың соңғысы Мұхаммед (с.ғ.с.) бүкіл адамзат пен жын атаулыға жіберілді.

Ол (с.ғ.с.) дүние есігін ашқанда бүкіл әлем өзгеше күйге енді, оның (с.ғ.с.) нұры күллі ғаламға сәуле боп төгілді. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) келуімен көңілдерді перделеген қараңғылық серпіліп, саналарды тұмшалаған тұман сейілді. Иман кәусарына қаныққандар жаратылыстың мәнін ұға бастады. Семіп қалған жүректер жібіп, қатып қалған көңілдерге көктем орнады, ол (с.ғ.с.) өзіне дейінгі бүкіл пайғамбарлардың жоғары қасиеттері мен ұлы жолын жалғастырушы, толықтырушы әрі тәмамдаушы ретінде келді.

Аллаһтың құдіретімен айрықша жаратылған жанның туғаннан өмірден өткенге дейінгі өмірбаянын әрбір мұсылман көкірегіне түйіп, көзінің қарашығындай сақтай білсе, нұр үстіне нұр.

Мұсылман үмбеті Алла Тағаланың  елшісін (с.ғ.с.) жақсы көргені секілді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да үмбетін өте қатты жақсы көрді. Тіпті, жанындағыларды сахабаларым десе, өзінен кейін келетін біздер мен ақиретке дейінгі келетін мұсылмандарды «бауырларым» деп өзіне жақын тартқан.

Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) біздерді еске алып: «Үмбетімнен мені қатты жақсы көретін жандар – менен кейін келетін адамадар. Тіпті, олардың біреулері мені отбасы және мал-дүниесімен бірге көруге ынтық»,[1] – деді.

Иә, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) үмбет болған, жүрегінде оған  деген сүйіспеншілігі бар әрбір пенденің осы дүниедегі ең ұлы арманы – бір рет болса да Оның (с.ғ.с.)  нұрлы жүзін көру.

Дегенмен, Алланың жазмышымен бұл өмірде Алла елшісі Мұхаммадты (с.ғ.с.)  көру біздерге нәсіп болмаса да, Жаратқан Иеміз ақырғы деміміз қалғанша оның (с.ғ.с.) тура жолымен жүруді, сүннетіне ілесуімізді нәсіп етсін!

Алла елшісі (с.ғ.с.) өзін көрген сахабаларды да, өзінен ақиретке дейін келетін бауырларын да қатты жақсы көрген. Ол (с.ғ.с.) өте мейірімді әрі кешірімді еді. Құран Кәрімде Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) асқан мейірімді, үмбетіне жанашыр екендігін бейнелеп, үмбетінің қиналғаны оған ауыр келетінін білдіріп былай деген: «Расында, сендерге араларыңнан ардақты бір пайғамбар келді. Қиналғандарың оған ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық. мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді»[2].

 

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) қабірге келіп: «Алланың сәлемі болсын! Иман келтірген қауымның әлемі! Алла қаласа, біз де сендерге ілесерміз!» – деді. Сосын: «Бауырларымды көргім келді», – деді. Сонда (сахабалар): «Уа, Алла елшісі! Біз Сіздің бауырларыңыз емеспіз бе?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Жоқ, сендер менің сахабаларымсыңдар, ал бауырларымыз әлі келген жоқ», – деді. Сахабалары: «Уа, Расулалла! Үмбетіңіздің кейін келгендерін қалай танисыз?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Егер қара түсті көп жылқының ішінде біреудің маңдайлары қасқа, аяқтары ала жылқысы болса, сол жылқыларын танымай ма?» – деді. Сахабалары: «Әрине, таниды, Расулалла!» – десті. Ол (с.ғ.с.): «Олар Қиямет күні дәрет алудың әсерінен маңдайлары мен аяқтары ақ болады. Мен хауызға (Кәусар бұлағына)  олардан бұрын барамын. Сонда бір адамдар адасқан түйенің қашқаны сияқты хәуізімнен әрі қуылып, қашады. Мен оларды: «Бері қарай! Бері қарай! Бері қарай!» – деп шақырамын. Сол кезде «Олар сенен кейін туралықты адасумен ауыстырды», – деген дауыс естіледі. Мен сонда: «Аулақ жүрсін! Аулақ жүрсін!» – деймін»[3], – деді».

Алла елшісі (с.ғ.с.) сағынып, Кәусәр бұлағының алдында күтетін бақытты жандардың белгілері – жүздері мен аяқтары жарқырайды. Олардың жүздері мен аяқтарының жарқырауына не нәрсе себеп болды? Әрине, дүние тіршілігінде Алла Тағалаға құлшылық етіп, намаз оқу үшін ерінбей алған дәреттің септігі тиді.

Қайсы бір пенде дәретін алып, бес уақыт намазына берік болса, пайғамбар (с.ғ.с.)  сағынған жандардың қатарынан табылары сөзсіз. Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Мұсылман яки мүмин пенде дәрет алып, бетін жуса, көздерінің барлық күнәсі дәрет суымен немесе судың соңғы тамшысымен жүзінен жуылып кетеді. Егер қолын жуса, қолымен істеген әр күнәсі дәрет суымен яки судың соңғы тамшысымен жуылып кетеді. Егер аяғын жуса, аяғымен жүріп істеген күнәлары дәрет суымен яки судың соңғы тамшысымен жуылып кетеді. Пенде осылайша күнәлардан тазарып арылады»[4], – деп сүйіншілеген.

Сонымен қатар, жоғарыдағы хадисте: «Бір адамдар адасқан түйенің қашқаны сияқты хәуізімнен әрі қуылып, қашады»,– делінген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  Кәусәр бұлағынан адасып, қуылған бұл бақытсыз жандар кімдер?  Хадистің жалғасында: «Олар сенен кейін туралықты адасумен ауыстырды» деген жауабы баяндалған.

Туралықты адасумен ауыстырғандардың қатарында қой терісін жамылған қасқырдай Құран мен сүннетті жалаулатып айдың аман күнінде  адасып жүргендердің де қаралары табылады.

Жалған жиһадқа шақырып, жастардың санасын сан-саққа жүгіртетін ағымдарға Алла елшісі (с.ғ.с.) «Аулақ жүрсін! Аулақ жүрсін!» – деп, олардан теріс айналатындығын, сірә, түсінбесе керек! 

Оған (с.ғ.с.) үмбетінің қиналуы ауыр тиетін еді. Бір хадисте «Алла Тағаладан бір періште келіп, үмбетімнің жартысын жаннатқа кіргізу мен ақиретте шапағат ету арасында таңдауымды ұсынды. Мен ақиретте шапағат етуді таңдадым. Шапағат өте кең әрі жеткілікті. Сіздер бұл шапағат тек қана үмбетімнің тақуаларына ғана бұйырады деп ойлайсыздар ма? Ол үмбетімнің қателік пен күнә істегендеріне, күнәға белшесінен батқандарға да», – деп жәннатқа үмбетінің жартысы емес, шапағатымен барлығының кіруін қалайды.

Пайғамбарымыз о дүниеде үмбетінен кейбіреулердің өте қиын жағдайға тап болып, шапағатынан да мақұрым қалатындығын сөз етеді. Бұлай болуы олардың күнәларының ауырлығынан болса керек, сондықтан ақиреттің ауыр жағдайына тап болмау үшін үмбетінің тозаққа түсуін қаламайтын Пайғамбарымыз «Мені ұятқа қалдырмаңдар» деп, мол ғибадат жасауымызды ескерткен.

Осылайша өзінің үмбеті үшін көз жасын төгіп, бізді көрмесе де сағынып, біздер үшін қияметте шапағатшы болатын ұлы тұлғаны келемеждеп суретін салып, мазаққа айналдырып, жиіркенішті сол істерін «сөз бостандығы» деп ақталған дінімізге күйе жағушыларға қандай уәж айтуға болады?! 

Уа, асыл Пайғамбар (с.ғ.с.) сен біздердің жүрегіміздесің, сені сағындық. Саған лайықты үмбет бола алмасақ, бізді кешіргейсің!

Динара Құтқожақызы

 


[1] Имам Мүслим
[2] «Тәубә», 128
[3] Имам Ахмад
[4] Имам Мүслим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру