Олар кәпір емес қой!

07 қыркүйек 2020 5309 0
Оқу режимі

Әбу Бәкірқызы (р.а) Асмадан келген хадисте былай делінген: «Құрайыштардың заманы үстем болып тұрған уақытта маған шешем келді. Шешем мүшірика, яғни кәпір еді. Жүгіріп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келдім. Келдім де: «Иә, Алланың елшісі, шешем келді және ол исламға қарсы. Туысқандық қарым-қатынасымды үзейін бе, әлде жалғайын ба?» – дедім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, жалға», – деп жауап берді».[1] 

Ал, енді сол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) парасаты қайда бүгін?  Исламның тәлімі қайда, бүгінгі мұсылманның дін ұстанымы қайда?! Басында жаулығы жоқ болғаныменен, жүрегінде Алланы біліп, тілінде кәлимасын сақтаған анаға бүгінгі жат ислам жастары «кәпірсің» деп кінә тағып, өз анасының қолынан піскен асты татпай жүр. Бірақ, олар кәпір емес қой! Ол категорияға жатпайды ғой олар! Дінімізде кәпірдің өзіне кәпір деп айтылмайды. Қайдан білесің, ертең-ақ иман келтіріп мұсылманға айналатын шығар.

Одан сорақысы, мұсылман болғанымен бес уақыт намазы жоқ ата-анасымен мүлдем қарым-қатынасын үзіп, шалғайдағы жат ағымдық бүлікшілерге  қосылып жатыр.  Ал енді, аузынан шыққан сөзінің садақасы болайын, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) не айтады?!

Кәпір болған және исламға қарсылық танытқан шешесі жайлы Асмаға: «Иә, қарым-қатынасыңды жалға», - деп бұйрықпен жауап береді. Ислам, тіпті кәпір әке-шешеменен қарым-қатынасты көркем түрде жалғауды әмір етеді. 

Әй, қазақтың жастары! Ислам қанына сіңген, жүрегіне иман ұялаған, Алланы жадынан шығармаған бейшара әке-шешеңді қалай даттайсың?!

Алланың әмірі, Пайғамбардың өсиеті және сенің амалың. Өз ісіңе ой жүгірт!

Айбек Омар

 

[1] Бухари және Муслим риуаят еткен

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру