Ораза және ақыретке иман

16 сәуір 2021 6892 0
Оқу режимі

Оразаның өзіндік құпиясы мол. Дегенмен оның бір құпиясы – ақыретке деген сенімде жатқаны анық. Ақыретке сенім – иман шарттарының бірі. Бұл сенім күшейген сайын мұсылманның бес парызды орындауға деген ынтасы да арта түспек.

О дүниенің бар екендігі – барлық діндерге ортақ сенім. Ислам дінінде Құран кәрімнің шамамен үш те бір бөлігін осы сенім құрайды.

Адам Атадан бастап жүз жиырма төрт мың пайғамбардың барлығы да бір Жаратушының бар екендігі мен ақыреттің хақ екендігін бірауыздан жар салған. Бұны сан мыңдаған тақуа жандар тіршіліктегі құлшылықтарымен қуаттаған. Осының өзі ақыреттің растығына айшықты дәлел екені сөзсіз. Себебі, пайғамбарлар ешқашан өтірік айтпаған.

Бірақ соңғы ғасырларда өлімнен кейін қайта тірілу сенімінің әлсірегені де ащы да болса шындық. «О дүниеге біреу барып келіп пе?» деп сұрайтындардың табылуы осының айғағы. Құранда шетен шыққан, күнәһар адамдардың ғана о дүниенің бар екендігіне сенбейтіндігі айтылған:

«Есеп күнін шектен шығушы әрі күнәһар адамдар ғана өтірікке балап, сенуден бас тартады».[1]

«Оларға есеп күніне байланысты аяттарымыз оқылған уақытта: «Бұлар бұрынғылар-дың ертегісі ғой» дейді».[2]

О дүниенің бар екендігіне сенбейтіндер Жаратушының құдіретіне шәк келтіргендерін білмей жатады. Шын мәнісінде, он сегіз мың ғаламды жаратқан, оны ғасырлар бойы кемшіліксіз басқарып тұрған Жаппар иеміздің адамдарды өлгеннен кейін де қайта тірілтуге құдіреті толық жетеді.

Құранда: «Күллі Аспан әлемін және жерді жаратқан әрі оларды жаратқан уақытта еш шаршап-шалдықпаған Алланың, өлілерді қайта тірілтуге құдіретінің толық жететінін (ақыретке сенбейтіндер) көрмейді ме? Иә, Ол әр нәрсеге толық құдіретті»,[3]

«Көк әлемін және жерді жаратқан Алланың олардың ұқсасын жаратуға құдіреті толық жетеді емес пе? Әрине, толық жетеді. Ол – (әр нәрсені) толық білетін жаратушы»,[4]

«(Ей, қайта тірілуге сенбейтіндер! Ойланып ақылға салыңдар!) Сендерді қайтадан жарату қиын ба? Жоқ әлде аспанды ма? (көз салып, қараңдаршы) Алла аспан әлемін қалай мықты етіп жаратты»,[5] – делінген.

Яғни, мына таңғажайып үйлесімді жүйемен әрі дәлме-дәл есеппен істеп тұрған ұшы-қиыры жоқ аспан әлемін, жымыңдаған жұлдыздарды жаратқан Алла Тағала үшін өлгеннен кейін адам баласын қайта тірілтудің еш қиын еместігіне назарымызды аударады. Иә, осыншама миллиардтаған галактикалар мен сансыз жұлдыздарды жаратып, оларды бір-бірімен қақтығыстырмай, белгілі бір жүйемен ғасырлар бойы ұстап тұрған Құдіреттінің, әлбетте, адам баласын қайта тірілтіп, жан беруге құдіреті толық жетеді.

Пайғамбарымыздың дәуірінде де өлгеннен кейін қайта тірілуге сенбейтіндер болатын. Бір күні Убай ибн Халаф Алла елшісінің (с.ғ.с.) жанына келіп, қолындағы шіріп кеткен бір сүйекті ұстап тұрып келеке еткен сыңаймен былай деді:
– Сен сонда мына атам заманда шіріп кеткен сүйекті Алла тірілтеді дейсің бе?
Алла расулы (с.ғ.с.):
– Әрине, оған жан беріп тірілтеді әрі сені тозағына салады, – деп жауап берді.
Осы оқиғаға байланысты «Ясин» сүресінің төмендегі аяттары түсті:

«Адам баласы біздің оларды бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сөйте тұра ол бізге ашық дұшпан болды. (бір тамшы судан) Қалай жаратылғанын ұмытып, бізге былай деп мысал келтірді: «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» Оларға: «Оларды әу баста кім жаратса, қайтадан тірілтетін де Сол және де Ол барлық жаратуды біледі де», – деп, кеше мен бүгіннің адамдарының қайта тірілуді жоққа шығару барысында келтірген дәлелдері мен күмәндарына назар аударып, олардың келтірген айғақтарының қисынсыз екенін көрсетеді.

Осыдан 100 жыл бұрын жер бетінде қайсымыз бар едік? Бәріміз жоқ емес пе едік? Солай бола тұра адам баласы өзінің бір тамшы судан жаратылғанын қалай ұмытады? Өзін жоқтан жаратқан Раббысының қайта тірілтетініне қалай күмән келтіреді?

Қол сағатын алғаш тауып, жасаған шебер адам бізге: «Мына сағатты қазір бұзып, қайтадан жасауға ілімім әрі қабілетім толық жетеді» десе, еш күмәнсіз сенер едік. Ал, енді біздерді жоқтан тіршілік бетіне шығарған Ұлы Жаратушымыздың бізді өлтіргеннен кейін қайта тірілтетініне қалай сенбеске?!

Кез келген адам баласы көзді ашып жұмғандай тез өте шығатын мына өмірге қанағаттанбайды. Оның рухы да, жан дүниесі де мәңгілікті аңсайды. Адам баласының жан дүние-рухын мәңгілікке құштар етіп, бақи өмірге деген ынтық сезіммен безендіре жаратқан Алла, әлбетте, оған аңсап, армандап тілеген мәңгілік бақи өмірін береді. Олай дейтініміз, Жаппар иеміз егер адам үшін мәңгілік өмірді жаратпайтын болса, оның тулаған жүрегіне мәңгілікке деген құштарлық сезімін де бермес еді.

Егер ақырет болмаса, бұл ғұмырда көрініс тапқан Ұлы Жаратушының махаббат шуағының мәні қалмай, мейірімділік – зұлымдыққа, махаббат – дұшпандыққа, ләззат – өкінішке айналар еді. Себебі, адам бұл дүниенің фәни ләззаттарымен, өтпелі рахатымен, Ұлы Жаратушысының мына дүниемен шектеулі уақытша махаббатымен қанағаттанбайды. Ол мәңгілік ғұмырды, шынайы бақытты, шексіз мейірімді қалайды.

Ұлы Жаратушымыз мына дүниеде-ақ қайта тірілудің сансыз үлгілерін жаратып, сана иесі адам баласына қайта тірілтудің оңай екендігін көрсетуде. Иә, толғанып, ғибрат алмақ ниетпен пікір етсек, әрбір көктем қайта тірілудің дәлелі емес пе? Көктем қайта тірілудің сансыз үлгісіне толы. Жазда жап-жасыл болып жайқалып, күзде жеміс-жидегін шашу етіп шашқаннан кейін барлық өсімдік әлемі адамның қартайған шағындағы шаштарының ағарғанындай жапырақтары солып, сары алтынға боялып, біртіндеп төгіліп, өздері қурай бастайды. Қыс келгенде бейне бір өлімге ұшырап, аппақ қардың астында қалады. Тіршіліктерінің тынысы байқалмайды. Міне, өсімдіктердің қыстағы осы өлі қалпынан кейін оларды көктемде көрсеңіз ғой. Көктем келіп, күн нұрына малына бастаған шақта күллі өсімдік әлемі әп-сәтте бүршік атып, гүлдерін ашып, жап-жасыл болып жайқала түседі. Көктемде айналаңа қарасаң, өзіңді еріксіз қайта тірілгендей сезінесің. Иә, қысқы өлімнен кейін өсімдік әлемін, мыңдаған жәндік түрлерін қайта жер бетіне шығарған Ұлы Жаратушымыз адам баласын да өлім қысынан кейін қайта тірілтеді. Себебі адам өсімдіктен де, шыбын-шіркей, жәндіктерден де маңызды әрі мағыналы.

Күзде топыраққа түсіп көмілген әр түрлі дәндер мен дақылдарды шіріді, бітті, өлді деп ойлаймыз. Алайда ол көктемде алғашқы кейпінен де керемет түрде қайта тіріліп, қара жерді қақ жарып шығып, жайқала өсіп, жер бетін жасыл реңімен бояп тастайды. Тіпті біреу болып өледі, бірнеше болып тіріледі.

Аллаһ тағала Құранда: «Оның (құдіретін көрсететін) дәлелдерден бір дәлел мынау: Сен жерді құрғап, (Алладан медет сұрап тұрған адамдай) басын иген күйде көресің. Бірақ Біз жаңбыр жауғызған сәтте жер беті құлпырып, көпси түседі. Міне, құрғақ жерді осылай кім тірілтсе, өлілерді де Сол тірілтеді. Өйткені Оның әр нәрсеге құдіреті толық жетеді»,[6] – деп өлілерді тірілтетін шексіз құдіретіне назарымызды аударады.

Топырақ астында шіріген дән-дақылды көктемде қайта тірілткен Алла, өзінің жер бетіндегі халифасы адам баласын да қабірде шірігеннен кейін көктем тәріздес Хашыр күні қайта тірілтеді.

Алла Тағала – күллі әлем мен жалпы жаратылыс атауына салтанатты патшалығын құрып, әр нәрсеге өзінің үкімін қабылдатып, билігін жүргізуші әділетті Ұлы Патша. Құдіреті шексіз Ұлы Патша, өзінің бұйрықтарына қарсы шығып, ел ішіндегі әлсіздердің ақысын жеп, зұлымдыққа белшесінен батып, тайраңдап жүргендердің тиісті жазасын беріп, олардан әлсіздердің ақысын алып, иелеріне қайтармауы, әлсіз құлдарының мүддесін қорғамауы мүмкін бе? Залымдардың істеген істерінен есеп алмастан, оларды жауапқа тартпастан жібере салса, бұл ісі Оның салтанатты патшалығы мен әділетті билігіне әрі шексіз құдіретіне жарасар ма еді? Ал зұлымдық, әлсіздік сияқты нұқсан сипат – мейірімі шексіз Ұлы Жаратушыға жат сипат. Осылай бола тұра Алла Тағала мына жалған дүниеде залымдардың тиісті жазасы мен жақсылардың ізгі істерінің қарымын толық мағынада бермеуде. Демек, сынақ үшін жаратылған мына уақытша дүниеден кейін ақыретте үлкен сот болмақ. Бұл соттың әділетті төрешісі Ұлы Жаратушымыздың өзі болып, сол жерде бәріне тиісті бағасы берілмек. Ендеше, барлық кемелдіктің шынайы иесі, патшалардың патшасы – Алла Тағала жақсыларға сауабын сыйлап, жамандарға азабын беріп, әділеттілігі мен шексіз құдіретін паш етуі үшін ақыретті жаратып, үлкен сот құруға тиіс. Иә, Алланың шексіз құдіреті мен қара қылды қар жарар әділеті ақы-ретті, үлкен есеп күнінің жаратылуын қалайды.

Ұлы Жаратушымыз Құран кәрімде: «Қиямет күні әділдік таразысын құрамыз. Ол жерде ешбір жан әділетсіздікке ұшырамайды. Істелінген іс бір хардал дәнінің салмағындай болса да, оны таразыға әкеліп тартамыз. Есеп алушы ретінде біз жеткіліктіміз»,[7] – деп бұл дүниеде істеген әрбір ісіміздің ақыретте әділ таразымен тартылатындығын білдіреді.

Иә, ақырет сияқты екінші бір дүние жаратылмаса, мына дүниедегі көптеген түйіні қиын сауалдар жауапсыз қалмақ. Мына дүниеде сезіліп, байқалған көптеген әсем мағына баянсыз кетіп, күллі жаратылыс бейне бір мағынасы аяқсыз қалған түсініксіз кітап болмақ.

Осы орайда оразаның да ақыретке деген иманмен тікелей қатысы бар. Біз оразаның пайдасын я сауабын бұл дүниеден күтпейміз. Ақыретке деген иман күшейген сайын мұсылмандардың бес парызға деген ыждаһаттылығы да арта түспек. Алла Тағала бір құдси хадисте: «Мен ізгі құлдарыма ақыретте бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің ой-қиялына келмеген небір сый-сыяпаттар әзірледім», – дейді. Райян қақпасынан жұмаққа кіретіндердің де ораза ұстағандар екенін айтуда. Ендеше, оразаны өз кемелдігінде ұстай білудің ақыретке иманмен байланыстылығын білген жөн. Бар ісін, ғибадат, құлшылығын бір Алланың разылығы үшін істеу, сый-сауабын ақыреттен күту – шынайы мұсылманшылықтың белгісі.

Қайрат Жолдыбайұлы

 


[1] «Мутаффифун» сүресі, 12-аят.
[2] «Мутаффифун» сүресі, 13-аят.
[3] «Ахқаф» сүресі, 33-аят.
[4] «Ясин» сүресі, 81-аят.
[5] «Назиғат» сүресі, 27-аят.
[6] «Фуссилат» сүресі, 39-аят.
[7] «Әнбия сүресі» сүресі, 47-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру