Өткен өмірге есеп беріп жүрміз бе?

03 наурыз 2021 4605 0
Оқу режимі

Өміріміз ағын судай тез өтіп бара жатыр. Қамшының сабындай қысқа ғұмырымыз қалай өтіп жатқанына аз да болса назар салдық па?        

Мұхаммед ибн Уасиғ деген кісіден: «Қалай таң атырдыңыз?» – деп сұрағанда, «Күн өткен сайын ақыреті жақындап келе жатқан кісінің жағдайы қандай болуы мүмкін?» – деп жауап берген екен.

Дәуіт әт-Тайи: «Күндіз бен түн ақырет жолындағы аялдамалар іспетті. Адамдар сол аялдамаларда алма-кезек тоқтап, сапарларының соңына да жетеді. Олай болса, қолыңыздан келгенше аялдамаларыңыздан азық жинауға тырысыңыз», – дейді.

Ертеде өткен ғалымдардың бірі досына былайша хат жазған екен: «Ей, досым, сен бұл дүниеде мәңгі қалуды ойласаң, жаңылысасың. Сен әрқашан әрекет етудесің, сол әрекеттер сені өлімге қарай жетектеуде. Өлім сені күтіп тұр, ал дүние болса, сені сол өлімге беруге қазір-ақ әзір тұр. Әрбір өткен күндерің саған қайтып келмейді. Иә, өткен күндерің бұл дүниеде қайтып келмейді, ал қиямет күнінде қайтып келетінін ұмытпа».

Шынымен де өткен күндерімізбен қайта қауышатын күн келгенде, қандай күйде боламыз? Балалық пен жастықтың, алдын-артын аңдамаған албырт шақтың шылауында өткен күндеріміз ақыреттің күнінде қайта келіп, жағамызға жармасса, қай бетімізбен жауап береміз? Қай жасаған амалымызды алдына тартып, шыбын жанымызға араша іздейміз? Осы жайында ойланып көрдік пе?

Қияметтің күнінде адам баласы бес нәрсеге жауап бермей тұрып, бір қадам да қимылдамайтыны турасында хадис бар. Олардың ішінде екеуінің әуелгісі – өмірін қалай сүргені болса, екіншісі – жастық шағын қалай өткізгендігі. Тұтастай адам ғұмырының ішінен жалынды жастық шағының жауабы бөлек берілерін ескерсек, қымбатты замандастар, өткен өмірімізді қалай өткіздік, алда қандай жоспарларымыз күтіп тұр? Сол жоспарлар білімсіздік деген қараңғылықтың құрсауынан құтылуға бағытталған ба, әлде көптеген адамдардың өткізіп жатқан өмірі сияқты құлқын құртын тойындырудан ғана (құр босқа ішіп-жеу мен ұйқыдан ғана) тұра ма?

Ал, енді жасы жер ортасына жақындап, болмаса қарттықтың ауылына таяу қалғандарды қандай ой толғандырмақ?! Биікке шыққан адамның бұрылып соңына көз тастағаны секілді өткен өміріне деген өкпесі мен сүйініші де сүзіліп шықпай ма сондайда? Өткен өмірінде қолын мезгілінен кеш сермеп, өкініші кетпей жүргендерге игіліктің ерте-кеші болмайтыныны білген абзал.

Шибли әл-Мәкки деген кісі жасы 50-ден асқанда ілім талап ету жолына ынта-шынтасымен берілген. Ал Әбу Наср Таммор деген кісі 60 жастан асқан соң барып қана білім іздеу жолына бас қойса да, талай дүниелер жазып, өзі өмірден өткенімен өшпес өнегелер қалдырған.

Хасан Басри (р.а): «Ей адам баласы, әрине, сен көптеген күндерден тұрасың. Егер бір күнің өтсе, сенің денеңнің бір бөлшегі де сол күнмен бірге кетеді», – деген екен. Қанша күніміздің қалғаны тек құдіретті Аллаға аян. Жаратушының берген қысқа ғұмырын сауап амалдарға толтырып, екі дүниеде де бақытқа жететін құлдарынан етсін деп тілейміз.

Айбек Шегебай

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру