ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ – ЖАРАТҚАНҒА ҚАРСЫ ШЫҒУ

05 желтоқсан 2023 2147 0
Оқу режимі

Жаратушы Раббымыз мына əлемді ешқандай ақаусыз, керемет үлгіде жаратқан. Осы жаратылыс атаулының ішінде адам баласын ең ардақты етіп жаратқанын Құран Кəрімде былай баяндаған:

«Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ оларды құрылықта да теңізде де көліктендірдік. Əрі оларды жақсы нəрселермен қоректендірдік. Һəм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық» (Исра сүресі, 17/70-аят)

Алайда адам баласы өзінің қадір-құрметін, өмірлік мақсатын түсінбеудің салдарынан абыройын түсіріп, аянышты жағдайларға жол береді. Тіпті ең сорақысы өз-өзіне қол жұмсап Алла берген аманатқа қиянат жасайды. Ендеше, өз-өзіне қол жұмсау, яғни бүгінде суицид деп аталып жүрген ұғымға Ислам тұрғысынан қарап, бағамдап көрейік.

Өмір бар жерде өлім бар, өмір – сынақ. Сынақ өмірде адам баласы түрлі жағдайлармен сыналатыны талассыз. Сондықтан да өмір тынымсыз күресуді талап етеді. Бұл ақиқатты Құранда былай баяндайды: «Ол өлім жəне тіршілікті сендердің қайсыларың ізгі іс жүзінен жақсырақ екенін сынау үшін жаратқан. Əрі Ол – аса Үстем, ерекше Жарылқаушы». (Мүлік сүресі, 67/2-аят)

Алайда бүгінде өмірдің сынағынан сүрініп, дұрыс таңдау жасай алмай өз-өзіне қол жұмсап өмірін үлкен өкінішпен аяқтап жатқандардың саны күрт өсті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметі бойынша, 5 пен 14 жастағы балалар арасындағы суицид бойынша біздің ел қауіпті бестікке кіреді екен. Соғыссыз, не бір табиғи апатсыз жұрттың жаппай қырылуына не себеп?

Адамдарды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін факторларды мамандар былай тізбек береді; ол - медициналық (психикалық ауытқу), рухани дағдарысқа ұшырау, мазасыздық, терең созылмалы күйзелісте жүру, жалғыздық, шешімі жоқ болып көрінген басындағы қиындықтары: өмірдің мəнін жоғалту, шарасыздық, қысым көру, қарызға кіріп шыға алмау.

Əрине өз-өзіне қол жұмсау түсінген адамға барлық қиыншылықтан құтылу, мəселені шешу емес, бəлкім мəселені одан сайын ушықтыруға жатады. Сондай-ақ бұл Алланың берген аманатына қиянат жасап, күнəнің үстіне күнə жамап, тығырыққа тіреудің тəсілі ғана.

Исламның бекіткен құқық пен міндеттеріне қайшы келетін өз-өзіне қол жұмсау - үлкен күнə. Жазықсыз адамды өлтірудің алдын алған Ислам діні, өз- өзін өлтіруден де тыйған: Алла тағала бұған байлынсты ескертуді қасиетті Құран Кəрімнің төмендегі аятында келтірген: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» (Ниса сүресі, 4/29-аят).

Адамға өмір сүру құқығын Алладан басқа ешкім де бере алмайды. Олай болса жанды тек қана Алла алуға тиіс. Бұл жайт Құранның бірнеше жерінде баяндалады: «Күдіксіз біз тірілтеміз де өлтіреміз». (Хижр сүресі, 15/23; Қаф сүресі, 50/43-аят; Нəжім сүресі, 53/44-аят) Ендеше адамның осы құқығын ешкімнің де алуға құқығы жоқ. Сондықтан да бұл құқыққа қол сұққандар кəнілі деп есептеледі.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) тарапынан да өз-өзін өлтіру, өлімге құштарлық танытуға қарсы бірқатар хадистер жеткізілген. Əнəс (оған Алла разы болсын) былай деген: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын): «Сендердің біреулерің басына келген бақытсыздықтан өзіне өлім тілемесін. Ал егер міндетті түрде олай істегісі келсе: «Иə, Алла! Егер маған өмір хайырлы болса, мені тірі қалдыр. Егер маған өлім хайырлы болса мені өлтір»,-десін. (Бұхари, Муслим.

Дерт болса міндетті түрде оның дауасы болады. Жоғарыда келтірген өз- өзін қол жұмсаудың себептеріне қарап, жалпылама мынадай қорытынды жасауымызға болады; Бұл - өмірге деген таным-түсінік, көзқарастың қалыптаспағаны, келте пайым, шолақ ойдың салдары. Мəселеге жан-жақты қарай алатын, өресі кең, өмірге деген парасат-пайымы жоғары, тəжірибелі, мəдениетті жанның мұндай қадамға баруы екі талай.

Ислам діні адамға адамдық қалпын сақтауды үйретеді. Бұл - өмірге келудегі негізгі мақсаттың бірі. Алладан түскен ақиқатты жете түсініп, адамдық аттың мəні мен мағынасына үңіле білген Абай Құнанбай бұл жайлы былай дейді:

Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла,

Пендесіне қастықпен кінə қойма.

Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

Өзінің барша жаратылыстың алдында ардақты екенін білген адам баласы

ешқашан абыройын түсіретін амалға бармай, алдына арман-мақсат қойып Алланың өлшемдерінен шықпай алға ұмтылады. Мұндай құлдарына Құранда былай сүйіншілі хабар берілген:

«Сондай бұттан, оларға табынудан аулақ болғандар, сондай-ақ Аллаға ынтамен бой ұсынғандар, олар үшін қуаныш бар. Сонда құлдарымды сүйіншіле. Сондай сөзге құлақ салып, сонда оның ең көркеміне ілесетіңдер, міне солар, Алла өздерін тура жолға салғандар. Ал міне солар, ақыл иесі». (Зүмəр сүресі, 39/17-18-аяттар)

Келесі бір аятта былай баяндалады:

«(Ей, Мұхаммед с.а.у.) Тəубе етушілер, құлшылық қылушылар, мақтаушылар, ораза ұстаушылар, рүкүғ қылушылар, сəжде етушілер, жақсылыққа бұйырушылар, жамандықтан тыюшылар жəне Алланың шектерін қорғаушылар осы мүміндерді сүйіншіле» (Тəубе сүресі, 9/112- аят)

Ақын Мұқағали Мақатай өмір атты майданда қиыншылыққа қарсы күресіп, мойымау керектігін былай жеткізеді;

Қатыгез қайсыбір сағатта

Өмірді келеді тастағың.

Сонда да үмітті жоғалтпа

Қаралы күндерден қашпағын.

Сабыр ет, тоқтау қыл, шеше біл,

Тағдырың улы оғын жолдаса.

 

Өзің-ақ ойлашы, несі өмір

Қуаныш, қайғысы болмаса.

Қай жерде тіршілік өмір бар,

Сол жерде қуаныш, қайғы да.

Болса да алдың - құз, артың - жар,

Төзе біл, өмір сүр, айныма.

Сынақ əлемнің сəтсіздіктерін бақытсыздыққа балап,

«Көп көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,

Қайтпады деп,

Жұртқа еткен жақсылығың.

Сен жыладың,

Бір қатты соққы алдым деп,

Бақытсыз болып қалдым деп, - салы суға кетіп, үмітсіздікке түскен жанға ақын М.Шаханов «Жігерлендіру» атты өлеңінде өмір сүруге деген құштарлығын оятып, ерекше жігер береді:

Жігітке арман жеткізіп пе еді,

Өз сорын өзі жеңбесе.

Өмірдің барлық сəтсіздіктері

Бақытсыздық емес, ендеше!

Иə, мəселені өлім арқылы шешіп құтыламын деп, оқыс қадамға бару саналы адамға тəн амал емес. Ендеше өмірден түйгені мол орыстың заңғар жазушысы Л.Толстойдың «Əрбір сүрінгеніңді бақытсыздық деп санама. Бəлкім, сенің шын бақытың сол жерден басталар...» деген сөзіне орай, Алла əрбір сəтсіздіктен бақыт іздеп, өмірде із қалдыратындай ғұмыр кешуді баршаға нəсіп етсін!

Ескендір Хакимұлы

«Ырыскелді қажы» мешітінің ұстазы

Пікірлер Кіру