ПЕНДЕ БОЙЫНДАҒЫ ЕКІ ТҮРЛІ БОЛМЫС

09 тамыз 2024 1475 0
Оқу режимі

Кезінде біз пақырды қазан секілді ыдыстың ішіне орналастырылған маймылға жүргізілген тәжірибе екіұдай күйге түсіріп еді. Естеріңізде болса, жаңағы маймыл мен баласы бар темір ыдыстың астынан от жағып, қыздыру нәтижесі былай болады: басында баласына қаморлық жасап, қолына алып барынша шыдаған маймыл, ең соңында, темір қызуы қаты күшейгенде: өз баласын табанының астына қойып басып алады.

Бұл мысал адам баласының ақыреттегі жағдайын сипаттау үшін айтылатын еді.

«Торғай: жаңбыр жауса – балапанын қорғайды, тасбұршақ жауса – өз басын қорғайды» деген мақал бұл ойды нақтылай түсуші еді…

Кейін, авторын білмедім, жапон суретшісінің қайнап жатқан қазандағы әке мен бала бейнеленген туындысын көріп, тұңғиық ойға кеткеніміз бар-ды. Ол суретте: қайнап жатқан майға батып-жұтылып бара жатқан әке қос қолымен құлынын төбесіне көтеріп, есін жоғалтқанға дейін ұрпағын сақтау қамында жанталасып жатқан сәті бейнеленеді.

 Қарап отырып бойың шымырлайды!

Адам рухының қайсарлығы мен қасиеті алдында басыңды иесің!

Енді осы санадағы екі бейне мен екі түсінік-танымды безбенге салсақ, мынандай түйін шыққандай: болмысын нәпсісіне байлаған, өзін нәпсілік сипатпен теңгерген (тәнін алдыға шығарып, өзін нәпсісімен идентификациялаған) пенде өз амандығын бірінші орынға қояды екен;

 ал болмысын асыл рухымен байланыстырған, өзегін ар-иманына байлаған адам адамдық борышын атқаруды кеудесінен жаны шыққанша жалғастырады екен…

 Иә, қарақан басын құтқару үшін баласын табанға салу – маймылдың ісі!..


Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 


 

 

Пікірлер Кіру