ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

20 қараша 2023 2344 0
Оқу режимі

Періштелер неге көзге көрінбейді, олардың болмысы қандай? Бұл жайында Құран мен хадистерде не айтылған?

Бір хадисте былай делінген:

«Періштелер нұрдан, жындар түтінсіз оттан, ал адамдар болса Құрандағы сендерге айтылған нәрседен (балшықтан) жаратылған».

Демек, періштелер нұрдан жаратылғандықтан көзге көрінбейді. Сонымен қатар адам баласының көру мүмкіндігінің шектеулі екендігі де белгілі. Тіпті біз өз болмысымызды да, рентген секілді түрлі сәуелерді де жалаң көзімізбен толықтай көре алмаймыз. Сондықтан періштелердің жаратылысын, олардың көзге көрінбеу ерекшелігін өзіміздің шектеулі мүмкіндіктерімізбен бағамдап олардың бар екендігіне күмән келтірудің аса орынсыз екені хақ.

Көз көп нәрсені көре алмағанмен кейбір нәрселердің шүбәсіз бар екеніне сенетін қаншама нәрсе бар. Мәселен адамның ақыл-ойы, рухы т.б. Демек көздің көру аясы шектеулі. Оның көре алмаған нәрселерін жоққа шығара алмаймыз деген сөз.

Періштелер – пәк жаратылыстар, оларда күнә атаулы, тәкаппарлық, реніш тәрізді пенделік қылықтар болмайды. Бар міндеттері – Алланың әмірлерін мүлтіксіз орындау. Олар әуел баста, қандай мақсатпен жаратылған болса, тек соны ғана атқарады. Яғни олар, басқа жаратылыстар тәрізді Аллаға құлшылық етіп, Оның әмірін орындайды және ешқандай астамшылық әрекеттерге бармайды. Бұл жайлы Құранда: «…Олар Алланың бұйырған нәрселеріне қарсы шықпайды және не бұйырылса соны қалтқысыз орындайды», – делінген. Бұл – періштелерге тән ұлық қасиет.

Періштелердің рухани дәрежесі де тұрақты. Олар ғибадат барысында рухани ләззат алатын Алланың таңғажайып жаратылысы. Бұл ақиқат Құранда:

«…Оның жанындағылар (періштелер) Ұлы Жаратушыларына ғибадат жасаудан паңданбайды және шаршамайды. Олар жалығып, шаршамастан күндіз-түні Алланы пәктейді»,– деп баяндалады. 

Кейбір періштелер жердегі көркем сөздер мен амалдарды Алла Тағалаға жеткізіп отырады.

Періштелерге аспан мен жердің арасын көзді ашып-жұмғанша аралап шығу ешбір қиындық туғызбайды. Құранда Алланың құзырына (Аршына) періштелер мен рухтардың бір-ақ күнде (ол біздің жыл санауымызбен елу мың жылдық қашықтық) шығатындығы айтылады.  

Бұнымен қоса Алланың ұлылығы мен тылсым сырларын, басқа да сипаттарын періштелер адамдарға қарағанда әлдеқайда артық біледі. Бірақ, бір қызығы, адамның деңгейі мен мәртебесі періштеден бір саты сонда да жоғары тұрады. Неге? Өйткені жоғарыда айтып өткеніміздей періштелердің дәрежесі тұрақты болғандықтан не артып, не кемімейді. Сонымен қатар оларда нәпсі болмайды. Ал адам баласына мәңгілік өз нәпсісімен күресу тән. Нәпсісін толықтай тізгіндеген жандардың ғибадатта періштеден де биік деңгейге жету мүмкіндігі бар. Егер пенде Алланың илаһи әмірлеріне мойынсұнбай нәпсінің жетегінде кеткен жағдайда дәрежесі құлдилап хайуаннан да төмен болмақ. Бұл мәселенің мәнін Құран кәрім:

«Расында адам баласын көркем бейнеде жараттық. Сосын оны төмендердің ең төменіне тастадық. Бірақ иман келтіріп, салихалы амал жасағандар басқа. Оларға түгесілмейтін сыйлық бар», – деп ашады.

Адам үнемі жүріс-тұрыс, мінез-құлқын әсемдеп жақсылыққа ұмтылуы керек. Бойындағы пасық мінездерден арылып, жүрегіне жақсылықты ұялата білген адамның Алланың алдында жүзі жарқын болады. Ал нәпсінің құлына айналғандар екі дүниеде де жақсылық көрмейді.

 

Қалмахан Ержан

 

 

Пікірлер Кіру