«ҚАДІР» СҮРЕСІНІҢ ТӘПСІРІ

Жылына бір рет Рамазан айында келетін қасиетті қадір түнінің рухани салмағы орасан зор екені көпшілікке аян. Әйтседе, қалың бұқара қасиетті кешті ерекше ілтипат көрсетіп, ұлықтағанымен, Қадір түнінің тарихы мен мән-мағынасына терең үңіле бермейді. Алла Тағаланың кәләмі Құран Кәрімде қасиетті кеш хақында «Қадір» сүресінің бар екені белгілі. Ендеше, таным-түйсігімізді арттыру мақсатында осы сүренің түсіндірмесіне бір шолу жасайық.
«Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік».
Біз осы мұғжиза Құранды қадірі мен беделі үстем бір түнде түсірдік. Құранда осы қасиетті кітаптың рамазан айында түскендігі жайлы былай делінген:
«Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай».
Ал Құранның Рамазан айының ішіндегі Қадір түнінде түскендігі жайында «Қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген:
«Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік».
Ибн `Аббас (р.а.) былай деген: «Алла Тағала Қадір түні Құранды толығымен және бірден «сақтаулы тақтадан» (ләухул-махфуз) «бәйтул-иззаға» (Ұлылық үйі) деп аталатын көктің астыңғы қабатындағы орынға түсірді. Ол жұлдыздар бататын жерде орналасқан еді. Ал бұдан кейін Алла Құранды Өзінің Пайғамбарына(Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)Жәбірәйіл (ғ.с.) періште арқылы бөлек-бөлек (түрлі жағдайларға байланысты) жиырма үш жыл бойы түсірді» («Тафсир әт-Табари» 2/144, «әл-Мустадрак» әл-Хаким 2/530 және «Тафсир Ибн Касир» 4/685. Хабардың сенімділігін имам әл-Хаким, хафиз Ибн Хаджар растаған). Сонымен қатар Құранның Қадір түнінде түсірілуі, дәл сол түнде түсіріле бастады деген мағынаны да береді. Өйткені, уахи алғаш рет Қадір түнінде түскен.
Басқа бір аятта Алла Тағала бұл жөнінде былай деді:
«Айқын Кітаппен ант! Шын мәнінде оны құтты бір кеште түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айрылады. Бұл өз қасымыздан бір бұйрық. Расында елшілерді жіберушіміз»[4].
«Қадір түнінің не екенін білесің бе?».
Қадір түні деген не? Қадір түнінен сен нені ұқтың? Бұл жерде сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатымен айтылған. Яғни, қандай түн екендігін білдірмесек, оның қадірін біле алмас едің. Бірақ, оның қадірін де Біз білдірдік.
[4] Духан сүресі, 2-5 аяттар.