«ҚАДІР ТҮНІ МЫҢ АЙДАН ДА ҚАЙЫРЛЫ»

Сол түні жасалған амалдар мен құлшылықтар және Хақ Тағаланың ризалығын алу жолындағы өзге де амалдар, Қадір түні болмаған мың айда жасалынған амал, сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ.
Құран-Кәрімнің бұл аятының Хақ Елшісі ﷺ-ға қалай паш етілгендігі хақында Ибн Әбу Хатм, Жүніс Али Ибн Үрбенің мынандай риуаятын алға тартады: «Бір күні Пайғамбарымыз ﷺ Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Алла-Тағаланың разылығы үшін сексен жыл тоқтаусыз жиһад жасағандығын айтады. Оны естіп сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Пайғамбарымыз ﷺ-ға: «Қадыр түнінің не екенін білесің бе. Қадыр түні мың айдан да қайырлы» (Қадыр, 2-3) деген аятты нәзіл етіп, Жебірейіл ﷺ; «бұл сенің үмбетің таңдай қағысқаннан да жоғары» дейді. Пайғамбарымыз ﷺ аталмыш аятты сахабаларға паш еткенде, олардың қуанышында шек болмаған еді».
Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн! Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді[5].
«Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі».
Сол түні жер бетіне Рух пен бірге періштелер түседі. Тәпсіршілердің басым көзқарасына қарай бұл аяттағы Рух – Жәбірәйіл (ғ.с.). Ал кейбір ғалымдар Рухты – өте алып періште деп жорамалдаған. Егер ол көктер мен жерді жұтса, оған бір шайнам ғана болар еді деп түсіндірген.
Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады».
Періштелер мұсылман үмметін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.
«Раббыларының рұқсатымен».
Періштелер Хақ Тағаланың рұқсатынсыз, жарлығынсыз қанаттарын да қимылдата алмайды. Бірақ, бұл жерде осы істің аса маңыздылығына назар аударту мақсатымен айтылған.
«Әр әмірден».
Яғни, сол түні әмір берілген әрбір іс үшін деген сөз. Періштелер тек жақсылық жасап, жамандық атаулыға мүлде жоламайды. Олар жақсылық өлшемінде өмір сүреді. Соны білдіру мақсатымен былай дейді:
«Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады».
سَلَامٌ «Сәләм», яғни, бейбітшілік, есендік, амандық деген сөз. Ол – Хақ Тағаланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға сол түні сәлем беріп тұрады. Өйткені, періштелер түннен бастап, таң қылаң бергенге дейін, топ-топ болып жер бетіне түседі. Әр түскен топ сәлем бергендіктен таң ағарғанға дейін сол түні сәлем берулері толастамайды. Не болмаса, аяттағы «сәләм» амандық, саламат мағынасында берілген. Сол түні жер бетіне зиянды нәрселер түспейді. Түні бойы адамдарға пайдалы нәрселер түспек. Ол түн – амандық түні. Періштелер сол түні ешқандай жамандық пен азап түсірмейді.
«Сол түні таң бозарып атқанға дейін».
Мұнда мұсылманға сол түнді Құранның түсе бастағанын, адамзатты қараңғылықтан нұрға бөлегенін ойлап, шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұғамен өткізуі насихатталған. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):
«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»,– дейді.
Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп сол білгендерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне күш-қайратын жұмсауы қажет. Қадір түнін ғана қадірлеп, сол түнді ұйықтамай өткізіп, басқа түндерде Құраннан тыс ғұмыр кешу қате ұғым болып есептеледі.
[5] http://muslim.kz/kk/article/27-qadir-tuni-qandai-tun.html