ҚАДІР ТҮНІНІҢ БЕЛГІЛЕРІ ЖАЙЫНДА

Әбу Ибн Каъб (р.а.) Пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін айтты:
«Ол күннің таңында күн аппақ болып шығады және сәулелері болмайды»[19].
Ъибада ибн Ас-Самит (р.а.) Пайғамбардың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін айтты:
«Ол түн ыстық та, суық та болмайды. Сондай-ақ ол тыныш әрі бұлтсыз болады. Ол түнгі ай жарық болады»[20].
`Убада ибн Самиттен Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Қадір түнінің белгілері туралы былай деп айтқаны жеткізіледі: «Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн, суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып,таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тиым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді»[21].
Бірақ Рамазанның соңғы он түндерінде Аллаға шынайы ықыласпен және дұрыс құлшылық еткен әрбір мұсылман Қадір түні жасалған құлшылық үшін уәде етілген ұлы сыйын алады, тіпті егер ол оның дәл қай түні өтіп кеткенін білмей қалған болса да!
Иә, шынында да, Қадір түні атына заты сай, адамзат баласының келешегі үшін аса Қадірлы һәм маңызды. Хақ Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көнетін нәпсіні берік сынап, өзінің аса мейірімділігімен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген. Ол даңғыл жол – қасиетті Қадір түні тәубеге келіп, ықыласты түрде кешірім сұрап, жан-тәнімен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үміт артып, Тәңірінің жасыл бақтары бар жұмағына жетелейтін рақым жолы. Лайым, осы жол – барша адамзатқа нәсіп болғай!
[19] Ахмад, Мүсілім, Әбу Дәуд және Ат-Тирмизи жеткізді.
[20] Ахмад жеткізді
[21] Ахмад 5/324. Хафиз әл-Хайсами «Мәжма’у-з-зауаидте» бұл хадистің барлық жеткізушілері сенімге лайық екенін айтқан, ал хафиз Ибн Кәсир иснадын хасан деп атаған. «Тафсир Ибн Кәсир» 4/255.