ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАЙ ТҮНГЕ СӘЙКЕС КЕЛЕТІНДІГІ ТУРАСЫНДА

25 наурыз 2025 409 0
Оқу режимі

Қадір түнінің нақты күні жөнінде ғалымдар арасында көптеген пікірлер айтылған. Алайда олардың барлығы Қадір түнінің Рамазан айының соңғы он түндерінің бірінде екендігіне бірауыздан келіскен.

Ол туралы Әбу Саъид Әл-Худри (р.а.), Алла Елшісінің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін айтты:

 «Оны Рамазан айының соңғы он түндерінің әр тақ түнінен іздеңдер!»[13].

Айша анамыз (р.а.), Алла Тағала оған разы болсын, былай деді: «Рамазанның соңғы он түні кіргенде пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) түндерді (намазда тұруымен) тірілтетін. Отбасын да (құлшылыққа) оятатын. Білегін сыбанып кірісетін еді»[14].

Ғұламалардың негізге алынатын сөзі бойынша, Қадір түні Рамазанның жиырма жетінші түні саналады. Убай ибн Кағб, былай деді: «Аллаға серт! Ибн Масғуд (р.а.) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді жек көрген болатын»[15].

Сондай-ақ имам Ахмад сахих хадисте Ибн Омардан (р.а.) жеткізеді:

«Кім оны іздесе, жиырма жетінші түні күтсін».

Имам Әбу Иса әт-Тирмизи: «Пайғамбардан (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Қадір түні рамазан айының жиырма бірінші, жиырма үшінші, жиырма бесінші, жиырма жетінші және соңғы түніне сай келгені жеткен»[16].

Әл-Музани және Ибн Хузайма сынды имамдар осы тақырыптағы хабарлардың барлығын жинап: «Қадір түні әр жыл сайын ауысып тұрады!»[17], – деген.

Осы пікірді хафиз Ибн Хажар да таңдаған. Ол былай деген: «Ең дұрыс пікірге сәйкес, ол (Қадір түні) Рамазанның соңғы он түндерінің бірі болып табылады әрі тақ түнге сай келеді. Оның үстіне, бұл тараудағы хадистерден анық болып отырғандай, ол  әр жыл сайын әртүрлі күндерге сай келеді»[18].

Қадір түнінің нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) ғана білген. Алайда әр істі белгілі бір хикметпен жаратқан Алла Тағала Елшісіне (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) оны ұмыттырған.

Әбу һұрайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, әлгі уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны Рамазан айының соңғы он күнінен іздеңдер»,-деген.

Ибн Аузағи (р.а.) және Суфян ибн Ғуяйнаның (р.а.) риуаятында: «Ант етемін, мен Қадір түні Рамазан айының жиырма жетісі екенін білемін, өйткені Расулуллаһ(Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бізге сол түні ұйықтамауды бұйырған»,-делінген.

Жалпы алғанда бұл хадистер рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың жиырма жетісінде делінген. Бұл да пенденің Алланың разылығына жеткізетін істерді істеуге, түндерді іздеуге қызықтырады. Алайда мұсылманның тек осы күні ғана сауапты істерді істеп басқа күндерді босқа өткізуге болады деген сөз емес. Ғалымдардың айтуынша, Қадір түнінің нақты күні белгісіз болуының даналығы, мұсылмандар тек осы күнгі құлшылықтарына ғана сенім артып қоймай, Рамазан айының соңғы он түндерінің барлығын құлшылықта өткізулері үшін бұл түнді жасырып қойған. Сондықтан мұсылман баласы барлық күндерін осы қадір түні секілді маңызды санап, дұға-тілекпен, құлшылықпен өткізсе, қадір түнін дәл табуы мүмкін.

 

 

[13] Имам Бұхари 2017, Имам Мүсілім 1169.
[14] Имам Бұхари.
[15] Имам Бұхари, Имам Мүсілім.
[16] «Сунан әт-Тирмизи» 1/372.
[17] «Сахих Ибн Хузайма» 3/329.
[18] «Фатхул-Бари» 4/326.
 

 

Пікірлер Кіру