ҚАСҚЫРДЫҢ АУЗЫ

14 қаңтар 2025 138 0
Оқу режимі

"Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан", - деген мақалды өмірде жиі қолданамыз. Тілімізде қасқырға қатысты бұдан өзге де мақалдар баршылық. Мәселен бірде:

"Адам ойға тоймайды,

Бөрі қойға тоймайды", - десек, тағы бірде:

"Қойға қасқыр шапса,

Ит семіреді", - дейміз.

"Кәрі қасқыр қақпанға түспейді", - деп те қоятынымыз бар.

Егер байыбына барсақ, осы соңғы мақал мен әуелгі мақал мәндік тұрғыда бір-бірімен үндес. Үндес болатыны, негізгі мән қасқырдың өзінде емес, соған баланған адамдарда. Олар: Жемқор басшы; аты әйгілі ұры; бәлеқор; өсекші...

Осылай жалғастыра беруге болады. Бұл - көпшілікті алаңдатқан күмәнді іс-әрекетке жауапты болуы мүмкін "аузы қан" адамдар. Біз: "Қасқырдың қарны тоймайды", - дегенде де қаперге сол адамдарды аламыз. Әйтсе де олар аузының тек жесе ғана қан болатыны белгілі. Бірақ жемеген жағдайда әлгілерді қалайша күстәналауға болады? Жауап айқын. Себебі, сенім жоқ.

Біздің түсінігіміздегі мақалдың мәні негізінен осыған саяды. Алайда көңілде күмән қалмас үшін мәселе мәнін ашып алайық. Ол үшін қораға қасқыр шапқандығы күмән туғызбауы керек. Ондай жағдайда қасқыр аузының қан болатындығын жоққа шығара алмайсың. Ал жемесе ше? Солай бола тұра қасқырға неге кінә артылады? Себебі... Дұрыс. Ол - жау. Оның үстіне қорадағы қой басы күн санап кеміп барады. Соған орай жоғалған мал да қасқыр жеген мал есебіне жатқызылады. Оның аузының барлық кезде қан болатындығы сондықтан.

Адам да сол тәрізді. Бір рет жаман аты шығып қалған соң, тура әлгі қасқыр сияқты желінген де, желінбеген де, ұрланған да, ұрланбаған да, тіпті көзден таса болған нәрсенің бәрі соның атына телініп айтыла береді. Бұл тұрғыда Артур Шопенгауэр:

"Адамның бет келбеті оның аузына қарағанда әлдеқайда көп шындықты айтады. Маңыздысы, ауыз адамның идеясын айтса, бет пішіні оның идеясының мән-мағынасын айтады", - деген екен. Сондықтан да ондай адамдарға қарата Пьер Буаст:

"Адам кейде өзінің сезімдеріне ие бола алмаса да, әрдайым аузына ие болуы тиіс", - деген. Себебі олар еркінсіп кеткен жағдайда Ақан сері айтпақшы: "Ерке ит ауыз жалайдының" керін келтіреді.

Аталарымыз: "Қойдың қарғысы қасқырды қаппайды", - десе де Қадыр ағамыз өзінің "Қасқыр" атты өлеңінде былай депті:

"Қарғысы ма қозы-лақтың ондаған,

Қапылыста қолға түсті оңбаған.

Құлыптаулы темір тордан — қапастан

Қайтып шығу бола қоймас енді оған!

Аузына алмас арыстаның қалдығын

Көкжал еді,

Уақыт одан алды құн.

Тор болмаса,

Селебе тіс — азу тіс

Кім-кімнің де шығарар-ды дал-дұлын!

Ғәріп болып көрінгенмен бүгінде

Қанша күш бар күдірейген түгінде!

Жалт-жұлт етіп

Бір тұтанып,

Бір өшіп,

Кек ұшқыны жатыр көздің түбінде.

Болмағасын өмірдегі дегені,

Бүйрегінен шаншиды ыза тебені.

Сөйте тұра,

Темір тордан көргенде,

Бәрін ұмытып,

Аяп кеттім мен оны.

О, жаратқан!

Желіктірсең желіктір!

Қасқырлармен тек осылай жолықтыр

Кіріптар деп аяғанмен мен оны,

Оның мені жеп қойғысы келіп тұр!".

Көңілде күмән қалмас үшін "Мақалда неге қасқырдың аузы қаперге алынған?" деген сауалға жауап іздеп көрелік. Мәселен, неге арыстан емес? Бұлай десек, әлгі аузы қан ұры-қары мәртебесі асқақтап кетеді. Ал шибөрі мен түлкі негізгі мәнге үйлеспейді. Сондықтан да мақалда қасқыр орынды таңдалған. Себебі, ол - біздің нәпсіміз. Нәпсі ешуақытта бізге, біздің малымызды түгелдеуге қызмет етпейді. Оның аузының барлық уақытта қан болатындығы сондықтан. Ашқарақтығы, тойымсыздығы, бәрінен бұрын адам баласымен ымыраға келмейтіндігі де "нәпсі-қасқыр" болмысын айқындай түседі. Соған орай аталарымыз:

"Ашу ақылдың дұшпаны,

Нәпсі иманның дұшпаны", - деген. "Мешкей қарын тояды, мешкей нәпсі тоймайды, - деген мақал да нәпсінің қасқырға баланатынын аңғартып тұр. Соған орай Әлихан Бөкейханов:

"Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды", - деген.

Рас, аталарымыздан жеткен тағы бір қанатты сөзде айтылатынындай: "Ақылды адам нәпсісін тыя біледі". Бірақ... Ол бірақ жауабына Шәкәрім атамыз жан-жақты тоқталған екен . Ендеше біз де сөз соңын сол өлеңмен түйіндейік:

"Бас көзiмен қарасаң, нәпсi – жалған,

Бiр сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.

Анық ақыл көзiмен қарағанда,

Өзiн берер қалыңға ол қызды алған.

Қылықты қыз сияқты көрiнсе де,

Өлшеусiз сансыз байдан жесiр қалған.

Күнiнде қызыл гүлдей жүз күлсе де,

Сырт айланса, жүрекке жалын салған.

Бас алуға жаралған бiр жәдiгөй

Өткiр қылыш сықылды уға малған.

Өлмей адам осыдан құтылар ма,

Неге қылып жүргемiз өлiмдi арман?

Нәпсi үйiнде байлаулы ынсап жатыр,

Мұның емi – тегiнде, сол босанған.

Сопысынып‚ ақсынып әуре болмай,

Ер болсаң, босатып ал сол зынданнан.

Ақыл, ғылым әр түрлi айтса-дағы

Жиыны осы сөзбен аяқталған".

Құдияр БІЛӘЛ

Пікірлер Кіру