Қазақ елінің қажылық тарихы - 1

06 тамыз 2019 13390 0
Оқу режимі

Мақалада ақын, фольклортанушы, тарихшы М.Ж. Көпейұлының қолжазбаларына сүйене қазақтан шыққан қажылар мен олардың қажылық сапардың парыздарын орындау амалдары, туындаған жол қиындықтары мұрағат және баспасөз материалдарымен байланыстырыла жазылған.

Қазақ қажылық сапарының тарихы туралы деректер қажылыққа барған жеке адамдардың естеліктерінен, жазбаларынан, қажылар туралы қисса-дастан, деректі өлеңдерден, әр кезеңде басылған мерзімді баспасөздегі хабарлама, қажылардың жол жүруге байланысты өтініштері, берілген анықтамалық қағаздары қатталған  мұрағат құжаттарынан тұрады.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басындағы діни жөн-жоралғы жасау мақсатында  Мекке-Мединаны бетке алған алғашқы қажылар туралы деректі әңгімелер, өлеңдер, қисса-дастандар жазу арқылы қазақ қажылығы туралы мол мағлұмат қалдырған. Тарихшылар Е.Бекмаханов, Ә.Марғұлан, М.Қозыбаев Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазба дерегінің маңыздылығына жоғары баға берген.

Мәшһүр Жүсіп қажылыққа байланысты көрген-білген, естігенін қағазға түсіріп отырған. Бұрынғы жазғандарын жаңа деректермен толықтырды. Сиямен жазған қағаздарын «месі» тәсілімен сақтап отырды. Ол жазбаларын Мекке мен Мединеге барып келген қажылардан естігендерімен, ел аузында айтылып жүрген түрлі аңыз-әңгімелерді пайдалана жазды.

Енді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының осы жазбаларына тоқталайық. Қазақ қажылары деген нұсқада мынадай дерек келтіреді: «Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ Нұркен (Нүрикен) бай. Тоқал қатынымен барып, (Семей қаласы, Аякөз, Піскек, Тоқпақ, Ал­маты, Әулиеата, Тәшкент, Бұхар жолымен бірінші үлгісінде қалалар аты айтылады) төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда  аман-есен еліне, жұртына келген.

Сол Нұркеннен соң екінші қажыға барушы – Күлік-Самай сопы. Баянауылда дуан болып, аузы ашылғанда, указ болған ноғай Байжан хазірет екеуі барған. Екеуі де сол жақта өлген. Олардың кеткені жылы қой жылы еді. Мың сегіз жүз елу сегізінші жыл болса керек. Осы сөзді жазып отырған Мәшһүр Жүсіп дәл сол жылы туған бала. Осы күнде жетпіс жаста отыр. Бұл қазақтан үшінші қажыға барушылар: Тобықты Құнанбай, Айдабол Қишыл, Қыстаубайдан бастап көптеген қажыларды атап өтеді де, Орта жүзден жиырма кісі барып­ты. Кіші жүзден табандаған жүз кісі барып­ты. Ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халпе бар дейді. Мұнан бұрын қазақ бүйтіп бас қосып қажыға бармаған екен».

Қазақ  Әнес  сахабадан  өсіп-өнген деген нұсқа көшіріліп әкеліп, жүз жиырма адам арасынан расход шығарып қазақтар түсетін такие салынғанын,қазақтың да ел жұрт екендігі әйгіленгендігін Құнанбай атымен байланыстырған Мәшһүр Жүсіп Құнанбай қажының қажыға барған жылын 1874 жыл, ал қайтыс болған жылын 1885 жыл деп көрсетеді, яғни ол тауық жылы 81 жасында о дүниелік болған. Меккеде Құнанбай қажы салдырған үй жайында мынадай дерек береді: «Бұл Меккедегі тәкие әуел Құнанбай атына жазылған. Арғын атында болғандықтан, Орманшыдан барған Хасен шайхы даулап алған. Онан кейін тоқал Арғыннан Ешмұхаммед даулап алған. Бұл күнде кіші жүз  Досжан қалпе атына жазылып қалыпты» [5, 62-б.].

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ХIX ғасырдың 50-80-жылдары қажылыққа барған қазақ арасына белгілі адамдардың қасына қандай адамдарды ертіп барғандығы жайында да мәлімет береді. «Қазақ шежіресінде» Құнанбай қажының Бәсетин Апайбөрі Құдияр қажы, Алтай Ешмұхаммед қажы және тағы да бірнеше адамды сапарлас қылып алғандығы жөнінде айтылады. Солардың ішінде Бәсетин Апайбөрі Құдияр қажы қажылықтан аман-есен оралып, ұзақ өмір сүріп, елде қайтыс болған екен. Қажылыққа барғандардың арасында Сұлтан қожамен Егізек Жанайдар,олармен Атығай Қожахмет қажының да сапарлас болғандығы айтылады. Қажылыққа Арғынның белгілі Орманшы Хасен шайхы мен тоқал Арғыннан  Ешмұхаммед те Бұхара арқылы барған [6,195-б.]

Құнанбаймен Ақмоладан Аққұм, Қосқопадан Шекшек қажы,  Атбасардан Ейкезек Жанайдар, Есіл бойындағы Құлан қыпшақтан Шонтыбай, Батырқожа  молда балалары, Сілеті бойындағы Қыпшақтан Құрман баласы Хасен қажы, Мамбет Тоқадан Ізден, Сазан ұрпағы Мұхаммедсәлім қажылар дабірге барған.М. Көпейұлы осы барып, тірі қайтып келгендерінің бірсыпырасымен ауызба-ауыз сөйлесіп, қажылықтың мән-жайына қанығып, жазып отырған. Тарихи жазбаларында, дастандарында осы қажылардың көпшілігінің атын арнайы атап, олардың жолда көрген-білгендерін, тындырған істерін баяндауға  тырысады [5,62-б.].

Ол бұл қажылық сапардан аман келген қажыларға шүкір етіп: «Өлмей тірі келгенге сын көп әлі, көбің дерсің бұл сөздің жалғаны жоқ» - деп ескертсе, ал сол жақта қайтыс болған қажының отбасына, ел-жұртына: «Барып сонда өлгеннің арманы жоқ, аяп сонан құдайдың қалғаны жоқ», - деп басу айтқан. 

Алғашқы қажыларға арналған  деректі дастандардың бірі – «Шонтыбай қажы». 1893 жылдың желтоқсан айында  жазылған, шығарманың үш нұсқасы сақталған. Оның бірі 192 шумақ, яғни 768 тармақтан тұратын өз жазбасы болса, екіншісі содан көшірілгендіктен мөлшері де бірдей шәкірті Жолмұраттың көшірмесі. Ал, шығарманың ең толық үшінші нұсқасы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақталған нұсқасы [7, 363-365-бб.].

Бұл дастан негізгі мазмұны Шонтыбай қажының мұсылмандықтың бір парызы қажылықтың алғышарттарын орындауы, жол сапарларында болған түрлі оқиғалар турасында.М. Көпейұлы Шонтыбай қажының ауру-сықаудан аман келіп, қажыға тән ізгі істерді атқарғандығын мадақтайды.

Ұмтылдың дін жолына іштен  туа,  
Періште ғамалыңа болған куә.   
Мақам Ибрахимде намаз оқып,  
Хақы үшін ел- жұртыңның қылдың дуа!

Дін үшін қайрат қылған сіз - бір батыр!   
Талай бай боқ басында өліп жатыр.  
Мүминін мумнат дұғаңыздың,  
Ішінде болдық па екен біздей пақыр?

Қажеке, қабыл болсын бұ қылығың,  
Бұйырған бұл өзіңе халал малың! 
Күнәні ішкі-тысқы кетіруге,   
Суына зәмзәм Шариф шомылғаның! - деп жазған арнауында ол Шонтыбайдың ниеттеніп барған сапарының қабыл болғандығын баяндайды. Бұл сапар барысында қажы «дарбыздан» дәм татамын деп ауруға шалдығып, өңі қашып, қатты қиналады. Онымен барғандар тезірек кері қайтуды ұсынады. Қажы «алған бетімнен қайтармаңдар, жеткен жерім осы болса, оған да көнемін» деп ауырғанына қарамай, Алла Тағалаға сыйынып, сапарын бұздыртпаған екен.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бұл жерде қажылық сапарда небір қиыншылық жағдайлардың туындайтындығын, басына төнген қауіпке қарамастан ниетінен ауытқымай, демі тауысқанша шыдауының өзі Алла Тағалаға деген сенімнің, сүйіспеншіліктің барлығы дейді. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы дастанда қажылық сапарында қайтыс болған қажыларға да тоқталады. Бұлардың арасында Жүніс Естайұлы, Шашке Қабылұлы, Әлібек қажы, Бәйтен Сұңқарбекұлы, Бейсен қажылар бар. Осы жиырма шақты қажыға «Күллі мүмин мұсылман баласынан, Бір дұға қажылардың өлгеніне» деп жоқтау айтады. 

1893 жылғы қажылық мұсылмандар үшін сәтсіз болды.  Осы жылдың сәуір айында Қызыл теңіз жағалауынан келген шегірткелерге бола әлі піспе қоймаған жеміс, көкөністердің базарға ерте шығарылуы, күннің қатты ысып кетуі, 24 мамыр мен 3 маусым аралығында таңғы сағат 9-дан түскі  2-ге  дейін «саммумның» соғуы үлкен қайғы-қасірет әкелгені белгілі. Мәселен, 27 мамыр мен 8шілде аралығында Меккедегі індеттен 50 мыңдай қажы қайтыс болса, 21 ақпаннан бері Ресей мен Бұқара арқылы барған қажылардың түрлі індет пен аурудан 700-дейі көз жұмған. 9 шілде күні Бадр елді мекенінде бәдеуилердің шабуылынан 400 дей қажы өлгені [8, 310-б.]. Осы жайттардың бәрін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы сапардан аман оралған қажылардың аузынан естиді.

Құрманбаева Г.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру