ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШАМАНИЗМ ОРТАЛЫҒЫ ДІНИ ҰЙЫМ БА?

08 тамыз 2024 1386 0
Оқу режимі

Бурятияның «Буряад унэн» сайтының жазуынша, біздің елімізде «Тэнгери» шамандық орталықтың филиалы ашылыпты. Оны еліміздегі кейбір интернет-ресурстар «тәңіршілдер орталығы» деп жазып жатыр. Бұл жаңалықты аталған сайтқа Бурятияның бас шаманы, орталық директоры Заарин Боо Баир Цырендоржиев хабарлапты. Оның айтуынша, Қазақстандағы орталық филиалының жетекшісі Мария Телешевті марапаттаған. «Мария Маманжанқызы Телешев басқаратын «Тэнгэри» орталығының филиалын біздің орталықтың дамуына қосқан үлесі үшін марапаттадық», – депті ол. Одан әрі «Буряад унэн» сайты Қазақстан секілді мұсылман республикасында соңғы уақытта тәңіршілдік белсенді қарқынмен қайта түлеп жатқанын жазады.

 «Соның ішінде танымал қазақстандық дуэт Made in KZ өздерінің осы сенімге табынатындарын бірнеше рет айтқан болатын» дейді. Басылымның жазуынша, «Қазақстандағы рулардың көптеген белгілі әдет-ғұрыптары шамандықтан немесе тәңіршілдіктен бастау алады. Мысалы, жеті шелпек, беташар, сәбиді қырқынан шығару, тұсаукесер, ата-баба зираттарына бару – тәңіршілдік ғұрыптары. Одан бөлек, осы сенімнің аясындағы жеті атаға дейінгі қыз алыспау және табиғатқа залал келтіретін істерді жасауға тыйым секілді өсиеттер заманауи қазақстандықтарға белгілі».

Ал шын мәнінде бүгінгі тәңіршілдік пен бұрынғы Тәңір сенімінің арасында қандай да бір байланыс бар ма? Әлде тәңіршілдік – шаманизмнің бір тармағы ма? Жуырда ғана танымал тарихшы Жақсылық Сәбитов өз сұхбатында бұған қатысты былай деген болатын:

«Қазір кейбір адамдар тәңіршілдік дегенде оны бұрынғы ғұндардың, моңғолдардың, түркілердің, алтайлықтардың, т.б. ежелгі діні деп ойлайды, тіпті солай көрсеткісі келеді. Шын мәнінде аталған тайпалар мен рулардың сенімдері әртүрлі болған. Ол уақыттағы тәңір діні жайында біз өте аз білеміз. Тарихи деректер жоқтың қасы. Ешқандай ескерткіштер де қалмаған, қасиетті жазбалары да жоқ». Сонымен қатар ол қазір кей адамдар исламға қатысты емес салт-жоралғының бәрін тәңіршілдікке теліп жүргенін айтады. «Шын мәнінде олардың шығу төркіні әртүрлі. Мысалы отпен аластау – зороастризмнен келген сенім. Тәңіршілдердің салты деп жүрген кейбір ритуалдардың арасында монихейлік, несториандық наным-сенімдерден, шаманизмнен кіргендері де бар. Исламға дейінгі бабаларымыз Тәңірге сенгені рас, бірақ сол ұстанған діндері қандай болды деген сұраққа нақты жауап жоқ. Сондықтан қазіргі «тәңіршілдік» – сол адамдардың өздері ойдан шығарып жүрген пұтқа табынушылықтың жаңа түрі. Бұндай үрдіс тек біздің елімізде ғана болып жатқан жоқ. Мысалы Ресейде, Германияда, басқа да елдерде ықылым замандағы наным-сенімдерін тірілтуге бағытталған түрлі қозғалыстар бар.

Орыстар арасында славян мифологиясындағы Перун құдайына табынушылықты оятқысы келетін топтар пайда болды. Францияда кельт құдайларын пір тұтатын ағымдар көрініс тауып жатыр. Мұның бәрі бір қарағанда ескіні жаңғырту болып көрінгенімен, шын мәнінде жаңадан пайда болған пұтқа табынушылықтың көрінісі ғана» дейді Жақсылық Сәбитов. Ulysmedia.kz порталының жазуынша, білім беру саласының сарапшысы, кітаптар авторы және кәсіпкер Ғабит Бекахметов Қазақстанда «агрессивті тәңіршілдіктің» таралуы туралы пікір білдірген. «Қазіргі Қазақстандағы ең деструктив идеология – тәңіршілдіктің агрессив формасы. Бұл агрессивті идеология жетістікке жетсе, қазақтар сенімінен, тілінен, бірлігінен айырылады», депті ол.

Ал фейсбук желісінде теолог Жамалбек Дүйсебаев қазіргі таңда Алматыда Ресей мен Украина арасындағы соғыстан қашып келген бурятиялық алаяқ шамандар өріп жүргенін жазады. «Жай жүрген жоқ, діни рәсімдер өткізіп, қатысқан адам басына 120-200 мың теңгеден пұл алып күреп ақша тауып жүр. Инстаграм, тик-токтағы жарнамаға алданған рәсімге қатысуға асыққандар орынға таласып, рәсімінің құнын аспандатып жатыр. Оларды бақылап отырған жан пенде жоқ. Білгенін істеп жатыр еді. Енді ресми түрде орталықтары ашылса, шамандардың адам қабылдау жұмыстары біршама жүйеленіп қалар.

Интернет желісіне кірсеңіз, исламофобия өкілдері діни сезімді қорлау, діни кемсіту мақсатында дайындалған ақпараттарын қарша боратып жатыр. Қоғамға шықсаңыз, шамандары заңсыз миссионерлік пен заңсыз діни рәсімдерімен шұғылданып жүр. Соған қарағанда, заңсыз әрекеттерді тоқтату керек болған жергілікті дін істері басқармалары қорылдап ұйықтап жатқан болуы керек» деп жазады ол. Шын мәнінде, егер ресми түрде шаман орталығы ашылса, ол ең алдымен діни конфессияның бірі деп мойындалуы керек емес пе? Екіншіден діни бірлестік ретінде тіркелуі керек. Содан кейін ғана өздерінің орталықтарын немесе ғибадатханаларын салуға құқылы. Ал бұл «Тэнгэри» орталығының филиалы не болды сонда? Егер олар өздерін дінге қатысымыз жоқ десе, онда мүлдем дін жайында сөйлемеуі қажет және діни рәсім өткізбеуі керек. Бірақ әзірге мұның бәрі еліміздің заңына қайшы болып жаттқандай көрінеді.

 Ресми ақпаратты құзырлы органдар тарапынан күтеміз.

Дереккөз: Казислам.кз сайты

 

Жасұлан БАҚЫТБЕК

 


 

 

Пікірлер Кіру