ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ӨЗ ХИКМЕТІ БАР

23 маусым 2022 8492 0
Оқу режимі

Қажылық – Алланың разылығы үшін орындалатын ұлық құлшылық. Шамасы жететін мұсылман үшін – парыз. Бұл жайында Алла Тағала Құранда былай деген: «Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы» («Әли Имран» сүресі, 97-аят). Аятта айтылғандай, шамасы келетін мұсылман үшін өмірінде бір рет қажылық жасау – оның міндеті. Мұнымен қоса екі дүние сардары әзиз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туып-өскен жерін, Алланың әмірін орындауға шақырған қасиетті аймақты көрудің де сауабы орасан зор.

Бұл жайында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла Тағаланың разылығы үшін қажылық жасаса, жаман сөзден, теріс қылықтардан, күнәлардан сақтанса, анасынан туғандай күнәдан пәк болып үйіне оралады», – деген (имам Бұхари).

Қажылық құлшылығының өзге құлшылықтардан біршама өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Жалпы алғанда құлшылықтар орындалу барысына қарай дене және дүние-мүлік арқылы екіге бөлінеді. Ал қажылық – дене әрі дүние-мүлік арқылы орындалатын ғибадат. Исламда Алла Тағала парыз еткен әрбір құлшылықтың астарында түгесілмейтін өзіндік хикметі, даналығы бар. Сол секілді қажылықтың көптеген хикметі бар.

ИХРАМ – АҚЫРЕТ КЕБІНІ

Қажылыққа барған адам тігісі жоқ киім киеді. Яғни шариғатта көрсетілген «рида» мен «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын ақ матаға оранады. Мұны «ихрам» деп айтамыз. Ихрам тек бөз матаға орану деген сөз емес, ол – тақуалық киімі. Алла Тағала қасиетті Құранда: «...сендер үшін ең қайырлы киім – тақуалық киімі», – деген («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Қажылыққа ниет еткен кісі дүниелік әртүрлі киімдерін, модасын, көрікті әсем бағалы заттарын, әшекейлерін біржолата тәрк етіп, Алланың құзырында қарапайым ақ мата киеді. Бұл – дүниені тәрк етудің көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, ихрам – ақырет кебіні. Өйткені ихрам киімін киген кісіге күнделікті істеп жүрген рұқсат істеріне тыйым салынады.

Ихрам мал-мүліктің, мансап пен байлықтың Алланың құзырында түкке тұрғысыз екенін көрсетеді. Өзінің жеке қалауындағы дүниелік киімдерін ұмытады. Әрбір басқан қадамына мұқият болады. Себебі Алла Тағала: «Қажылық – белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) қажылық жасауға міндеттенсе, әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жасау сынды істерден аулақ тұрсын», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 197-аят).

Сонымен ихрамға оранған қажы «Ләббәйк Алла! Әміріңді орындауға әзірмін. Ләббәйк Алла! Сенің ешбір ортағың жоқ. Ләббәйк Алла! Барлық мақтау Саған тиесілі. Нығмет Сенікі, мүлік те Сенікі. Сенің ешбір ортағың жоқ» деп, барлық ісін шынайы болмысымен, бар ынтасымен атқарады. Бұл – барлық қажылардың ортақ уәдесі.  

АРАФАТ – МАҺШАР АЛАҢЫ

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қажылық – арафат (Арафатта тұру)», – деген (имам Термизи, ибн Мәжа). Арафаттың негізгі мағынасы – ақиқатты білу, тану, түсіну, ұғыну деген сөз. Арафатты шынайы түсінген кісі қажы болады. Оны түсінген ақиқатқа жетеді. Яғни өлгеннен соң қайта тірілуді, маһшарды, қияметтен бұрын күтуді, өлмей тұрып өлуді, есепке тартылмай тұрып, өзін есепке тартуды ойлаған пенде нағыз қажылықтың мәнін түсінеді. Сондықтан ғалымдарымыз «Арафат – әуелі өзін білу, тану» деп айтқан. Ал өзін таныған, тәмсілде айтылғандай, Раббысын таниды. Алланы ұмытқандар, өзін ұмытады. Соның салдарынан Алла оларға ақыретті ұмыттырады. Алайда пенде Арафатта өзін және Раббысын танитын болса, Алланың құзырында сый ретінде танылады.

Қажылыққа барған әрбір ұлт өкілі нәсіліне, мансабына, бай-кедейлігіне қарамастан бір құбылаға бет бұрып, бірдей киініп, біркелкі амалдарды орындайды. Адам баласының бұл дүниедегі дәрежесі қандай болмасын, Жаратушы Алланың құзырында барлығының бірдей құл, пенде екенін аңғарады. Қажылар бір сәтке бар байлығын, күнделікті киімін тәрк етіп, қажылық ғибадатын орындау үшін Минадан Арафат тауына барады. Барлығы бірдей аппақ киімге оранған.

Осы көріністер сырттай қарағанда ертеңгі әрбір адам баласы есеп беретін «маһшар» күнін көз алдымызға әкеледі. Өйткені адам баласы бұл дүниеден тек ақ матаға оранған күйі кетеді. Сол ақ киімімен қайта тіріліп, Алланың құзырында есеп беруге жиналады. Дүниеден озған адамның арманы есеп-қисаптан аман-есен өтіп, жәннатқа жету болса, Арафатқа жиналған адамдардың да мақсаты – күнәсінің кешірілуі. Арафатта мұсылман маһшар күнін еске алады, бір күні өзінің есепке тартылатынын ойлап, сезінеді.  Сондықтан ғалымдарымыз қасиетті Арафатқа жиналған қажыларды маһшар күнінің көрінісі, символы деп сипаттаған.

ТАУАП – ПЕНДЕНІҢ  АЛЛАҒА ДЕГЕН СЕРТІ

Қасиетті Қағбаға жиналған адамдар жеті рет тауап жасайды, яғни айналады. Бұл – қажылық құлшылығының рүкіні. Тауап жасау – намаз секілді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Қағбаны тауап ету – намаз оқу тәрізді. Бірақ тауапта сөйлесе аласыңдар. Кімде-кім тауап кезінде сөйлесетін болса, тек қана жақсы сөз сөйлесін», – деп айтқан (имам Термизи).

Пенде тауап кезінде Алланың құзырында екенін сезініп, Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мен ұлы Исмайылдың (оған Алланың сәлемі болсын) осы Қағбаны қалайша тұрғызып, айналғанын еске түсіріп, дәл солай өзінің бойына иман үйін қайтадан қалауы қажет. Өйткені Қағба – Алланың үйі. Жүрек те – Алланың назар салар орны. Адам баласы Қағбаға қарап, оның ұлылығын тамашаласа, Алла Тағала пендесінің жүрегіне назар салады. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Біліп қойыңдар! Алла сендердің түрлеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды. Жүректерің мен амалдарыңа қарайды», – деген (имам Мүслим).

Тауаптың тағы бір хикметі – Исламдағы ізгі амалдардың барлығы оңнан солға қарай басталса, қажылар қасиетті Қағбаны тауап жасағанда, солдан оңға қарай бастайды. Яғни тауаптың басталу нүктесін көрсететін Қара тасқа сол жақ тұсымен сәлем береді. Мұны ғалымдарымыз жүрек адам бойының сол жағында орналасқандықтан, осылайша бастау алады деген. Қажылар рухтар әлеміндегі құлдық уәдесін, иман сертін Қара тасқа қарап сәлем беру арқылы орындайды. Мұндағы сәлем Қара тасқа емес, ондағы сәлемдесу рухани мағынада.

 

САФА МЕН МӘРУА – ПЕНДЕНІҢ АҚЫРЕТТЕГІ ТАРАЗЫ КӨРІНІСІ

Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың дәуірінен бастау алған бұл төбешіктердің де өзіндік тарихы мен қасиеті бар. Алла Тағала Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға әйелі Хажар мен баласы Исмайылды (оған Алланың сәлемі болсын) Меккеге апарып қоныстандыруды әмір етеді. Ол кезде Мекке сусыз және көлеңкесіз жер болатын. Жаратқанның пәрменіне бойұсынған пайғамбар аздаған азық-түлік қалдырып, оларды Меккеге тастап кете барды. Көп өтпей су таусылады. Аптап ыстықтан шөл қысқан жөргектегі Исмайыл шырылдап жылай бастайды. Жолаушылған жан бар ма екен деген үмітпен жанұшырған Хажар ана Сафа төбесіне бір, Мәруа жотасына бір кезек-кезек жүгіріп, әуре-сарсаңға түседі. Осылайша жеті рет шығып, жеті рет түседі. Бүгінде бұл амал, яғни Сафа мен Мәруа арасында жеті рет жүріп, сағи жасау – үлкен және кіші қажылық жасаушылар үшін уәжіп болды. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында, Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Кім үйге (Кағбаға) қажылық немесе ұмра жасаса, оған екеуінің арасында жүруде ешқандай күнә жоқ. Ал кім (өз еркімен) қосымша бір жақсылық істесе, әлбетте Алла – алғысқа Бөлеуші, бәрін Білуші», – деп әмір еткен («Бақара» сүресі, 158-аят).

Қажылардың мұндағы екі төбеге кезек-кезек жүгіруі – Қияметтегі пенденің уайымдаған ахуалына ұқсайды. Ақыретте есеп берер алдында әрбір пенде оңына бір, солына бір қарап, алаңдайды екен. Яғни таразы басындағы амалым сауап жағымен ауыр баса ма, жоқ әлде күнәм ауыр баса ма? Осылайша Сафа мен Мәруа арасындағы сағи (жүгіру) таразы басында малына жалтақтаған адамдардай көрінеді екен.

Қорыта айтқанда, мұсылман адам жер бетінің қай түкпірінде болса да қасиетті Қағбаға қарай аңсары ауып тұрады. Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) дәуірінен бері Алла үйіне қажылық амалын орындау үшін олар дүниенің әр тарапынан ағылады. Әрбір рәсімдерді шынайы ықыласпен атқаруға тырысады. Мақсат – Жаратушысының алдында жалбарынып, күнәларына кешірім тілеу және Оның разылығына жету. Өйткені ол жерге барған адамдардың тілегі де, ниеті де бір.

Қажылық мұсылмандарды рухани тұрғыда байытып, жауапкершілік сезімін ұлғайтады. Олардың ауызбіршілік деген ұғымды түсінуіне жағдай жасайды. Мұсылмандар бір-бірін танымаса да, сұраусыз көмектесіп, өзара бауырмалдығын арттырады. Осылайша әр тараптан келген мұсылмандар қасиетті мекенде өзара жанашырлық танытып, бір-біріне деген шынайы мейіріммен күнәсынан тазарып, еліне оралады.

Міне, қасиетті құлшылық орны болып саналатын Алланың үйі Қағба – бүкіл әлемнен келген мұсылмандар үшін бірліктің, ықыластың рәмізі. Сонымен қатар жүрегіне иман нұры ұялаған әрбір мұсылманның асыл арманы Алла Тағаланың құзырына мына жалған дүниеде пендешілікпен істеп қойған күнәларынан арылып, анасынан жаңа туған сәбидей күнәдан пәк күйде, жарқын жүзбен үйіне оралу. Сондықтан да түн ұйқысын бөліп, қосымша тәһажжүд намазын оқып, нәпіл тауап жасап, ғапыл құлдар шырт ұйқыда жатқан осы бір мезетте Раббысымен оңаша қалып, көз жасымен күнәлі жүрегін жуып, күнәларына кешірім тілеп жалбарынады. Тәубе етіп, шыжыған ыстықта нәпіл ораза ұстап, шын ықыласпен құлшылығын атқарады. Мақтаныш сезімі араласпасын деген ниетпен тасада ешкімге көрсетпей садақа береді. Жалпы айтқанда, өміріндегі әрбір мүмкіндікке, әрбір істеген жақсылығына, күнәларының кешірілуіне себеп болар деген үлкен үмітпен қарайды. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шыр айналып, зар илеп, күнәларына кешірім тілейді. Жаман әдеттерінен арылып, бойына көркем мінез-құлық қалыптастыруға талпынады. Істеген қате-кемшіліктеріне өкініш білдіріп, тәубе етеді. Қасиетті Қағбаны әр айналған сайын Жаратқан Аллаға бұдан былай күнә атаулыға «сірә жоламаймын» деп уәде береді.

Қажылыққа барғандар «Алланың қонақтары» деп аталады. Қажылық жасау бақыты бұйырған пенделер бір Құбылаға жиналып, құлшылық атқарады. Бір тілекте дұға жасайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте айтқандай: «Қажылық жасаушылар мен ұмраға барғандар – Алланың сыйлы қонақтары (елшілері). Егер бұлар тілек тілесе, Алла тілектерін қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, күнәларын кешіреді» (ибн Мәжа).

Осындай қасиетті мекенді зиярат етіп, киелі орындарда құлшылық жасау – кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Бұл ұлық құлшылықтың хикметі де, даналығы да мол. Жаратқан Алла қажылыққа ниет еткен қажыларға мол сауап нәсіп етіп, жәннатпен сүйіншіленген «Мәбрур қажы» болуды жазғай!

 

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

«Мұнара» газеті, №12, 2022 жыл

Пікірлер Кіру