Қонақ келсе, құт келе ме?

24 қыркүйек 2019 8593 0
Оқу режимі

Тумысынан қонақжай халқымыз Ислам діні келгеннен кейін де бұл қасиетін мұсылмандық сипатымен үйлестіріп, ендігі жерде келген қонақты «құдайы қонақ» деп төрге оздырған. Осылайша қонағын құшақ жая құрақ ұшып сыйлап, асты-үстіне түсіп, қонақ күтуді Алланың әмірі деп бүкіл болмысымен ұғынды. Осы мәселеде де ұлағатты ұстаздары Алла Елшісінің хадистерін өмірлік дәстүр етіп ұстанған. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына сый-сыяпат көрсетсін...»[1]  – дейді.

Осы хадиске орай халқымыз:

Мейманды күтер болсаң Құдай үшін.
Мейман менен ер күткен қанша сауап,
Сауап қылсаң жаныңа өзің үшін,[2] – деп сенген.

Және бір хадисінде Алла Расулы (с.ғ.с.):

«Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына қонақасын берсін. Қонақасы – бір күн, бір түн қонағыңды күту»[3] – деген. Қазақи салттың өзегі болып қалыптасып кеткен осы «қонақасы» түсінігі бойынша халқымызда әрбір жолаушы адам «құдайы қонақ» деп қабылданып, оның ас-суын беріп, қондырып, мұқтажын өтеуді міндет деп есептеген. Тіпті ертерек уақытта жолаушы қонақасын жемесе сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын дәстүр болған екен.[4] Осы дәстүрге сәйкес Шортанбай ақын:

Құдайдан қорыққан мұсылман, Қонаққа сояр лағын,[5] – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қонақпен еріп келетін құт жайлы: «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді»,[6] –  деп баяндаған. Хадисте айтылған жақсылық – Алланың берген нәсібі. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген бабаларымыз осы нәсіптен құр қалмауға қам жасап:

Кісіні көрсең есікке,
Жүгіре шық, кешікпе,
Қарсы алмасаң мейманды
 Кесір болар нәсіпке![7]                   

***

Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал,
Көңілін оның қалдырма, хақтан ұял.
Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер,
Ырза қылып әркімнен бата алып қал,[8] – дейді. Пайғамбарымыздың тағылымдарынан нәр алған халқымыз: «Қонақпен еріп құт келеді», – деп, даналық қорытынды жасаған.


[1] Муслим, Иман, 47.
[2] Бабалар сөзі, II, 119-б.
[3] Риядус-салихин, II, 112-б.
[4] Ж.О. Артықбаев, Жеті жарғы, 36-37-б., А., 2003.
[5] Шортанбай, 27-б.
[6] Хадис ансиклопедиси, XVII т., 443-б.
[7] Ай, заман-ай, заман-ай, I т., 74-б.
[8] Ақмолла, Күндер мен түндер, 67-б.

Шәмшат Әділбаева

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру