Құдалық – «құда болсаң, шыда» деу емес...

03 тамыз 2021 483 0
Оқу режимі

Біле білсек, құда күтудің де мұсылмандық әдептері мен шарттары бар. Бабаларымыз мұны жетік білгеніне күмән жоқ. Сондықтан да қазақ «құдасын құдайындай сыйлайтын» халық атанды. Десек те, бүгінде бұл мәселені әркім ескере бермейді. Ендеше, құдалықтың да ислами шарты бар...

1. Қызға құда түсіп келгендерді жақсы қарсы алу

Мұсылмандық әдептердің бірі – үйіне құда түсе келген кісілерді құрметпен қарсы алу. Сондықтан үй егесі осы әдепті сақтап, қызын келіндікке сұрап, төріне шыққан адамдардың әрекетін қаламаса да, онысын сездірмей, көңілдеріне келетін дөрекі сөз айтпай, сыпайы түрде, шығарып салу да салтымыздың бірі. Әлеуметтік жағдайлары төмен немесе жаны қаламайтын кісілер қыздарын айттырып келгенде, «Сендер не беттеріңмен келіп отырсыңдар», «Менің қызымды айттыруға дәттерің қалай барады?!» дейтін әдепсіз сөздермен оң ниетпен келген кісілердің көңілін қалдыру мұсылмандық сипатқа жараспайды. Егер құда түсушілерге қыз беруді қаламаса, мұны астарлы сөзбен, «Жақындармен ақылдасып көрейік», «Қызымыздың өзі бұған не дер екен?» деген секілді қашыртпа жауаппен істі жылы жауып шығарып салғаны дұрыс.

2. Құда түсушілерге тез арада жауап беру

Қыз жағының тағы бір ескеретін мәселесі – құда түсушілерге уақытты көп созбай бір жауабын беруі шарт. «Нақты жауабымызды айтпай қоя тұрайық. Мүмкін тағы басқалар да құда түсіп қалар. Егер басқа ешкім құда түспесе, келісе салармыз» деген бақайесепке салынып, қарсы жақты күттіріп қою кісі ақысына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан қарсы жақты көп сарсылтпай, өз ойларын тез арада айтқан жөн.

3. Айттырылған қызға құда түсіп бармау

Ислам діні бойынша, айттырылған қыздан сырға таққан жақ бас тартпайынша немесе қыз жақ құдалықты бұзбайынша, құда түсіп баруға жол берілмейді. Егер бірінші құда түсушілердің ұсынысы қыз жағынан қабыл алынбаса, екінші жігіттің құда түсуіне болады. Қоғамның ауызбіршілігі мен тыныштығын ойлаған ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бұл жайында хадисінде былай деген:

لاَ يَخْطُبْ أَحَدُكُمْ عَلَى خِطْبَةِ أَخِيهِ حَتَّى يَتْرُكَ الْخَاطِبُ قَبْلَهُ أَوْ يَأْذَنَ لَهُ

«Ешбірің мұсылман бауыры айттырған қызға сөз салмасын. Тек алғаш айттырған адам ұсынысынан бас тартқан жағдайда немесе өзі рұқсат берген жағдайда ғана сөз салуға болады»[1].

4. Қызды айттыруды жария етпеу

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызды айттырудың жасырын жасалуын тапсырған. Мұны хадисінде: وَ اخْفُوا الْخِطْبَةَ «Қыз айттыруды құпия сақтаңдар»[2], – деп баяндайды. Бұлай жасаудың бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, ауыл-аймақта өсек жайылуының алдын алады. Егер қыз жақ келісім бермесе, онда жігіт жақтың абыройы төгілгендей болуы да мүмкін. Құда түсушілерді көре алмайтындар үшін бұл өсек таратуға таптырмас мүмкіншілік. Мұны жұртқа таратып ел алдында күлкі етуге барын салатындар да бар. Екіншіден, егер құда түсушілерді күндеушілер болса, қыз жағына барып олардың ұсынысын қабылдамауы үшін неше түрлі жала жабуы да ықтимал. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, қыз жақ нақты келісімін бергенше істі жария етпеген жақсы.

5. Үйлену үшін қыздың келісімін алу

Қызына құда түсіп келгенде, ата-ана қарсы жаққа жауаптарын беру үшін міндетті түрде қызымен ақылдасуы қажет. Қыздың пікірін білген соң ғана құда түсушілерге өздерінің жауабын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

لَا تُنْكَحُ الْأَيِّمُ حَتَّى تُسْتَأْمَرَ وَ لَا تُنْكَحُ الْبِكْرُ حَتَّى تُسْتَأْذَنَ

«Жесір әйел ұсынысты қабыл етпейінше, ал жас қыздың ризашылығы алынбайынша, әйелдерді некелестірмеңдер»[3], – деген. Жесір әйелді үйлендіру міндетті түрде оның «Келісемін» деген сөзінен соң ғана іске асады. Ол ұсынысты қабыл алғанын өзі білдіре алады. Ал оң жақта отырған бойжеткендер мұндай сөзді айтудан қымсынатындықтан, үлкендер жағының сұрағына үндемеуі немесе күлімсіреуі оның келіскенін білдіргені деп қабылданады. Яғни неке қию үшін қандай жағдайда да әйел затының келісімі болуы тиіс. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сахабаның қызының келісімін алмастан қидыртқан некесін бұзған. Хазірет Омар (р.а.) да бұл жайында былай деген: «Қыздарыңды қинап үйлендірмеңдер. Олар да сендер секілді жақсы мен әдеміні қалайды». Сондықтан «Менің айтқан адамыма тұрмысқа шығасың», «Айттым бітті, соған күйеуге тиесің» деп, қызды күйеуге еркінен тыс беру ешқашан дұрыс келісім дәрежесінде қабылданбайды.

6. Құда түсу некелесу емес

Халқымызда құда түскен қызға белгі ретінде сырға тағу салты бар. Бұл екі жақтың келіскенін білдіретін нышан. Бірақ құда түсудің еш уақытта некелескен болып саналмайтынын ұмытпау керек. Сондықтан құда түсіп, құйрық-бауыр желінсе де, некесі қиылмайынша, жігіт пен қыздың ешкім жоқ жерде жалғыз қалуларына жол жоқ. Себебі құда түсу олардың үйленгенін білдірмейді. Бұл жай ғана екі жақтың екі жасқа шаңырақ көтеруіне келісім беруі. Адам баласы пендешілікпен уәдесінен тайып кетуі мүмкін. Сондықтан осыны ескере отырып, неке қиылып, дініміз бойынша екі жасқа ерлі-зайыпты деген үкім тағылмайынша, екі жақтың да сақтықпен әрекет еткені абзал.

Шәмшат Әділбаева

 


[1] Бұхари, 5142; Мүслим, 1412
[2] Кашфул-Хафа, 1/142
[3] Мүснад ибн Ханбәл, 2/434.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру