ҚҰРАН БАҒЫШТАУ

06 ақпан 2024 3588 0
Оқу режимі

Алла Тағаланың қасиетті кәләмінің жер бетіндегі тірі адамзатқа тура жол нұсқаулық етіп түсірілгенінде еш шүбә жоқ. Күллі адамзат өз өмірінде орын алған мәселелерді Құран және Сүннет арқылы, одан әрі ғалымдардың түсіндіруімен шешіп отырады. Алайда осы Құранның бұл дүниеден өткендерге пайдасы бар ма немесе бақилықтарға оны бағыштау дұрыс па деген сұрақтар төңірегінде бірнеше алауыздықтар туындаған. Әһлу Сүннет ғалымдарының көзқарасы бойынша бірауыздан құран бағыштау, сауабы жолданған адамға жететін, құптарлық іс. Бұл сауалға байланысты шариғатымызда дәлелдер қатары аз емес. Дәлел-дәйекпен сөзімізді айқындайтын болсақ:

Мағқал ибн Ясардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз: «Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар»- деген.

Ахмад ибн Ханбал атты атақты мухаддис ғалым шәкірттеріне сабақ өтіп жатқан кезінде, ол бір кісінің қабір басында тұрып Ясин сүресін оқып жатқанын көреді. Имам Ахмад мұны көріп, өзінің шәкірттерінің біріне былай дейді: Ана кісіге барып айт, олай жасамасын, бұл бидғат амал. Шәкірті имамның айтқанын қабір басындағы кісіге жеткізеді. Сол кезде имам Ахмадтың басқа бір шәкірті оған:  «Мен Пайғамбардың (с.ғ.с) – Өлілеріңе Ясин сүресін оқыңдар, – деп айтқан хадисін естідім»- деді. Мұны естіген имам – Астағфируллаһ, уа атубу илайһи (Алладан кешірім сұрап, оған тәубе еттім), дейді де, алғаш жұмсаған шәкіртіне тағы да: оған барып айт, Ясин сүресін оқи берсін- деген.

Міне, осы мәселені ибн Қудама өзінің «Муғни» атты аса үлкен кітабында келтірген. Сондай-ақ басқа да хадистерде де Медине халқының қабір басында Әли Имран сүресін оқығандығы келтіріледі.

Жоғарыда келтірілген дәлел жалғыз емес, осы мағыналас хадистердің қатары көп. Осы орайда айтыла кететін мәселе, құран бағыштаушы адамның құранды шынайы ниетпен, сауабын Алладан үміт етіп оқуына байланысты. Арнайы кісі жалдап ақысына құран бағыштату шариғатымызда құпталынбайды. Сол себептен Құран Кәрімді түпнұсқасынан оқу әр мұсылманға міндет болмақ. Алла жақсырақ білуші!

Астана қаласы,

«Qamqor-sharapat»

салттық қызмет орталығы,

«Ырыскелді қажы» мешітінің

Найб имамы Әбуталиб Жасұлан

 

Пікірлер Кіру