Құранның ғажап сырлары

09 қараша 2020 7943 0
Оқу режимі

Алла Тағала «Ясин» сүресінде Құранды «терең сырлы (الْحَكِيمِ деп сипаттайды. Шын мәнінде, қасиетті Құран Кәрім адамзат баласын дүние-ақыреттік бақытқа жетелейтін Иләһи кітап болғандықтан алуан түрлі мазмұндарды қамтиды. Соның бірі – Құранның ғылыми мазмұндары.

Шын мәнінде Құранда ғылымға айырықша маңыз берілген. Құрандағы кейбір сүрелердің атауының өзі жаратылыс ғылымындағы терминдермен аталады. Мәселен, астрномия ғылымы туралы «Нәжм (жұлдыз)», «Қамар (ай)», «Шамс (күн)», «Ләйл (түн)», биология ғылымына қатысты «Инсан (адам)», «Бақара (сиыр)», «Нәміл (құмырсқа)», «Анкабут (өрмекші)», «Фил (піл)», химия ғылыми бойынша «Хадид (темір)», жаратылыстану ғылымдарына қатысты «Фалақ (таң)» және т.б. көптеген сүре аттарының ғылыми терминдермен аталуы жайдан жай емес.

Ал, сан тарау ғылымдарға қатысты жекелеген аяттардың ғажап сырлары туралы көптеген деректер келтіруге болады. Төменде біз бірқанша ғылымдар туралы нақты мысалдармен қысқаша баяндап көрелік:

Астрономия ғылымы жайлы. Құранның «Зарият» сүресі, 47-аятында: «Аспанды құдіретімізбен біз жараттық және оларды үнемі кеңейтудеміз», – деген аят бар. Ал, астроном Хабл 1922 жерден алыс жұлдыздардық үнемі жоғары жылдамдықпен одан сайын алыстап отыратынын дәлелдеген. Мәселен, жерден миллион жарық жылындық қашықтықтағы жұлдыз жершарынан жылына 168 км жылдамдықмен, екі миллион жарық жылындық қашықтықтағы жұлдыз екі есе, үш миллион жарық жылындық қашықтықтағы жұлдыз болса үш есе жылдамдықпен алыстайтынын зерттеген. Міне, бұл аяттағы әлемнің үздіксіз кеңеюінің дәлелі болмақ.

Биология ғылымы жайында. Қасиетті Құранның «Ясин» сүресінде:

سُبْحَانَ الَّذِي خَلَقَ الْأَزْوَاجَ كُلَّهَا مِمَّا تُنبِتُ الْأَرْضُ وَمِنْ أَنفُسِهِمْ وَمِمَّا لَا يَعْلَمُونَ

«Сондай пәк Алла, мейлі ол жердің өсірген нәрселерінен болсын, мейлі өздері өндірген және тағы білмегендерінен болсын.барлық нәрсені жұп-жұбымен жаратты» деп (36-аят) өсімдіктердің өзі аталық-аналық болып бөлінетінін баяндайды. Ал, бұл ғылым жаңалық соңғы ғасырларда ғана зерттеліп, дәлелденді.

Эмбирология (микробиологияның бір саласы) туралы. Құранның мазмұны эмбирология ғылымы туралы да көптеген қызықты ғылыми жаңалықтарға толы. Айталық, «Нәжім» сүресінің 45-46 аяттарында:

وَأَنَّهُ خَلَقَ الزَّوْجَيْنِ الذَّكَرَ وَالْأُنثَىٰ  مِن نُّطْفَةٍ إِذَا تُمْنَىٰ

 «Ол (Алла Тағала) еркек пен ұрғашы жұбын ытқып шыққан ер кісінің шәуетінен жаратты» делінеді. Аят сәби жынысы әкеге байланысты екенін білдіреді. Алайда, көптеген халықтар бұл тұжырым ғылым дәлелденгенге дейін сәби жынысы аналық жасушаға байланысты деп есептейтін еді. Бүгінгі таңда бұны генетика мен микробиология ғылымдары дәлелдеген ақиқат болып отыр.

Тағы бір таң қаларлық мәселе. Қасиетті Құран Кәрімнің «Қиямет» сүресі, 3-4 аяттарында:

 أَيَحْسَبُ الْإِنسَانُ أَلَّن نَّجْمَعَ عِظَامَهُ بَلَىٰ قَادِرِينَ عَلَىٰ أَن نُّسَوِّيَ بَنَانَهُ

«Адам баласы, Біз сүйектерін жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз» делінеді. Бүгінгі таңда саусақ бедерін биометрлік паспорт ретінде пайдалану тәжірибесі әлем елдерінде қолданыла бастады. 2001 жылы АҚШ-та басталып, 2004 жылдан бастап құжат иесінің биометрлік мәліметі енгізілген компьютерлік чиптарды бере бастады. 2007 жылы бұл үрдісті Германия қолға алса, көршілес Қытай елі 2011 жылы қолданыла бастаған. Бұл да Құранның бір ғажайып сыры дерсіз.

Мұқиттану ғылымы жайында да қызықты сырлар бар. Құрандағы «Рахман» деген сүреде: «Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады. Бірақ, арасында перде болғандықтан бір-бірімен араласпайды», –делінеді (19-20 аяттар). Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерін зерттеген ғалымдар мұның шындық екеніне көз жеткізді. Еліміздегі Балқаш көлінің де суы ащы және тұщы болып бөлінетінін, екі су еш араласпайтынын білеміз.

Математикалық сырларды да өз алдына бөлек қарастыратын құпияға толы. Құран мәтінде «Күн (яум)» сөзі жекеше түрде 365 рет кездессе,  көпше түрдегі «күндер (айям, яумэйн)» сөзі 30 рет ұшырасады екен. Ал, бір таңданарлығы «Ай» (шахр) сөзі жекеше түрде 12 рет қайталаныпты. Алайда, бұл Құранның мыңдаған математикалық құпияларының бірі ғана.

Міне, осылайша қасиетті кітабымызға ғылыми көзқараспен зер салғанымызда, Құранның сан салалы ғылымның негіздері қамтылған хикмет пен сырға толы ұлы мұғжиза екенін аңғарамыз.

 

Бауыржан ЕСМАХАН
«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру