ҚЫЗЫН ҰЗАТҚАН ӘРБІР ӘКЕГЕ...

06 ақпан 2026 90 0
Оқу режимі

Қызыңды жылы жүзбен қарсы ал, бірақ тек оның айтқанымен ғана шектелме, күйеу баланың да уәжін тыңда.

+ Ашуға ерік берме. Қызың шын жәбір көрсе, оның көз жасы – аманат. Бірақ оның толықтай ақ екеніне көз жеткізбей тұрып, бір сәттік сезіммен жасалған әрекет оның отбасын шайқалтып жіберуі мүмкін.

+ Қандай шешім қабылдасаң да, оны жалғыз өзің кесіп айтпа. Қызыңмен ақылдас, жолын бірге талқыла, оның пікірін ескер.

Ертеде қазақта ажырасу сирек болатын. Оның себебі – қыздың төркінінің парасаты мен сабыры еді.

Бұрын келін күйеуіне ренжіп, төркініне келсе, әкесі оны ұзақ ұстамай, қайтадан отауына жөнелтетін де:

«Қарағым, барған жерің – өз үйің. Мен саған мәңгі тірек бола алмаймын» – деп батасын беріп шығарып салатын.

Ал қазір ерлі-зайыптының арасында азын-аулақ кикілжің туа қалса, кейбір әкелер араға түсіп, татулықты емес, тартысты күшейтіп алады.

Қызымды қорғаймын деп жүріп, кейде оның бүтін бір ғұмырын ойрандап алуы мүмкін.

Кейбір әкелер мұнымен де тоқтамай, мән-жайды толық білмей жатып, қыздарын сот пен полицияның табалдырығын тоздыруға дейін апарады.

Ал күйеу жігіт әйелінің өзіне қарсы арыз түсіргенін естісе, жүрегі суып, қайтып келмей қоюы ғажап емес.

Соңы – шаңырақтың шайқалуы.

Мұндай жағдайдың ушығуына кейбір әйел құқығын желеу еткен ұйымдардың да әсері тигені жасырын емес.

Сондықтан қызын ұзатқан әрбір әкеге айтар ақылым:

  • Қызың шағым айтып келсе, алдымен сабыр сақта. Тыңда, бірақ ашуға берілме. Күйеу баланы шақырып, оның да сөзін тыңда.
  • Күйеу баланы бөтенсімей, өз балаңдай қарсы ал. Онымен билік айтқан төрешідей емес, ақыл айтқан әкедей сөйлес.

Екі жақтың да сөзін таразыға салып, байыппен тыңда.

  • Әңгіме үстінде қабағыңды түйме. Жылы сөз бен жайдары жүз – татулықтың кілті.
  • Егер қызың кінәсіз болса, күйеу баланың қатесін сабырмен ескертіп, оның еліне хабар салып, жағдайдың қайталанбауын сұра.

Ал егер қызың ағаттық жасаған болса, оны жерге қаратпа. Күйеу баламен ақылдасып, қызды өз шаңырағына қайта табыста.

  • Егер қызың жазықсыз болып, күйеу баласы оның ар-намысына тіл тигізіп, сенімге сызат түсірсе, әрі қыз өзі қайтқысы келмесе – онда абыроймен, дабырасыз ажырасқаны жөн.

Түйін сөз:

Сабыр ет. Өзіңді ұста. Тіліңді тый. Бір жақты ғана емес, екі жақты да тыңда.

Ал, анасы, саған айтарым:

Қызыңа күйеуінің үйін қадірлеуді, шаңырақтың оңайлықпен тігілмейтінін үйрет.

Бұл тек еркелік емес. Кейде даудың жартысы сенің орынсыз араласуыңнан, тәрбиедегі олқылықтан немесе отбасындағы түсіністік пен келісімнің қадірін үйретпегеннен туындайды.

 

Abdulakhad SMANOV

Пікірлер Кіру