РАМАЗАН – ЖҮРЕКТІ ТӘРБИЕЛЕЙТІН АЙ

21 ақпан 2026 67 0
Оқу режимі

Шын мәнінде, оразаның шынайы сауабы – аштықта емес, тақуалықта. Ал тақуалықтың негізгі орны – жүректе. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тақуалық мына жерде болады», – деп көкірегін үш мәрте нұсқап, адамның тақуалығы жүрегінде болатынын айтқан (имам Бұхари).

Адамның табиғатында, яғни әу бастағы жаратылу болмысында оның жүрегі сау болады және ізгі амалдар, құлшылық жасау арқылы өзінің сау күйін сақтайды. Ал егер пенде күнәлі іс жасайтын болса, оның халі дертке душар болып, кейін жүрегі қараяды. Міне, осы себепті де мұсылман адам өзінің жүрегіне әрдайым назар салып, ондағы дертті белгілі амалдар арқылы тазартып отыруы тиіс. Өйткені адамның жүрегі дұрыс болса, бүкіл амалдары дұрыс болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Расында адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Егер ол бұзылса, барлық денесі бұзылады. Біліңдер, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы бір өлеңінде:
«Тәңірі жолы – ақ жүрек,
Сайтан деген – қиянат.
Ақ жүректі ертерек,
Ескер-дағы, қыл әдет», – деп жырлайды.

Осы ретте жүректі түрлі дерттен тазартатын негізгі амалдарға тоқтала кеткенді жөн көрдік. Алла Тағаланы еске алу – жүректі түрлі дерттен тазартатын амалдың бірі. Мұсылман адам шамасы келгенше Алла Тағаланы көп еске алып, зікір етіп жүруі тиіс. Бұл оның иманын күшейтіп, жүрегін түрлі дерттен тазартады.

Ал Жаратушы жақсы көрмейтін сөздерді айту, керісінше, жүректің қатаюына, иманының әлсіреуіне алып келеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланы еске алмайтын бос сөзді көбейтпеңдер. Алла Тағаланы еске алмайтын бос сөздің көп айтылуы жүректі қатайтады. Расында адамдардың арасындағы Алла Тағаладан ең алыс болғандары – жүрегі қатайғандар», – деген (имам Термизи).

Жүректі түрлі дерттен тазартатын негізгі амалдардың тағы бірі – өзгелердің қателігін кешіру. Қасиетті Рамазан – кешірім айы. Бұл айда Жаратушының кешірімін үміт етіп әрі өзіміз де өзгелерді кешіруіміз қажет. Себебі өзге адамдарға деген өкпе, реніш, кек сақтау сынды шынайы мұсылманға жат істердің барлығы пенденің жүрегіне дақ түсіріп, рухани ластануына себепші болады.

Алла Тағала қасиетті Құранда «Нұр» сүресінің 22-аятында: «Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деп айтқан.

Адал ас – жүректі түрлі дерттен тазартатын негізгі амалдардың бірі. Адал ас адам тәнінің саулығына және жүрегінің түрлі рухани дерттен ада болуына, ниеті мен амалына қарай мол сауапқа кенелуіне тікелей әсер етеді. Осы себепті де Алла Тағала қасиетті Құранда «Муминун» сүресінің 51-аятында: «Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – деп бұйырған.

Адамдар имам Ахмадтан (Алла оны рақымына алсын): «Дертке душар болған жүректі қалай емдеуге болады?» – деп сұрағанда, ол: «Адал ас арқылы», – деп жауап берген екен. Ал әл-Жунайд әл-Бағдади (Алла оны рақымына алсын) деген ғалым: «Шынайы ихсан жолындағы адам – жүрегін Алла Тағаладан өзге нәрседен тазартқан пенде», – деген екен.

Хәкім Абай:
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл –
Өзгесі Хаққа жол емес», – деп, жүрек амалдарының тілмен және іспен атқарылатын амалдардан да маңызды екенін айтқан.

Дүниеге құмарту – жүрек дерттерінің бірі. Сырттай қарағанда бұл күнә болып көрінбегенімен, адамды күнәлі іске итермелейтін нәрсе. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны айтылған кітаптарда мынадай сөз бар: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінде екі күн қатарынан арпа нанын тойып жеген емес» (имам Бұхари). Көкірегі ояу жан бұл сөздің мәнісін бірден ұғынса керек.

Ғаламға рақым нұрын шашқан ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрқашан орта жолды ұстануға шақыратын, астамшылдыққа жол бергізбейтін. Себебі астамшылдық – адам баласын бұзатын нәрсе. Әсілінде, дүниеқұмар адам қолда бар нығметтің қадіріне жете бермейді. Ал ақыретін ойлаған адам Құдайдың бергеніне разы болады. Сондықтан бұл дүниеге келудегі мақсатын толық түсінбеген адам еріксіз дүниеқұмарлыққа салынады.

«Дүние» сөзі араб тілінде жақын, төмен деген мағыналарды қамтиды. Яғни өткінші, алдамшы қызықтар адам баласына зиянын тигізеді. Ал дүниенің негізгі мәнін ұғынған адам әрбір жылтыраққа ермесі анық.

Әсілінде, дүние тіршілігінің осы бір қырын Жаратушы Алла қасиетті Құранда былайша сипаттайды: «Біліп қойыңдар, дүниенің тіршілігі ойын-күлкі, сауық-сайран, сән-салтанат және өзара мақтан (яғни мансап, атақ-абырой, мал-мүлік, бала-шаға һәм кескін-келбетпен мақтану) ғана, сондай-ақ көбірек дүние жию және үрім-бұтақты көбейту жолындағы бәсеке ғана. Бұл бір жауынға ұқсайды: сол жауынның арқасында жайқалып өскен өсімдіктер шаруаларға қатты ұнап, төбелері көкке жетеді. Алайда артынша әлгі өсімдіктердің сарғайып, солып қалғанын көресің һәм содан кейін қу сабан мен қиқымға айналады. Міне, дүниенің қу тіршілігі деген – осы» («Хадид» сүресі, 20-аят).

Имам әл-Мәнәуи (Алла оны рақымына алсын): «Дүниеге ақыреттің егістік алқабы деп қарау керек. Ол өздігінен жаман емес. Кімде-кім шариғат талаптарын орындап дүние тапса, онда ақыретінде жемісін көреді. Бұрынғылардан қалған сөз бар: “Дүниеге арқа сүйеме! Ешкім оны ұстап қала алмады. Мүлдем баз кешпе! Себебі ақыретіңдегі сауап пен жаза соған байланысты”», – деп айтқан», – деген екен. Рамазан айында барынша жүректі сүйіспеншілікке, мейірімге, иманға, тақуалыққа толтырған дұрыс.

Жүректі тәкаппарлықтан сақтау қажет. Адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын қасіреттің бірі – тәкаппарлық. Тәкаппарлық – Алла Тағала жақсы көрмейтін, адамдыққа жат сипаттардың бірі. Ал көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық. Сондықтан ондай қылығын байқаған мұсылман бірден Алладан кешірім сұраса, ақыреттік азаптан құтылады.

Ислам мұсылман пендеден менмендікті жоюды талап етеді. Өйткені ақыреттегі мәңгілік бақытты ғұмыр осынау озбыр мінезден аулақ болғандарға бұйырады.

Алла тәкаппар пендесін жақсы көрмейтінін аятта былайша ашық баян етеді: «Шындығында Алла тәкаппарларды жақсы көрмейді» («Нахыл» сүресі, 23-аят).

Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) менмендік, тәкаппарлықтың барлық түріне қатаң тыйым салып, мұндай ауыр дертке душар болғандар Алланың азабына лайық болатынын қатты ескерткен. Сондықтан қасиетті Рамазан айында барынша нәпсімізбен күресіп, бойдағы жағымсыз мінездерден арылған абзал.

Көреалмаушылық – адамды құрдымға жетелейтін жүректегі ең жаман дерттің бірі. Көре алмайтын адам өмірі мазасыз күй кешеді. Көре алмай жүрген адамның жетістігін көрген сайын түңіліп, іштарланып, ұйқысы қашады.

Хазреті Әли (Алла оған разы болсын) былай деген: «Көре алмаушыда – тыныштық жоқ, күйгелекте – бауыр жоқ, мінезі жаманның – досы жоқ».

Көреалмаушылық деген дерт – жағдайы өзінен төмен адамға емес, жағдайы өзінен жақсы адамға болатын қызғаныш сезім.

Көре алмайтын, іші тар адам – Алланың өзіне берген нығметіне разы болмаған адам деген сөз. Демек Алла берген нығметке қанағат тұтпай, өзгенің қолындағыны көре алмаса, Алла да ондай пендесінен разы болмайды. Егер Алла разы болмаса, онда ол адам құрдымға кетіп, ақыретте де, дүниеде де жағдайы қиын болмақ.

Бірде Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Адамдардың ең абзалы кім?» – деп сұрайды. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таза жүректі әрбір адам мен сөзі дұрыс болған жан», – дейді. Сахабалар: «Сөзі дұрыс дегенді түсіндік, таза жүректі деген не?» – деп қайта сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол күнә, зұлымдық, алдау мен хасад болмайтын жүрек», – деп жауап береді.

Көреалмаушылық деген ұғымды білдіретін «хасад» – Алланың біреуге берген нығметін одан қызғану, онда болмауын қалау деген сөз. Мәселен, жақсы жұмысын, зәулім үйін, мал-мүлкі мен жетістігін көре алмай қызғанып, ол дәулет пен бақтың одан кетіп, өзіне келуін қалау – көреалмаушылық көрінісі. Сондықтан тақуалыққа жеткізетін қасиетті Рамазан айында мұндай жүрек дертінен аман болуды тілеу керек.

Алла Тағала біздің де жүрегімізді Өзінің дініне бекем етіп, қасиетті айда ұстаған оразамызды қабыл етсін! Әмин!

Дереккөз: муфтият.кз

Пікірлер Кіру