Рамазандағы ас ішу әдебі

23 сәуір 2021 8189 0
Оқу режимі

Әрине, көбіміз ауызашарға тиянақты дайындалуға тырысамыз. Алайда, күн ұзаққа созылған ашығудың салдарынан ауыз ашар сәтінде алдымызға қойылған тамаққа ап беріп, ас-ішу әдебін естен шығарып жататын жағдайлар да кездеседі. Міне, осы орайда дініміздегі ас ішу әдебін, қағидалары мен сүннет амалдарды қаперімізге салудың пайдасы орасан.

Жалпы, ас ішу әдептерін үш түрге бөліп қарастыруға болады: асқа дейінгі әдептер, ас ішу барысындағы әдептер және ас ішкеннен кейінгі әдептер.

Асқа дейінгі әдептер

Игі ниет. Ас ішудеге мақсатымыз - құлшылық жасауға, еңбек етуге, өмір сүруге күш-қуат жинау болу керек. Сонда біздің тамақтануымыздың өзі ғибадатқа айналмақ. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Амалдар тек қана ниетке байланысты»[1], - деген.  

Ауыз ашардан алдын дұға-тілек ету. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушының ауыз ашар кезінде кері қайтарылмайтын дұғасы бар»,[2] - деп айтқан. Демек, асқа кіріспес алдын Алла Тағаладан қажеттіліктерімізді, мақсат-армандармызды сұрап алуды ұмытпағанымыз жөн.

Ысырап жасамау. Аштықтан қорқып асыра көп тамақ пісірудің қажеті жоқ. Шамадан тыс дайындалған тамақ бүлініп кетуі мүмкін.  Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ішіндер, жендер алайда ысырап етпендер. Расында Ол ысырап жасайтындарды жақсы көрмейді», - деп айтады[3]. Жалпы айтқанда, бір отырыста таусылатын немесе сәресіне жететіндей асты әзірлеу жеткілікті.

Астын ыстығы басылғанша дейін күту. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы жайлы былай деген: «(Ыстығы басылған астын) берекесі көбірек болады»[4]. Күнімізде де асқазан ауруынанан көз жұматын азаматтарымыздың саны аз емес. Оның бір себебі де, аса ыстық тамаққа құмарлық таныту.  

Алланың атын атау (бисмиллә). Тамақты бастамай жатып, әуелі «бисмиллә» деп айтып, өзіміздің Алланың шыңайы құлы екенімізді көрсету. Себебі, осы сәттегі «бисмиллә» деуіміз мына мағынананы білдіреді: Алла есімінің көмегімен ас ішіп жатырмын. Яғни, Ұлы Жаратушымыздың құдіретінің арқасында ғана бізге тамақ ішу нәсіп болғанын мойындаймыз. 

Ас ішу барысындағы әдептер

Оң қолмен жеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  кішкентай балаға былай деп үйреткен: «Уа балақайым, Алланың атын ата, оң қолмен же және өз алдындағы астан ал»[5].

Үш саусақпен жеу – сүннет. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте қарапайым, аса кішіпейіл еді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тамақты үш саусақпен жейтін: үлкен, сұқ және орта саусақтары[6]. Бұл іс сырт көзге көркем көрінеді. Осы үлгіде ас ішу міндет болмағанымен, «сүннетті берік ұстаймын» деген пенде бұл істі қалдырмауға әрекет етеді.

Өз алдындағы астан алу. Жоғарыда бұл жайлы тиісті хадис келтірілді.

Асты шетінен, жан-жағынан жеу. Яғни, табаққа немесе ыдысқа сылынған тамақты дәл ортасынан емес, бәлки шет жақтарынан жеу. Әсіресе, бірнеше адам бір табақтан жеп жатқан кезде бұл әдепті сақтау өте маңызды. Аллла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы тұрғыда: «(Табақтын) жан жағынан жендер. Себебі, береке астын ортасына түседі»,[7] - деген екен. Түсінетініміз, астын ортасы бірден желінген уақытта, асқа береке түспей қояды. Себебі береке астын ортасына түсіп, оның жан-жағына жайылады. Бұл тамаша әдептің даналығы тереңде жатыр. Өйткені, астын ең тәтті, ең күшті жері табақтын ортасына қойылады. Астын ең дәмді жері барлық кісілерге ұласу үшін, аталмыш әдепті сақтауға тура келеді.

Жатып, бір нәрсеге сүйеніп, етпетінін жатып ас ішпеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы істерден үмметін қайтарған. Сырт көзге мұндай әрекеттер сүйкімсіз көрініп, тәкаппарлыққа нұсқайды. Медицина тұрғысынан да бұл істердің деңсаулыққа кері әсер тигізетіні баршамызға мәлім. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген : «Мен бір нәрсеге сүйеніп (жатып) ас ішпеймін»[8].

Екі-үш дананы бірден алмау. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ортаға қойлыған құрманы бірнешеуін қатарынан алуды ұнатпаған[9]. Дастарханда отырған кісілердің барлығына бірдей жету үшін уыстап құрма, торт, кәмпит, жаңғақ тәрізді біркелкі тағамдарды қол сұқпағанымыз жөн. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір дананы алғысы келген кісіге, дастархандастардан рұқсат алуды бұйырады.

Тойған үстіне тамақ ішпеу.

Ас ішкеннен кейінгі әдептер

Шүкіршілік жасау.  Аллаға мақтау айтып шексіз алғысымызды білдіру. Қаншама кедей, мұқтаж адамдар бар. Бір жұтым сұға зар болып жатқан. Нығметтің қадірін білген жан, сөзсіз Аллаға шүкіршілік етеді. Алла елшісі  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай дейді: «Ас ішіп шүкіршілік еткен кісі, сабыр қылып ораза тұтқанмен тең»[10]. Демек, ас ішкен кезімізде шүкіршілік етуіміздің өзі оразаның сауабына пара-пар келеді.

Үй есіне дұға-бата жасау. Алла елшісі  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сіздердің үйлеріңізде ораза ұстағандар ауыз ашып, ақ ниетті пенделер ас ішіп, періштелер сыртыныздан дұға ететін болсын»[11], - деген сияқты дұғалар жасайтын.

Қонақта көп отырып алмау.  Ас ішіп болғаннан соң, қонақта көп созбай үйімізге оралғанымыз жөн. Ас иелерінің басқа шаруалары бар болуы мүмкін. Оларға кедергі келтірмейік. Әсіресе, рамазан айынның әрбір сәті ерекше бағалы. Оны тамақтан кейінгі бос әңгімелермен өлтірмеу керек. Алла Тағала Құранда: «Тамақ жеп болсандар, тарандар», - деп бұйырған[12]. Бір тақуа кісі былай деген: «Мәжіліс созылып кетсе, шайтан одан өз үлесін алады»[13].

Бұл мақаламызда біз астын кейбір әдебтерін атап өттік. Оразамыз қабыл болсын!

Тамирлан Дарханұлы
«Әзірет-Сұлтан мешітінің наиб имамы»

 


[1] Бухари, Муслим
[2] Абу Дауд
[3] Ағраф сүресі, 31 аят
[4] Ахмад
[5] Бухари
[6] Муслим
[7] Ахмад
[8] Бухари
[9] Ибн Хиббан
[10] Тирмизи
[11] Абу Дауд
[12] «Ахзаб» сүресі, 53 аят.
/[13] Абдул Фаттах Абу Ғудда «Мин Адабил Ислам»

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру