РУХАНИ ЖОЛ НЕМЕСЕ АЛЛАҒА АПАРАТЫН ЖОЛ НЕДЕН БАСТАЛАДЫ?
«Балақай, Аллаға жететін жол – көп сөйлеуде де, құр сөзбен айтуда да емес, жүректің шынайылығында.
Егер Раббыңа жақындағың келсе, жүрегіңді адамдарға тәуелділіктен тазарт, ішкі дүниеңді дүниеге байланудан босат, бар ойың мен мақсатың тек Алла болсын.
Балақай, жүрек – бір ыдыс сияқты. Егер ол дүниеқоңыздықпен толса, Алланы еске алуға орын қалмайды. Ал егер ол бос болса, онда Алланың нұрымен толады. Сондықтан жүрегің тек Аллаға байлансын. Өйткені жүрек дүниеге байланып қалса – шаршайды, ал Аллаға байланып қалса – тыныштықпен рахат табады.
Балақай, пақыр болудан қорықпа, керісінше, ғапылдықтан (Алланы ұмытудан) қорық. Себебі пақырлық адамды Аллаға жақындатады, ал ғапылдық алыстатады. Егер Аллаға жақындағың келсе, өз нәпсіңді Оның алдында кішірейт әрі пақыр бол (тәкаппар болма). Өйткені Алла кішіпейіл, сынған жүректі жақсы көреді.
Есіңде болсын, Аллаға апаратын жол тәубеден басталады, сосын шынайылық, одан кейін ықылас, кейін махаббат келеді. Ал махаббат жүрекке кірсе, адам үшін бұл дүниеде Алладан артық еш нәрсе болмайды.»
(Дерек көз: Әл-Фатхур Раббаний
Хазіреті Абдулқадир Жилани (қ.с.)
***
Рухани жол немесе аллаға апаратын жол неден басталады?
Ол — өзіңе өзіңнің иттігіңді мойындаудан басталады. Тарқатып айтатын болсақ, адам өзінің екіжүзділігін, дүниеқоңыздығын, атаққұмарлығын, өзін ақтауын, қорқақтығын, өтірікші бейнесін, сөзінде тұрмайтындығын, жылпыстығын, ішітарлығын, біреудің жетістігіне шынайы қуана алмайтын бейшара сорлылығын, нәпсісі бейнелеп берген жалған керемет “менді” өзіне шынайы түрде мойындамай, ол адамда шынайы құлдық хал ешқашан оянбайды және шынайы тәубе жүзеге аспайды. Себебі өзіне шынайы мойындау — нәпсісі бейнелеген жалған “керемет тұлғаны” құлатып, жалған “меннен” шынайы “менге” жол ашады.
Әулиелеріміз айтады: бұл дүниедегі жамандықтың көбі биліктен емес, мойындамаудан басталады. Адам өзінің қателескенін мойындағысы келмейді, сол кішкентай ғана жоққа шығарудан үлкен «бұзақылық» (فساد) өсіп шығады. Тәкаппарлық оны қателігін қорғауға итермелейді, кейін ақтайды, сосын соның айналасына бүтін бір жүйе құрып алады. Бір ғана шынайы мойындаумен бітуі мүмкін нәрсе, ақыры ұзаққа созылған зиянға айналады.
Тарих мұны талай рет көрсеткен. Ұлы империялар тек сыртқы жаудан емес, ішкі соқырлықтан құлаған. Өзін-өзі тым жоғары қоятын басшылар тыңдауды қойды, түзелуді қойды, қырсықтықты күш деп ойлады.
Қателікті мойындау — әлсіздік емес. Керісінше, ол қорған. Өз-өзін ертерек түзеген адам кейінгі үлкен құлдыраудан аман қалады.
Бұл мақала екі автордың қосындысы. Шейх Хамза Юсуф (х.а.)
Bekzhan AZHIMOV фб парақшасынан