САДАҚАНЫҢ САУАБЫН ЕСЕЛЕП АРТТЫРАТЫН НӘРСЕЛЕР

07 наурыз 2024 2286 0
Оқу режимі

Жеті нәрсе бар, берілген садақаның сауабын еселеп арттырып, оны көтереді.

Біріншісі: Садақаны табыстың халал және тазасынан беру. Расында Aлла Tағала: “Уа, иман еткендер! Тапқан табыстарыңның, өндірген өнімдеріңнің жақсы әрі адал болғанынан садақа беріңдер” (Бақара сүресі, аят 267) дейді.

Екіншісі: Кедей адамның қолында барынан аз да болса берген садақасы. Шынында Пайғамбарымыздан (с.а.у.) “Eң ізгі садақа қандай?” деп сұрағанда, “Қолында аз ғана дүниесі бар кедейдің берген садақасы” деген.

Үшіншісі: Садақа беретін мүмкіншілік қолдан шығып кете ме деп қорқып садақа беруге асығу. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) “Адамның тірісінде, дені сау кезде берген бір дирхем садақасы өлім аузында жатып берген жүз дирхемнен қайырлы” деген.

Төртіншісі: Садақа үшін малының ең тәуірін, ең бағалысын таңдау, нашарын, іске жарамайтынын бермеу. Расында Алла Тағала былай деген: “...Садақаны өздеріңе берілсе жақтырмай алатын қадірі шамалы жаман дүниеден беруге тырыспаңдар...” (Бақара сүресі, аят 267)

Бесіншісі: Рия болғаннан қорқып садақаны жасырын беру. Шынында Ибн Аббастан (р.а.) былай риуаят болған: “Нәпіл садақаны жасырын беру жария бергеннен жетпіс есе ізгі. Парыз садақаны, яғни зекетті жария түрде беру жасырын бергеннен жиырма бес есе артық”.

Aлтыншысы: Садақаның сауабы жойылып кетуінен қорқып, садақа берген адамға оны міндетсінбеу.

Жетіншісі: Күнәға ұрынудан қорқып садақа берген адамды қинамау. Aлла Tағала “Уа, иман еткендер! Мал-пұлын (қайырымдылық мақсатта) ел-жұрт көрсін деген ниетпен жұмсайтын, Аллаға һәм ақирет күніне сенбейтін адамға ұқсап, берген садақаларыңды міндетсіну немесе (садақа алған жандарды) режітетіндей әрекеттерге бару арқылы зая қылмаңдар...” (Бақара сүресі, аят 264) деген.

Пікірлер Кіру