ШАҒБАН-РАМАЗАННЫҢ ЖАРШЫСЫ

Шағбан» сөзі «көп жақсылықтың бастауы» деген мағынаға ие. Бұл ай ережеп айының бітуінен хабар беріп, Рамазанның жақындағанын сүйіншілейді.
Алла елшісі (с.ғ.с): «Шағбан айы кіргенде, өздеріңізді тазалаңыздар және ниеттеріңізді дұрыстаңыздар», - деген.
Бұл айды Рамазанға дайындық айы деуге болады. Бұл айда Рамазанды бос өткізіп алмаудың қамын жасағаны жөн. Соған орай, шамасы келген мұсылманға көптеп нәпіл (ерікті) ораза ұстайтын ай. Дегенмен, қанша күн әрі қай күндері ораза ұстау керек екені жайында нақты айтылмаған. Сондықтан қанша күн ұстаймын десеңіз де өз еркіңіз.
Көп жағдайда адамдар Ережеп пен Рамазан айларына аса көңіл бөліп, Шағбан айында босаңсуға түсіп қалып жатады. Ол қателік. Керісінше Рамазан айынжақсы құлшылықпен өткізуді қаласаңыз, Шағбан айын өнімді өткізу қажет. Ол дегеніңіз Ережеп айында еккен егініңізді Шағбанда баптамасаңыз Рамазан айында жеміс бермейтін бағбаншының ісі секілді.
Айша анамыз (р.а.): «Пайғамбарымыз (Рамазаннан тыс) басқа айларға қарағанда Шағбан айында көп ораза ұстап былай дейтін: «Сауапты амалдардан шамаларың жететінін жасаңдар. Өйткені, сендер жалықпасаңдар болғаны Алла сендерге ешқашан жалыққандай сыңай танытпайды. Алла Тағала қабыл алатын ең жақсы амал − аз болса да үзбей істелген іс» деп еске алған.
Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с) Ережептен кейінгі кезекте Шағбан айына өте көңіл бөлген. «Алла Тағалам, Режеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткіз» деген дұғасын жиі айтатын.
Ендеше, Алла Тағала баршамызды Рамазан айына ерекше дайындық пен әрі аман-есен жеткізуді нәсіп етсін!