ШӘКІРТТІК ХӘЛ

06 тамыз 2024 1023 0
Оқу режимі

Сүйікті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) «Талбесіктен жер-бесікке дейін білім іздеңіздер!» деген өсиетін білмейтін мұсылман кемде-кем. Қасиетті Құранның Алла Елшісіне түсірілген алғашқы аяты – адам баласына бұйырылған негізгі үкім: «Оқы! Сені ұйыған қаннан жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген аят екені де белгілі («Ғалақ» сүресі, 1-2-аят). Бұдан шығатын түйін: мұсылман адам – білім жолындағы адам; «Әлем» немесе «Өмір» атты Кітапты оқи алуға қабілетті, сол арқылы Жартақан Иесін танып-сүюге қабілетті жаратылыс! Осылайша адам баласы оқу арқылы, білім-ілім меңгеру арқылы өз борышын атқара алады, жаратылу мақсатын орындай алады...

Алла Тағаланың Өзі қандай Құдіретті, қандай Дана болса, Ол жаратқан Әлем де, таным мен білім де – сондай шексіз, сондай түпсіз! Замандар өте келе, ғылым-білім дами келе, қаншама жаңа заңдылықтар мен құбылыстар, жаңа заттар мен жаңа технологиялар ашылуда. «Мына ғылымның немесе өнердің шегі осы, осымен тоқтадық» деп ешкім айта алмайды. Құдірет деген, Шеберлік деген, Даналық деген осы!

Енді осыншама білім-ғылымды игеру үшін, сол арқылы Тәңірі Тағаланың рыздық-нығметін пайдалана алу үшін бізге не керек? Білімге деген тойымсыздық, Ғылымға деген сүйіспеншілік, жалықпайтын ізденгіштік қажет! Ол үшін адам бойында «шәкірттік хәл» деген сипат болуы тиіс! Әңгіме басында айтылған хадис пен аяттың көздегені, ардақты Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өсиетінің бір қыры-талабы – мұсылман баласының бойында осы шәкірттік хәлдің болуы!

«Мен бәрін түсіндім, болдым-толдым» деген адамның тоқырауға ұшырайтыны анық. Өзін «білгір», «ғалым» санап, енді оқитын, үйренетін ештеңе қалмағандай күйге түсіп, сөйтіп нәпсінің шырмауы мен әзәзілдің азғыруына ұшырап қалмау үшін әркез осы шәкірттік хәлден ажырамау қажет. «Қытайдан болса да, барып білім ал» деген хадистің астарына үңілсек: біз үшін діни біліммен қатар дүниелік білімді де меңгерудің қажеттігі анық көрінеді. Бұл ойды «Даналық – мұсылманның жоғалтқан нәрсесі, қайдан тапса да, алсын» деген Пайғамбар өсиеті одан ары толықтыра түседі. Расында, үздіксіз ізденуді меңзейтін шәкірттік хәлге мықтап жармасу – кез-келген тоқыраудың алдын алады...

Мұсылман кісі, әсіресе дін ғылымын меңгеру барысында осы хәлден айнымауы керек. Әр аят пен хадисті, әр хабарды алғаш естігендей тұщынып тыңдауы тиіс. Егер екінші рет естіп отырған болса: білетініне шүкір етіп, сосын «бұған амал еттім бе?» деп өзін тексеруі тиіс; егер іске асырған болса, онда тағы бір мәрте шүкірлігін айтып, «бұл білімді басқа бауырларыма жеткіздім бе?» деп өзінен сұрауы керек; егер жеткізген болса, онда «бұл дүниені не үшін қайталап естіп отырмын? Бұның нендей хикметі бар?» толғануы қажет. Бұл да – шәкірттік хәл.

Иә, «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз» демекші, «мұсылман» дегенде: қолынан кітабы мен қаламы түспейтін, іздену мен кемелдену жолындағы адам елестеуі керек! Шәкірттік хәлін жоғалтпаған кішіпейіл, жасампаз адам елестеуі керек! Бір идеалымыз осы...

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру