ШАРИҒАТ ӨТІРІК АЙТУҒА РҰҚСАТ ЕТЕТІН ЖЕРЛЕР

02 қараша 2023 2795 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыздың (с.а.с) қызы Үмму Күлсім (р.а) жеткізген хадисте: «Мен Пайғамбарымыздан (с.а.с) өтірік айтуды үш жерден артық  рұқсат бергенін естімедім деген:

- Бір адам екі жақты жарастыру мақсатымен айтса (яғни келіспей қалған екі тарапты);

- Бір адам соғыс кезінде (айла үшін) айтса;

- Күйеуі әйелімен сөйлескен кезде және әйелі күйеуімен тілдескен кезде». (Мүслім)

Ерлі-зайыптылар арадағы көркем қатынасты сақтау үшін өтірік айтса болады.

Ал одан басқа ниет көзделсе, онда өтіріктің қай түрі болмасын – харам.

Бауыржан Момышұлы атамыз:

«Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық»,- деп айтқан. Неге? Бір ауыз өтірікте тұрған не бар?

Сафуан бин Салим (р.а.) риуаятында Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Мұсылман қорқақ бола ма (мүмкін бе)? –деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә», – деп жауап береді. Соңыра: «Мұсылман сараң бола ма (мүмкін бе)? – деп сұрап еді, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә», – дейді. Мұсылман өтірікші бола ма (мүмкін бе)? – дегенде: «Жоқ», – деп жауап берген екен[1]. Өтіріктің құйрығы бір тұтам демекші, адам қанша өтірік айтса да, ақыры соңында масқарасы шығады. Міне, сондықтан өтіріктің балынан, шындықтың уы әлдеқайда қайырлы. Әли бин Әбу Талиб (р.а.): «Бір нәрсені бүгіп қалған адамның тілі жаңылып және бет әлпетінен байқалып қалады», – деген.

Жалпы, өтірік сөзді жақсы немесе жаман деп бөліп-ажыратуға келмейді. Сонымен бірге, өтірік сөзді үлкен-кіші деп талқылауға болмайды. Өйткені, хадисте: «Өтірік өтірік боп жазылады. Тіпті, титтей өтірік титтей өтірік боп жазылады[2]», – деген екен.

Сахаба Абдулла бин Амир (р.а.) былай деп еске алады. Бір күні (бала күнімде) анам: «Мұнда кел, бір нәрсе беремін», – деп шақырды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздің үйде отырған. Ол кісі: «Оған не нәрсе бермек болдың?» – деп сұрады. Анам: «Құрма бермекші едім», – деді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер де сен балаңа ешнәрсе бермесең, саған өтірік сөз (айтты) деп жазылған болар еді[3]», – деген еді».

Дегенмен де, шариғатта үш жағдайда өтірік айтуға рұқсат береді. Бұл аса маңызды және қажетті орындар. Ондай жағдайда өтірік айтқан адамға күнә емес, керісінше сауап жазылады.

Бірінші – араздасып қалған екі досты татуластыру үшін.

Екіншісі – жаудан құтылу үшін.

Үшіншісі – ерлі-зайыптыларды жарастыру үшін. Әрине, бұл арсыздық жасап алып, оны өтірікпен бүркеу деген сөз емес. Бұл үш жағдайға қатысты, сахаба әйел Үмму Кулсум Уқбақызы (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Адамдар арасын татуластыру үшін жақсы сөз айтып, жақсылықты жайған кісі өтірікші емес» деп айтқанын естідім[4]», – десе, Ибн Шиһаб (р.а.): «Адамдардың үш жағдайдан басқа өтірік айтуына рұқсат берілгенін естімедім, ол жағдай: соғыста, адамдар арасын татуластыруда және күйеуінің әйеліне айтқан сөзі мен әйелінің күйеуіне айтқан сөзі», – деген екен.

Ал, басқа жағдайда өтірік айту – үлкен күнә. Тіпті, адамды мақтап марқайту үшін немесе әзіл-қалжыңға «тұздық» болсын деп өтірік қосып жіберуге болмайды. Имам Муслим еңбегінде: «Мақтаушыларды көрсеңдер, беттеріне топырақ шашыңдар[5]», – деген хадис бар.

Демек, «жұртты күлкіге қарқ қыламын» деп өтірікті әдетке айналдыруға тіптен болмайды. Мұндайдан пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сіз бен бізді тыйып: «Жұртты күлдіру үшін бір әңгіме айтып, өтірік сөйлейтін адамға нендей өкініш (тозақ болсын)[6]», – деп үш қайтара айтқан.

Біздің өтірік айтуға бейімділігіміз өз айыбымызды жасыруға әрекет етуімізден екені айдан анық. Кеш тұрғандықтан, таңертең жұмысқа кешігеміз. Оны жасыру үшін қоғамдық көліктен бастап, ауа райына дейін барлығын кінәлі етіп шығамыз. Тек өзіміздің кінәмызды ешуақытта, ешбір жағдайда мойындамаймыз. Не болса да, судан құрғақ шығудың амалы. Демек, өтіріктен арылу үшін адам бойындағы мінін түзеуге міндетті.

Пікірлер Кіру