ШАЙТАНҒА ТӘН ЛАС ІС (жалғасы)

25 қазан 2021 708 0
Оқу режимі

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Нарды ойнған адам Алла мен елшісіне қарсы шыққан болады»,[1] –деген. Алла елшісінің (с.ғ.с.) басқа да хадистерінде сол заманда кездескен құмар ойындардың түрлеріне тыйым салынған.

Құмар ойын арқылы табылған табыстың қайырымдылыққа жұмсалуы немесе ұйымдастырушылар тарапынан қоғам игілігіне белгілі бір үлесінің аударылуы – құмар ойынның діндегі харам үкімін өзгертпейді. Өйткені, қанша жерден жақсы ниетпен істелсе де, харам істің аты харам. Қасқырға қой терісін жапқанмен, ол қасқыр күйінде қалары сөзсіз. Сондай-ақ, бұлай жасаған күннің өзінде бұл істері сауапқа саналмайды. Себебі, харам жолмен келген табыс қанша жерден жақсы жолға жұмсалғанымен, одан сауап үміт ету ақылға қонбайды. Себебі, Алла Тағала адал нәрсеге ғана сауап береді. Сонымен қатар, мұндай жолмен табыс тапқан адам ол ақшасына тамақ сатып алып жесе, жеген тамағы да харам ас болып саналады. Себебі, бұл табысы – әділетсіз жолмен келген табыс болып табылады.

Тағы бір ескерте кететін мәселе, қатысушылар өзара келісіп, араларынан жеңген немесе жеребе түскен адамға әрқайсысы белгілі бір мөлшерде дүние-мүлік беретін болса немесе соны уәде етсе, бұл да құмар ойын болып саналады. Алайда, мұндай өтемді немесе уәдені үшінші бір тарап, яғни, ойынға қатыспайтын бір тұлға берсе немесе ойынға қатысушы екі кісінің біреуі ғана өтем төлейтін болса, яғни екі кісінің бірі «жеңсең мен мынша ақша беремін, жеңілсең сен ештеңе бермейсің» десе немесе үшінші бір тұлға «қай жеңгеніңе мен осыншама сыйақы беремін» десе, қатысушылар қалталарынан ешнәрсе шығармаған жағдайда құмар ойын болып саналмайды. Себебі, алғашқы айтылғанда кездейсоқтық пен сәттілікке немесе белгісіз нәтижеге негізделген екі жақты ұту мен ұтылу мәселесі болса, екіншісі қатысушылардың тысқары бір тұлға немесе қандай да бір ұйымның ынталандыру мақсатындағы сый беруі болып табылады.

Сондай-ақ, кейбір ойындардың түрлері белгілі бір мөлшерде ептілік пен шеберлікке қатысты болғанымен, түп негізі сәттілік пен кездейсоқтыққа байланысты болғандықтан, олар да құмар ойынның қатарынан шықпайды.

Алла Тағала Құранда «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам, әділетсіз жолмен жемеңдер», - деп ескертеді. Сондықтан мұсылман баласы тапқан табысына, оны қайдан, қандай жолмен тауып жатқандығына ерекше мән беруі керек. Себебі, Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде қиямет күнінде адам баласы мал-мүлкін қайдан тауып, оны қандай жолға жұмсағандығы жайлы толықтай есеп бермейінше, тұрған орнынан жылжи алмайтындығы баса айтылған.

(Мақаланың басы мына сілтемеде).

Әлімов Жақып
«Aq Meshit» мешітінің азаншысы


[1] Әбу Дәуід, Ибн Мәжә және Ахмед ибн Ханбал риуаят еткен

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру