ШЕТЕЛДЕ ДІНИ БІЛІМ АЛУДЫҢ ҚАУПІ

04 шілде 2024 1379 0
Оқу режимі

Күні бүгінге дейін шетелде діни білім алу жөнінде сұрақтар жиі көтеріліп жүр. Себебі, шетелге білім қуып барған тек өзге ұлт жастары ғана емес, қазақ жастарының ішінде де діни ағымдардың ықпалына түсіп, теріс, қате идеологияның жақтаушысы болып кеткендер аз емес. Неге десеңіз, әлі күнге дейін өзге елдегі бейресми оқу орындарында білім алуды дұрыс құп көретіндер баршылық. Өзге елде діни білім алуға кұштар жастарымызды теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтау үшін қайтпек керек? Иә, бұл мақаламызда осынау өзекті сауалдың жауабын табуға тырысып көрдік. Шетелде білім алудың атап айтар артықшылығы баршылық. Сол білімнің шыққан жеріне барып, түпнұсқасынан оқып және өзге елдерден келген білімді жастармен білімі мен біліктілігін алмасып, білімі асқар таудай ғалымдардың білімін бойына сіңіру сықылды артықшылықтары бар.

Қазіргі уақытта жастарымыздың шетелде білім алып, болашағына сеніммен назар салып, елімізге керекті һәм бірегей маман боламын деген ұмтылыстары құптарлық әрекет. Сол секілді залалды тұстарын да жоққа шығаруға болмайды. Діни иммунитеті қалыптаспаған әрі дәстүрлі, қазақы танымы болмаған жастарымыздың, жат ағымның жетегіне еріп кетудегі бірден-бір себебі осы болып отыр. Еске түсірер болсақ, 2010-жылдардан бастап көптеген бауырларымыз бен қаракөз қыздарымыз Сирияға аттанды, және де қаншама террористік акт орын алды және экстремистік қылмыстар жасалды. Осынау келеңсіздіктерге шетелдік уағызшылар тіке ықпал еткені белгілі жәйт.

Соңғы жылдардағы, Таяу Шығыс елдерінде әртүрлі діни ағымдардың белсенділігі артуы мен қоса дінаралық келеңсіздіктер белең алуы, террористік ұйымдардың ашықтан-ашық әрекет жасауы себебінен қоғамдық, саяси және діни жағдаят күрделене түсті. Бұндай әртүрлі жалған және деструктивті ағымдардың басты мақсаты, олар өзге елден білім алу мақсатында келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын көбейтуді көздейді. Себебі олардың көздейтін мақсаттары – діни теріс идеологияны дәріптеу арқылы басқа елдерге деструктивті ағымдарды тарату. Өз елінде бастапқы діни білімін жетілдірмеген адам шетелге барғанда ақ-қарасын, кімдікі дұрыс, ал кімдікі бұрыс екенін ажырата алмауы себебінен сол елдегі деструктивті тәлім беретін орталарға қосылып кетуіне ықтималдылығы жоғары болып отыр.

 Жоғарыда атап өткеніміздей, діни экстремистік әрі террористік қылмысқа барғандардың, Сирияға аттанғандардың көбі – шетелдік тіркелмеген немесе бейресми оқу орындарында білім алғандар және солардың уағыз-насихаттарын бойларына сіңіргендер екені анықталып отыр. Дей тұрғанмен, шетел асып білім алмау керек деген тұжырымнан аулақпыз. Өйткені, діни білім ғана емес, жалпы білім алу үшін сапарға шығу Ислам дінінде құптарлық іс саналады. Және де тағы бір ескере кететін нәрсе ол – ғаламтор (интернет) желісі. Елімізде тіпті дүниежүзінде ғаламтор желісіне деген тәуелділік, өткен карантин болған жылдары күрт өсті.

Білім беру, сауда орындары және т.б. мекемелер де онлайн форматына ауысты. Әрине білім жөнінде, нақтырақ айтқанда оқушылар, студенттер тіпті шалғай ауылдарындағы білім ордалары да ғаламтор желісін қарқынды пайдаланды. Осыған орай арам пиғылды жат ағымдар да өз еселерін жіберіп алмауға тырысып бақты. Олар алуан түрлі сайттар арқылы жастарымыздың санасын улауға күштерін салды. Бұндай қауіпті сайттар мен қосымшалар мемлекет тарапынан бұғатталды және осы уақытқа дейін бұғатталып келеді. Аталған жағдайдың көпшілігіне ата-ана бақылауының маңызы жоғары. Білім талап етуші (студент) шетелде діни білім алатын болса, ата-ана баласының нендей діни мекемеде оқып жатқанын білуі міндетті.

Сондай-ақ, беймәлім «хұжыралар» мен «мәркәздарға» (діни білім беретін орталықтар) байқамай түсіп кетпеуін де қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай һәм кіммен өткізетіні жәйлі білгені абзал. Қазіргі уақытта діни сауатын арттырғысы келген немесе діни маман болуды армандаған жастарға оны отандық діни білім беру ордаларында алғаны маңызды. Атап айтар болсақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Нұр Мубарак» Египет ислам мәдениеті университеті мен 9 медресе-колледж жұмыс жасайды. Басты шаһарлардың бірінде, Алматының төрінде құрылған жылынан бастап-ақ «Нұр Мубарак» университеті елеміздің белді діни білім беру ордасына айналып үлгерді. Бұдан өзге зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде 5 жоғары оқу орнында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «дінтанушы» мамандары даярланады.
 

Қорыта келе, шетелдердің діни білім беретін орындарында ҚМДБ және мемлекетаралық келісім негізінде ғана магистрлік және доктарантттық дәрежеде оқуға болады. Ал бастапқы білімді, яғни, бакалаврлық базалық білімді өз еліміздегі оқу орындарынан алу қажет. Студенттік шағын исламтану, дінтану және теологиялық ілімдерін зерттеуге арнаймын деген жастарымызға айтарымыз – өз Отанымызда да кәсіби білім алуға жағдай жасалғанын ескергені жөн болар.

Мұхамедәлі КУАНЫШБЕК,

Ұлытау облысының дін істері басқармасының

«Діндерді зерттеу орталығы» КММ теологы

 


 

 

Дереккөз: казислам.кз

Пікірлер Кіру