Шын діндар надан болмайды

19 наурыз 2021 8552 0
Оқу режимі

Білімсіз жасалған құлшылық - тамырсыз талмен тең. 
Абай

Білімсіз жасалған құлшылықтың хайыры жоқ,
дұрыс түсінігі болмаған білімнің хайыры жоқ!

Әбу Хайсамә

Бүгінде қоғамда неше түрлі ағымдар мен жамағаттар көп. Алайда, мешіттеріміз бен медреселерімізде дәстүрлі Исламның сан ғасырлық дұрыс өнегесі насихатталуда. Дінді шынайы ұстанып, дұрыс бағытта, тура жолда жүремін деген шын діндар білімді болмақ керек.

Қоғам мүшелерінің ішіндегі жат ағымдар жетегінде кетіп, радикалды немесе дестурктивті жолға бет алатындардың басым көп бөлігі діни сауатсыз екенін өмірде жиі байқаймыз. Олардың арасында діни сауаттылық деңгейді былай қойғанда, тарихи және ұлттық таным-түйсіктері қалыптаспаған азаматтар деуге толық негіз бар. Демек, діндегі адасудың басы сауатсыздықтан басталады.

Діндегі сауаттылық деңгейдің төмендігінің бүгінгі қоғамдағы нақты көріністерінің бірі – діни мәтіндерді дұрыс түсінбеу. Құран және хадистерді тіке түсінуден немесе бұрмалап түсінудің салдарынан қаншама қаракөздеріміз теріс пиғылды жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Ендеше, білімсіз дін ұстану діндарлыққа жатпайды.

Дінді білімсіз ұстанбау жайлы Ислам дінінде ашық үндеулер мен ескертулер бар. Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде бұл жайында: «Шын мәнінде Алладан ғалымдар ғана қорқады»[1], – деп тақуалықтың шыңы білімділікте екенін сүйіншілесе, тағы бір аятта: «Раббым, білімімді арттыр деп айт»,[2] деп бұйыру арқылы күллі адамзат баласына білім талап етуге, білімдар болмаққа ұмтылуға насихаттайды. Баршамызға белгілі «Зүмәр» сүресінің 9-аятында Алла Тағала адам баласына: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?» деп, білімнің көшелі қасиет екенін ескертіп, әрбір мұсылман баласына надандықтан арылуға ишарат жасайды.

Адамзаттың ұстазы, Екі дүниенің Сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с) асыл өнегелері мен тағылымды хадистерінде де білімсіздіктен қашып, ғылым игеруге деген ұмтылысты өте жоғары бағалаған. Алланың ақырғы Елшісі, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) ғибратты ғұмырынан мирас боп қалған хадистерінде былай дейді: «Ілім үйрену әрбір мұсылман ер және әйел кісіге парыз»[3]: «Бір адам жолға білім алу үшін шықса, Алла Тағала осы үшін оған жәннат жолын жеңілдетеді»[4];

Міне, жоғарыда келтірген хадис шәрифтердің мағынасы әрбір жұмыстың сапалы аяқталуы, кез-келген білімнің дұрыс болуы үшін сол саланы жетік білу керектігін меңзеп, ғылым игергендердің Алла алдындағы сыйлығы мен дәрежесі жоғары болатынын сүйіншілейді.

Білімді болу тек діни салада ғана емес, басқа да қоғамдық-жаратылыстық ғылымдар саласында да білімді болуымыз керек. Біздің асыл дініміз соны насихаттайды. Тарихымызға үңілетін болсақ, дініміздегі ғылымға деген сүйінші хабарлар мен аталарымыздың білімге деген құштарлығынан Тұран даласында медицина, астрономия, жықы шаруашылығы, көпшенді әскери өнер, т.б сан ғылымның негізі қаланғаны айдан анық.

Сондықтан, үш ғасырлық бодандық пен жетпіс жылдық желкелеуден құтылған тәуелсіз ұрпақтың ата тамырын тауып, дін ғылымын үйрену мәселесінде де білімдарлықпен кіріскені абзал.

Өкінішке орай, қазіргі кезде Құран мен Сүннетті басшылыққа алудың орнына, өз көңіл-қалауы мен эмоцияларды басшылыққа алатын мұсылмандардың саны өте көп! Мұсылман адам дін туралы бір нәрсе айтпастан бұрын немесе дінде бір нәрсені істеместен бұрын, ол туралы қажетті нәрселердің барлығын біліп алмайынша, сөйлемеу керек, істемеу керек, себебі білімсіз жасалған амал өзіне де, өзгеге де орасан зор зиян әкеледі. Расында, білімсіз амал ететін адам – қараңғылықта адасып жүрген адам сияқты. Омар ибн Абдулазиз айтады: «Кімде-кім Аллаға білімсіз құлшылық етсе, онда ол пайдадан гөрі, зиян көп әкеледі».

Сәбит Ережепов
Нұр-Сұлтан қаласы,
«Әлжан ана» мешітінің наиб имамы

 


[1] «Фатыр» сүресі, 28-аят.

[2] «Таһа» сүресі, 114-аят.

[3] Ибн Мәжә, «Муқаддима», 17.

[4] «Риязус Салихин» І том

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру