Шынайы тәубе қандай болуы керек?

03 қараша 2020 5691 0
Оқу режимі

Жасаған кез келген күнә тәубені талап етеді. Қасиетті Құранда: «Сөзсіз, Алла тәубе еткендер мен тазаланғандарды сүйеді»[1], - деп келеді. Ұлы Жаратушы Алла Тағала біздерге өз күнәлары үшін шынайы тәубе ететіндерді жақсы көретіндігі және кешіретіндігі туралы хабарлайды. Жасаған күнәсін мойындап, сол күнәні енді жасамауға бел буып, Алладан қорқып, кешірім сұрап, дұға қылып, шынайы тәубе еткен адамның тәубесі қабыл болады. Бұл туралы «Тәубе» сүресінің 104-аятында: «Олар пендесінің дұғасын қабыл етіп, садақаларын алатын тек қана Алла екенін білмей ме? Шынында, Алла – тәубені қабылдағыш, ерекше мейірімді», – деп айтылған. Сондықтан, әрбір шынайы тәубе қабыл етіледі. Алла Тағала шынайы тәубе еткендердің күнәларын сауапқа айналдыратыны туралы: «Кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді»[2]– делінген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аллаға ант, шын мәнінде мен бір күнде Алладан жетпіс мәртебеден астам кешірім тілеп, тәубе етемін», – деген. 

Джалаладдин Руми өзінің «Маснәуи» атты кітабында мына оқиғаны баяндайды: «Халифа Омардың (р.а.) кезінде тойларда сырнай тартып, ән шырқайтын бір сырнайшы болған екен. Қартайған соң өзінің атағы мен беделін жоғалтып, кедейлікте өмір сүреді. Бір күні ол үміті үзіліп, қажып Алладан жалбарынып сұрайды: «Уа, Алла Тағалам! Сен маған ұзақ өмір мен көп мүмкіндік бердің. Сен мына мен сияқты күнәһар құлыңды ешқашан Өзіңнің жомарттығың мен ризығыңнан айырған емессің. Мен жетпіс жыл бойы Саған тәубе етпестен күнә жасап келдім. Сен мені несібемнен, тіпті, бір күн болса да айырған емессің. Енді қауқарсыз қалған шағымда, күн көрер кірісім таусылып, көмек сұрап Саған бет бұрып, қол жайып отырмын», – деп жылаған күйі жақын маңда орналасқан зиратқа барып, музыкалық аспабына басын қойып, ұйықтап қалады.

Дәл осы уақытта Омар (р.а.) да ұйықтап жатқан болатын. Түсінде: «Уа, Омар! Зират маңында Біздің таңдаулы құлымыз жатыр. Қазынадан жеті жүз динар алып, оған бер де, былай де: «Мына динарды ал да, керегіңе жарат, бітіп қалса қайтадан маған кел», – деген дауыс естиді.

Сол сәтте ұйқыдан оянып, дереу зират маңына барады. Сол жерге барып, алды-артына қарап, ұйықтап жатқан қарт сырнайшыдан басқа ешкімді көре алмайды. Ол (р.а.)  өз-өзіне: «Мына кәрі сырнайшы қалайша Алланың таңдаулы құлдарының бірі бола алады?» – деп іштей таңданады, «Бірақ қараңғы жүректер де нұрға бөленуі мүмкін ғой» деген оймен сырнайшының қасына барып, оны оятады.  Ояна салып, көз алында Омарды (р.а.) көрген сырнайшының қорыққанынан өңі қуарып кетеді. «Менен қорықпа, мен саған Алладан қуанышты хабар алып келдім. Алла саған сәлем жолдап, менің саған мына ақшаны әкеліп беруімді тапсырды. Ақшаң бітсе маған қайта келерсің», – дейді.

Мұны естіген сырнайшы ұяттан зар илеп жылап жібереді.  Музыкалық аспабын сындырып, Аллаға жалбарынып былай дейді: «О, Жаратушым! Осы уақытқа дейін Саған құлшылық қылмай,өмірімді зая кетіріп, күнәһар  құл болып келгенім үшін Өзіңнен кешірім сұраймын. Сен маған берген өмірімнің бір күнін де бағаламай, бұл өмірден бір күні жоқ боларымды білсем де, уақытымды текке өткізіпін.О, Алла! Осы уақытқа дейін жасаған барлық күнәләрім үшін тәубе еттім, мені кешір», – деп еңіреп жылайды.

Осы сөздерді айтқаннан кейін қарт сырнайшы «Алла!» деген сөзді  айтып, сол жерде жан тапсырады. Бұл оқиғадан кейін, Омар (р.а.) мұсылмандарға: «Қараңдар! Шынайы тәубе осындай болуы керек. Алла баршамызды тәубе еткен құлдардан етсін!» – деді.

Лаура Алмаханова


[1] «Бақара» сүресі, 222-аят.

[2] «Фурқан» сүресі, 70-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру