«СҮЛЕЙМЕНШІЛЕР» ЖАМАҒАТЫ ТУРАЛЫ БІЛЕМІЗ БЕ?

23 ақпан 2023 1476 0
Оқу режимі

«Сүлейменшілер» деген атау – Сүлеймен Хилми Тунаханның шәкірттеріне және солардың соңынан ерушілерге берілген есім.

Бұл жамағаттың тарихи дәуірде басынан өткерген оқиғалары екі негізгі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – Сүлеймен Хилми Тунаханның өмірде болған уақыты. Екіншісі – Сүлеймен Хилми Тунахан дүние салғаннан кейінгі кезең. Аталмыш екі кезеңнің өзін Түркия елінде орын алған саяси өзгерістер аясында өз ішінде бірнеше бөлімге бөліп қарастыруға болады.

Ол үшін алдымен Сүлеймен Хилми Тунахан деген кім? Алдымен осы сұраққа жауап беріп көрелік. 

Сүлеймен Хилми Тунахан 1888 жылы қазіргі таңдағы Болгария Респубикасы, Силистра қаласы, Разгард кентінің Ферхатлар (Делчево) ауылында дүниеге келген.

Әкесі ұстаз болған Сатырлы медресесінде білім жолын бастаған Сүлеймен Хилми Тунахан бұл жерді бітіргеннен кейін, Силистра орта мектебінде білімін жалғастырады. Сосын білімін толықтыру үшін Стамбулға келеді. Стамбулда 10 жылдан астам уақыт араб тілі, тәпсір, хадис және т.б. білімдерді үйреніп, соңында ұстаздық қызмет ету мәртебесіне ие болады және Қазилар медресесін тәмамдайды. 1920 жылдың 1 маусымнан бастап Османлы сұлтанының бұйрығымен жалпы ұстаз болып қызметін бастайды. 1922 жылы жалпы ұстаздық қызметімен қатар «Дәрул Хиләфәт Әл-Алия» медресесінің бірінші бөлімінде Түрік тілі оқытушылығы қызметін қоса атқарады.

          1923 жылы Осман империясы құлап, орнына Түркия республикасы құрылғаннан кейін елде бірқатар өзгерістер орын алып, діни саясаттың да бағыты ауысады. Бес жылға созылған осы ұстаздық қызметінен кейін 1924 жылдың 3 наурызында «Білім жүйесін біріздендіру заңы» бойынша медреселер алдымен Білім министрлігіне қаратылып, сосын жабылып қалды. Алайда, Сүлеймен Хилми Тунахан қызмет еткен Бастауыш медреселері «Имам Хатиб» мектебіне айналдырылды. Бірақ, Сүлеймен Хилми мұндай жүйемен лайықты түрде діни білім берілмейді деп түйіп, өз еркімен жұмысынан кетті.

          Сонымен қатар, Сүлеймен Хилми «Жалпы ұстаздар бірлестігінің» хатшылығы қызметін атқарғаны белгілі. Бір жиналыста аталмыш бірлестіктің мүшесі, кейіннен имам, уағызшы секілді қызметтерге кеткен 500-520-ға жуық «Стамбул ұстаздарын» діни білімдерді оқыту ісін жалғастыруға шақырады. Осы жиналыстан кейін өзіне қолдау көрсеткен бірнеше ұстаздармен бірігіп, ресми орындарға хат жолдайды. Ол хатта «Біз, яғни, төменде есімдері жазылып, қолдары қойылған жалпы ұстаздар еліміздің «Жаппай соғыс» секілді үлкен бір пәлекеттен аман-есен шыққандығы себепті қаржылық таршылықта екендігін есепке ала отырып діни және Ислами ілімдерді ақысыз түрде оқытуға әзір екенімізді білдіреміз...», - деген сөздері арқылы діни білімді ешқандай ақы алмастан үйрете алатындықтарын жеткізген. Алайда, бұл ұсыныстарына «Мемлекетте білім беруді біріздендіру заңы қолданыста тұр. Ал, бұған қайшы әрекет еткендер аяусыз жазаланантын болады», - деген жауап алады. Көп ұзамай «Жалпы ұстаздар» бірлестігі де жабылып тынады.

          Осыдан кейін Сүлеймен Хилми Тунахан дүние салғанға дейін өз бетімен шәкірттер тәрбиелеп, жер-жерде Құран курсы орындарын құрып, халыққа діни білім үйрету істерімен және дағуатпен шұғылданады. Осылайша көптеген шәкірттер тәрбиелеп, ол шәкірттері де түрлі деңгейде діни қызметтер атқарып, белгілі бір мөлшерде жамағат қалыптастырды. Ол осы қызметі барысында бірнеше рет қудалауға ұшырап, түрмеге де отырып шығады.

          Сүлеймен Хилми  1959 жылы 16 қыркүйекте дүние салғандығы себепті бүкіл қоғамдық ұйымдарда орын алатын жағдай бұл жамағаттың да басына келді, яғни, жамағат біраз тоқырауды бастан өткерді.

          Алғашқы кезеңде жамағаттың құрылымында басшылық қарарлары «Кеңес» арқылы қабылданғаны және бұл қарарлардың қабылдануында ықпалды болған «Ақылдастар алқасы» болғанын байқауға болады. Бұрын осы жамағаттың өкілі болған Хилми Түркменнің айтуы бойынша бұл алқаның жетекшілігін Тунаханның күйеубаласы Кемал Кажар бастаған Халит Башар, Хусейн Каплан сынды өз аймақтарында сөздері өтетін, беделі бар кісілер жүргізген еді. Жамағат біраз уақыт осы аталған кадрлар ұжымдық түрде басқарылса, кейіннен тек Кемал Кажар ғана жетекшілік міндетін атқарды. Кажар бұл уақытта Кутаһиа депутаты болуымен қатар, Еуропа кеңесіндегі Түрік депутаттар алқасының да мүшесі еді. Бұл жағдай арқылы ол әрі өзінің харизмалық қуатын арттырып, әрі жамағаттың елдің ішіндегі және тысындағы ұйымдарын үйлестіруге үлкен үлес қосқанын көруімізге болады. 1960 жылдары бұл жамағаттың Түркия елі бойынша 3000-ға жуық Құран курсы орталықтары қызмет атқарады. Осылайша олар Түркия Дін істері басқармасымен бәсекелесетін деңгейге де жақындап қалады.

          Қызметтерін жалғастырып жатқан уақытта 1971 жылы 17 қазанда Сүлейменшілер жамағатына тиесілі Құран курстары ғимараттары мен бөлімшелерін пайдалану құқығының Дін істері басқармасына өткізілуін талап ететін жарғы қабылданды. Тез арада өткізілмеген ғимараттарда жұмыс жүргізіп жатқан курстарға тиесілі рұқсат қағаздарының  күші жойылатындығы да білдірілді. Бұл кезеңдегі Құран курстарының көпшілігі жамағатқа байланған кісілер құрған бірлестіктердің жетекшілігінде болғандықтан, бұл әрекет Сүлейменші жамағатына өте ауыр тиді. Жамағат мұны шешудің жолы ретінде бірлестіктердің аттары мен жарғыларын өзгерте бастады. Бірнеше мәрте қайталанған бұл өзгертулердің нәтижесінде бірлестіктер тиесілі болған федерацияның аты ең соңында 1980 жылы 4 сәуірде «Курс және мектеп оқушыларына жәрдем беру бірлестіктері федерациясы» болып бекітілді. Осылайша, Диянеттің (Дін істері басқармасы) бақылауынан шығып, Ұлттық білім министрлігінің бақылауы мен қадағалауына жататын мекемеге айналып кетті. Жамағаттың жауапты кісілері бұл жағдайды бір мәжбүрліктен туындаған шара деп ашықтады. Бұл кезеңнен бастап Сүлейменшілер жамағаты өз әрекеттерін «Құран курстары» емес «Шәкірттер үйі (жатақхана)» ретінде жүргізуді бастады.

          Әлеуметтік тұрғыдан қарағанда 1971 жылдан бастап Диянеттің өзгерген заңнамасы себепті ұйымдық деңгейде қайтадан басталуға мәжбүр болған жамағат бұл жаңа құрылымы арқылы бір жағынан белсенділіктерін жаңартуға мүмкіндік алғанымен, екінші жағынан жамағаттан шығу және бөліну секілді жағымсыздықтарға да тап болды. Бүкіл қоғамдық топтар мен әрекеттердің негізін қалаушысы немесе лидері дүние салғаннан кейін уақыт өте келе алғашқы мақсатынан алыстайтыны, аз да болса бұзылып, алғашқы жағдайларынан ауытқитындықтары белгілі нәрсе. Харизмалы лидерлердің айналасына жиналған топтарда жиі кездесетін және мүлдем дерлік құтылу мүмкін емес бұл әлеуметтік ақиқатты Сүлейменші жамағаты да бастарынан өткерді.

          Ал, 1980 жылы Түркияда әскери төңкеріс орын алып, одан кейінгі кезеңде Сүлейменшілер жамағатына тиесілі жатақханаларды мемлекет меншігіне алу туралы сөз қозғалғанымен, бұл әрекет жалғасын таппай қалады. Мұның нақты себебі белгісіз. Дегенмен, бұл кері қадамның себебі ретінде заңсыз немесе қылмыс саналатындай дәрежеде қандай да бір жағдайдың болмағандығын айтушылармен қатар, 1982 жылғы Конституциясына «иә» деген дауыс беріп, қолдауы турасында жамағатпен келісім жасалғандығын айтқандар да бар. Өйткені, бұл уақытта жамағат өкілдері саяси салмақты қызметтерден де орын алып алған болатын.

          Бұлардан бөлек және ең ақылға қонымды көрінген себеп мынадай: 1971 жылғы оқиғадан сабақ алған, тәжірибесі бар жамағат сақтық ретінде бірлестіктерінің құрылымына өзгерістер енгізіп, оларды бір-біріне тәуелсіз түрде құрған және бірлестіктің мүлкін жекелеген тұлғалардың меншігіне бекіткен болатын. Бұл шара әр бірлестіктің дүние-мүлкінің бөлек-бөлек болып, қандай да бір мүлкін тәркілеу әрекеті үшін барлЫғына ортақ бір ғана іс қозғауға мүмкіндік бермей, әр бірлестікке жеке-жеке іс қозғау қажет болатындай жағдай туғызған еді. Нәтижеде Түркия бойынша 1000-ға жуық бірлестікті жабу туралы іс қозғау біріншіден, көп уақыт алады, онымен қоса, мемлекеттен қаражат талап етеді. Сондай-ақ, бұл жатақханаларды жабатын болса, ол жердегі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ете алмайды және онсыз да қиыншылық жағдайында отырған Қаржы министрлігі бұл жатақханалар мемлекеттің қарамағына өткен жағдайда кадр, бюджет, төлемдер секілді айтарлықтай мәселелерге тап болатын еді. Оның үстіне бұл жағдайлардан кейін халықтың аталмыш жатақханаларға жасап жатқан көмектері де тоқайтынын ескерген биліктің соңғы сәтте кері шегінуге мәжбүр болғандығы байқалады.

Сүлеймен Хилми Тунахан дүние салғаннан кейін жамағаттың жетекшілігін қолына өткізген Кемал Кажар 2000 жылы 17 маусымда өмірден өткенде жамағаттың таралып кететіндігі күтілгенімен, олар қазіргі уақытта да қызметтерін жалғастырып отыр. Кажар қайтыс болғаннан кейін жамағаттың жетекшілікті Сүлеймен Хилми Тунаханның немересі Ахмед Ариф Денизолгунның алғаны баяндалады. Ахмед Ариф Денизолгун 1995 жылғы сайлауда Анталия депутаты болған, 1998 жылдың 5 тамызы мен 1999 жылдың 18 сәуірі аралығында Көлік министрлігінде қызмет атқарған. Одан кейін орталықтарда да, ауылдық жерлерде де қанатын кеңге жаюды жалғастырып жатқан жамағаттың соңғы кездерде қала орталықтарындағы қызметтеріне көбірек басымдық бергендігі байқалады.

          Ал, әлемдік масштабта қарайтын болсақ, бұл жамағатқа тиесілі жатақханалар қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр. Бейресми дереккөздері бойынша Қазақстанда жетпіске жуық жатақханалары бар екендігі айтылады. Алғашқы кезеңдерде бұл жатақханалар «медресе» деген атаумен құрылған болатын. Сол кезден бастап әлі күнге дейін халқымыздың басым көпшілігі бұл жатақханаларды «медресе» деп атайды. Мұнда алғашқы кезде діни білімдер ашық түрде үйретіліп, тіпті, арнайы намазханаларында жұма намаздарына дейін өткізетін. Кейіннен 2011 жылы Діни бірлестіктер туралы заң қабылданғаннан кейін бұл жатақханаларға тексерістер жүргізіліп, ресми түрде қызмет ететін мешіт болмағандықтан, бұл жатақханаларда жұма намазын өткізуге тыйым салынды. Содан кейін олар Түркия жерінде жылдар бойы жиналған тәжірибелері негізінде өздерінің атауларын өзгертіп, «Қайырымдылық қоры», «Шәкірттер үйі» деген секілді атауларға ие болып шыға келді. Қазір бұл жерлерде ресми түрде діни білім үйретілмейді дегенмен де, ішінара бұқаралық ақпарат құралдарында әлі күнге дейін өз жүйлері бойынша діни білім беріліп келе жатқандығы байқалады.

«Жібек Жолы» қайырымдылық мекемелері қауымдастығымен екі мәрте ҚМДБ-мен меморандумға отырып, жатақханаларында тұрып жатқан колледж, университет студенттерін мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарына жіберіп тұруға уағдаласқанымен, меморандум шарттарын орындамағандықтары себепті ҚМДБ олармен келісімді бұзатындығын мәлімдеді.

Бұл жамағат халық арасында негізгі мақсаттары жастардың діни сауатын ашып, Құранды үйрету, сондай-ақ, жағдайы төмен немесе көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар мен студенттерді тегін жатақханамен қамтамсыз ету екендігін айтқанымен, астарында коммерциялық мақсаттың да жатқандығын айтуымыз керек. Өйткені, Түркия жерінде бұл жамағатқа тиесілі балабақшалар мен жеке мектептер, ауруханалар, туристтік компаниялар, қажылық компаниялары, сауда ұйымдары, баспа үйлері жетіп артылады.

Біздің еліміздегі «Қызмет-саяхат» қажылық компаниясы да осы жамағат өкілдері тарапынан жұмысын жүргізіп келеді. Сондай-ақ, түркиялық  «Фазилет» баспа үйі тарапынан шығарылған діни күнтізбелері де қазақ тіліне бірнеше мәрте аударылып, басылып шығарылған.

Сонымен қатар, базарлар мен жеке кәсіпкерлерден қайырымдылық мақсатында жинақталған қаржылардың да қайда кетіп жатқаны белгісіз.

Бұл жамағаттың тағы бір қауіпті тұсы құлшылық мәселелерінде Ханафи мазһабын ұстанамыз дегенімен, олардың күнтізбелеріндегі намаз уақыттары әлем мұсылмандары басшылыққа алып отырған, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде баяндалып, төрт мазһаб имамдарының еңбектерінде тәптіштеп түсіндірілген намаз уақыттарын анықтау әдістемелері негізінде бекітілген намаз уақыттарымен үйлеспейтін тұстары жетерлік. Сондай-ақ, бұл жатақханалардан тәрбиеленіп шыққан шәкірттердің айтуынша, намаз соңында немесе басқа да уақыттарда Алла Тағаланы еске алып зікір еткенде, оймен өз алдарында Сүлеймен Хилми Тунахан тұр деп елестетіп отырады екен. Мұндай амалдың дәстүрлі дінімізде шариғи негізі жоқ екендігін айтқанымызбен, олар ұстаздарынан естіген әңгімелерді ақылға қонымсыз, шариғатқа томпақ болса да, қалтқысыз ақиқат ретінде қабылдайтындығын көрдік. Мұндай зомбилік типтегі сенім адамның келешегі үшін қауіпті екендігі айтпаса да түсінікті.

Алла Тағала баршамызды тура жолға бастасын!

Абу Мұхаммед,

"Төлебай" мешітінің наиб имамы

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру