СҮННЕТ - БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

28 ақпан 2023 3124 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла берген болмысымен күллі адамзат үшін үлгі, кәміл тәрбиеші, кемел ұстаз екені барша мұсылманға белгілі.

Дінімізде парыз бен уәжіптен кейінгі орында тұратын амал – сүннет. Сүннет дегеніміз ардақты Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасаған істері, айтқан сөздері мен құптаған амалдары. Қарапайым тілмен түсіндіргенде «сүннет» дегеніміз – Расулулланың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір өнегесіне ілесу, көркем болмысынан үлгі алу деген сөз. Сүннеттің дініміздегі орыны мен маңызы ерекше.

Бұл турасында қасиетті Құранда былай делінеді:

‎لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآَخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

«Күмәнсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар» («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Демек, Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріне берілген Құранның бағасы. Бұл аяттан сүннеттің маңызын аңғару қиын емес. Себебі, аятта ардақты Елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі үлгі-өнеге екені ашық баян етілуде. Сол үшін де келесі аятта:

‎قُلْ أَطِيعُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ فَإِنْ تَوَلَّوْا فَإِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ الْكَافِرِينَ

«(Оларға) Алла Тағалаға және Пайғамбарға бойұсыныңдар» де, егер олар теріс бұрылса, Алла Тағала кәпірлерді сүймейді» («Әли Имран» сүресі, 32-аят) деп ғұмыры өнегеге толы Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойұсынуға міндеттейді. Яғни, аятта адам баласын әрбір істе пайғамбарлық үлгіні негіз етуге шақырады. Тағы бір аятта:

‎يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ فَإِنْ تَنَازَعْتُمْ فِي شَيْءٍ فَرُدُّوهُ إِلَى اللَّهِ وَالرَّسُولِ إِنْ كُنْتُمْ تُؤْمِنُونَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآَخِرِ ذَلِكَ خَيْرٌ وَأَحْسَنُ تَأْوِيلًا

«Иә, мүміндер Алла Тағалаға да, Пайғамбарға да бойұсыныңдар әрі өздеріңнен болған басшыларыңа бағыныңдар. Егер бір нәрсеге келіспей қалсаңдар, сендер Алла Тағалаға, ақырет күніне, пайғамбарға сенетін болсаңдар, оны шешкенде Алла Тағала мен Пайғамбарға жүгініңдер. Сонда бұл іс қайырлы әрі нәтижелі болады» («Ниса» сүресі, 59-аят) деп әмір етеді. Бұл аятта Алла Тағала адамдар арасындағы мәселелердің өзінде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегесіне жүгінуді бұйырып отыр.

Жоғарыдағы Құран аяттарынан адам өмірі мен сүннеттің арасындағы нәзік байланысты аңғарамыз. Яғни, адам баласының тура жолда жүріп, ізгі амал жасауы, сол арқылы ізгі қоғам қалыптастыруында пайғамбарлық өнеге (сүннет) жолының үлесі зор екенін бағамдаймыз. Сүннеттің бақытқа бастайтын жол екенін бабаларымыз да айтып кеткен. Хәкім Абай атамыз: «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар – хақ, Мүмін болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», – деп Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі сүннет жолының шындық (хақ) негізінде екенін өсиеттейді. Ал, дініміздегі үлкен ғалымдардың бірі Имам Мәлік «Сүннет – Нұх пайғамбардың кемесіндей, оған мінген адам аман қалады» деген екен.

Мамлюк Мусаев,

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің наиб имамы
 

Пікірлер Кіру