Тәкаппарлық – жұмақтан алыстататын жол

26 маусым 2025 233 0
Оқу режимі

Қайырымдылық пен ізгілік жолында болып, кейін одан тайған адамдардың жағдайларын қарап отырсаңыз немесе Алланың Қасиетті уахи мәтіндерін ой елегінен өткізсеңіз, бір нәрсені оңай аңғарасыз: адам үшін ең қауіпті дерт – тәкаппарлық пен өз-өзіне сеніп, өзін жоғары қою.

Өмірде не ғылымнан, не амалдан, не бір кездері жүрген игі жолдан мақұрым қалған немесе тіпті діннен мүлде шығып кеткен адамдардың көбісінің ортақ сипаты – кеудемсоқтық пен өзіне риза болу. Тіпті кейде бір адамды шындықты айтып тұрғанымен, дауысы мен сөздерінен тәкаппарлық сезілсе, мен ол кісіден күмәнданып, сақтанамын. Себебі ондай адамның соңы – өкініш болуы мүмкін деп қорқамын. Себебі білім мен тура жол – бұл ең ұлы ризық. Өйткені бұл екеуінің пайдасы тек мына дүниемен шектелмей, ақыретке де жетеді.

Бірақ бұл ризықтың да өз себептері бар. Солардың ең маңыздысы – кішіпейілділік, Аллаға бет бұру, мұқтаждықты сезіну. Егер адамда бұлар болмаса, ол адам – жарамсыз ыдыс секілді. Ондай адамға туралық пен пайдалы білім орнықпайды, қанша зерек не білімге бай болса да. Сондықтан Алла Тағала Құранда: «Міне, бұл ақырет жұртын – жер бетінде үстемдік пен бұзақылық іздемейтіндер үшін жасаймыз. Соңғы табыс – тақуалардікі» – деді (Қасас сүресі, 83-аят). Тағы бір аятта: «Жер бетінде орынсыз тәкәппарланғандарды аяттарымнан аластатамын» – деп ескертті (Ағраф сүресі, 146-аят). Ал пайғамбарларына қарсы келген қауымды Құранда «тәкәппарлық танытқан шонжарлар» деп сипаттады.

Тозаққа кірудің себебі ретінде де тәкәппарлық келтірілді: «Тәкаппарлар – қандай жаман мекенге барады!» – делінді. Бұл тақырыпта Құранда көптеген аят бар. Аллаға ұмтылған жанның да, ілім іздеушінің де ең мықты қаруы мен азығы – кеудеден тәкаппарлық пен өз-өзін ұнатудан арылу. Және ол кісінің жүрегін Аллаға мойынсұнумен, өз әлсіздігін мойындаумен, өзін кем көрумен және кемшіліктерін іздеп, жамандықтарынан арылуға тырысумен толтыру.

Зүһд пен фиқһ иесі болған сахаба Әбу Дәрда (р.а.) фиқһтың нағыз белгісі ретінде «адамның Алла жолында өз нәпсісін жек көруі» деген. Ең қиын тұсы – тәкаппар адам өзіндегі дертті сезбейді де, мойындамайды. Алайда, оны жанама белгілерден байқауға болады: Мысалы, оған кеңес айтуға болмайды – ашуланады, сын мен айыптауға құмар, адамдар оған тікелей не ишарамен «тәкаппарсың» десе – ашуланып шыға келеді… т.с.с. белгілер арқылы байқауға болады.

Абдулахад Сманов, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, PHD

Пікірлер Кіру