ТАҚУАЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ

09 наурыз 2023 2912 0
Оқу режимі

Хақ Тағала айтады:

«Раббыларыңның жарылқауы мен тақуалар үшін әзірленген ені көк пен жерге тең жәннатқа асығыңдар». («Имран» сүресі, 133-136 аят)

Адам баласы ісіне мұқият болу және Қиямет күні Алла Тағаламен жүздескенге әзірленудің мәнісі тақуалықта. Ал тақуалық дегеніміз: Алла Тағалаға бойсұнып шариғатқа сай тіршілік ету, күнә істеуден сақтану.

«Тақуалық» сөзінің түп негізгі мағынасы: аз сөйлеу. Сонымен қатар, «тақуалық» сөзі «сақтау», «қорғау» және «жеккөрінішті, әдепсіз, зиянды нәрседен аулақ болу» мағынасында кеңінен қолданылады.

Дін саласына келер болсақ, тақуалықтың мәнісі тек күнәлі және ұятты істен сақтанумен шектелмей, бәлкім, өзіне игілік істеу мен Жаратушыға бойсұну ұғымын қамтиды. Алла Тағала айтады:

«Игілік – намазда жүздеріңді шығыс, не батысқа қаратуда емес. Бәлкім, игілік – Алла Тағалаға, Ақырет күніне, періштелерге, Кітапқа, пайғамбарға иман келтіруде, өзі жақсы көрген малын туыс-жақындар мен жетімдерге, кедейлер мен жолаушыларға, жәрдем сұраушыларға және құлдықтан азат ету жолына жұмсауда, намаз оқу мен зекет беруде, уәдені орындауда, қиыншылық пен қасіретке және Алла Тағала жолындағы күресте сабырлық етуде. Осы ізгі сипаттарды иеленгендер – имандарында кіршіксіз адал және шын тақуа».

Осы себептен ғалымдар «тақуалық» сөзінің шариғи мағынасына қатысты: «Тақуалық – Алла Тағаланың қаһары мен азабынан сақтанып, Оның әмірлеріне бойсұну», - деген.

Пайғамбарымыз мұхаммед тақуалықтың сипатына қатысты былай дейді: «Сырт көзге жақсы болып көрінгенімен, Алайда, іші күмәнді болған нәрседен сақтанбайынша пенде тақуалар қатарына қосыла алмайды».

«Омар ибн әл-Хаттаб Убәйдан тақуалық жайында сұрағанда , ол: «Сен тікенегі бар жолмен жүрдің бе?»,-деді.

  • Иә, жүрдім.
  • Сонда қалай жүрдің?
  • Балағымды қайырып, аяғымды ақырындап басатынмын.
  • Міне, тақуалық дегеніміз осы».

Маймун ибн Миһран тақуа адамды сипаттап айтады:

«Жолдасының азығы мен киімі қандай жолмен келіп жатқанына сын көзбен қарағанындай, өзінің де ішіп-жегеніне сын көзбен қарамайынша ешбір пенде тақуа бола алмайды».

Имам әс-Сабуни айтады:

«Өзін зиянды нәрседен сақтаған және Алла Тағалаға бойсұнумен Оның азабынан сақтанған адам – тақуа».

Ибн Әби Хатим айтады:

«Муъаз ибн Жәбәлдан: «Тақуа деген кім?»,-деп сұралғанда: «Ширктен және пұттарға құлшылық етуден сақтанған әрі Алла Тағалаға құлшылық етуде ықыласты болған»,-деп жауап берген».

Әбу Язид Әл-Бистами айтады:

«Тақуа – ақиқатты Алла Тағала үшін айтқан және игілікті Алла Тағаланың разылығы үшін істеген адам».

Тақуалық барлық жақсылықтың негізі. Өйткені  тақуалық Алла Тағаланың разылығын, пайғамбарымыздың достығын және екі дүниенің игілігін нәсіп етеді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед айтады:

«Менің досым араларыңдағы біреудің ұрпағы емес, тақуаларың».

Алла Тағала Қиямет күні белгілі уақытта адамдарды жинап, барлығына естіртіп. «Халайық! Мен сендерді жаратқан  күннен бастап осы кезге дейін өз еріктеріңе қойдым. Енді амалдарыңа есеп бересіңдер. Мен өзіммен қатынас жасаудың жолын белгіледім. Сендер де өзара мансап, атаққа қарай қатынаста болу жолдарын белгіледіңдер. Алайда, сендер менімен қатынаста болудан гөрі, тек өзара қатынаста болуды артық көрдіңдер. Мен: «Тәңірлеріңнің алдында ең жоғары дәрежеге тақуаларың ие болады»,-дедім. Алайда, сендер бар болғаны: «Пәленшеұлы пәленше пәленшеден дәулетті» деген сөзді есту мақсатында Маған қарсы келдіңдер. Бүгін Мен сендермен қатынасымды үзіп, Менімен қатынаста болғандардың мәртебесін көтеремін. Тақуалар қайда?»,-дейді. Осыдан кейін тақуалар үшін ту көтеріліп, олар туға еріп жәннатқа сұрақсыз кіреді».

Тақуа адам:

1.Алланың сүйіспеншілігіне бөленіп;

2.Алланың сүйікті құлына айналады;

3.Осы дүниеде және Ақыретте Алла Тағаланың құрметіне лайық болады;

4.Жәннатты үйі ретінде иеленеді.

Хақ Тағала тақуалықты береке көзі және жаманшылықтың бетін қайтару көзі еткен.

Бұл тақырыпты Имам Ахмад, Имам Тирмизи және Имам Ибн Мажәһ Әнас ибн Мәликтен риуаят еткен хадиспен тәмамдағым келеді.

Әнас ибн Мәлик айтады:

«Расулалла «Мудәссир» сүресінің 56-аятына қатысты былай деді: «Хақ Тағала – тақуа және кешірім Иесі. Раббыларың: «Мен тақуалық иесімін. Маған өзгені серік етпеңдер. Мен өзгені Маған серік етуден сақтанғанды кешіруші Иемін»,-дейді».

 

«Отыз күн оразаның уағызы» кітабынан алынды

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру