ТІЛ КЕСАПАТЫНАН САҚТАНУ (Оныншы күн)
27 ақпан
Оныншы күн
ТІЛ КЕСАПАТЫНАН САҚТАНУ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағаланың адам баласына берген ұлы нығметтерінің бірі – тіл. Халқымызда тілдің қасиеттілігіне қатысты көптеген ұлағатты, даналық сөздердің айтылуы да бекер емес. Алла Тағала қасиетті Құранда:
أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ
«Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) бір тіл, қос ерін (бермедік пе)?» – деген («Бәләд» сүресі, 8-9 аяттар).
Тіл адамды басқа жаратылыстардан ерекшелейтін негізгі нығмет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
الرَّحْمَنُ، عَلَّمَ الْقُرْآنَ، خَلَقَ الْأِنْسَانَ، عَلَّمَهُ الْبَيَان
«Рахман (Алла)! (Адамдар мен жындарға) Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті» – деген («Рахман» сүресі, 1-4 аят).
Адам баласының тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл – адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады.
Халқымызда «Айтылған сөз атылған оқ» демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ. Әрбір мұсылман сөйлеген кезде мән берілуі қажет тақырыптарға тоқтап өтейік:
Бірінші: Аллаға серік қосу
Аллаға серік қосу, Онымен қатар бір нәрсеге табыну – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқа бір нәрсеге таңу да серік қосу амалына жатады. Мысалы, Алладан басқадан перзент сұрау, ауруына ем сұрау және т.б. Құран Кәрімдегі Лұқманның баласына айтқан сөзі:
وَإِذْ قَالَ لُقْمَانُ لِابْنِهِ وَهُوَ يَعِظُهُ يَا بُنَيَّ لَا تُشْرِكْ بِاللَّهِ إِنَّ الشِّرْكَ لَظُلْمٌ عَظِيمٌ
«Бірде Лұқман ұлына: «Балам, Аллаға серік қоспа! Біле білсең, Оған серік қосу – ең үлкен қиянат», – деп насихат айтты», – деген («Лұқман» сүресі, 13-аят).
Жаратушы Алла шексіз рахым иесі болғанымен өзінен басқаға жалбарынып, одан қажетін сұрап, табынуды ешқашан да кешірмейді. Жаратушыға ортақ қосу жайында Алла Тағала Құранда:
إِنَّ اللّهَ لاَ يَغْفِرُ أَن يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَلِكَ لِمَن يَشَاءُ وَمَن يُشْرِكْ بِاللّهِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلاَلاً بَعِيداً
«Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады», – деген («Ниса» сүресі, 116-аят).
Екінші: өзіне қатысы жоқ сөзге араласу
Тілдің қызметін орынды қолданудың бір жолы өзіне қатысты болған істе сөз қозғау. Өйткені тілін өзіне қатысы жоқ іске араластыру күнәға батып, соған уақытын кетіргені үшін ысырапқорлардың қатарына енуі мүмкін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مِنْ حُسْنِ إِسْلَامِ الْمَرْءِ تَرْكُهُ مَا لَا يَعْنِيهِ
«Өзіне қатысы жоқ істі тәрк ету – кісінің мұсылмандығының кемелдігінен», – деген (имам Термизи).
Шығыс халқында: «Өзіне қатысы жоқ затқа аралассаң, өзің ұнамаған затты естуге душар боласың» – деп, өзіңе қатысы жоқ іске араласудың зардабын сөз етіп өткен екен.
Алайда әңгімеге араласу қажеттілік туған жағдайда рұқсат сұрап өз ойын айтуға, белгілі бір мәліметті жеткізуге болады. Ондайда әдепті негізге ала отырып: «Сөздеріңізге араласқаныма кешірім өтінем рұқсат етсеңіздер осы турасында менің қосар ойым бар еді» деген секілді тәсілде жүзеге асады. Ал рұқсатсыз килігіп кету мұсылманның сипатынан емес.
Үшінші: сөзді көбейту
Сөйлеу барысында сөздің қысқа әрі нұсқа болуы – сөйлеу әдебінің негіздері. Тамақ қандай дәмді болсын асыра жеп шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолданса, сөздің мәні кетіп адамды жалықтырары анық. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші, адамның сөзінің қысқалығы мұсылманға лайықты. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ
«Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам қайырлы нәрсе айтсын немесе үндемесін», – деген (имам Бұхари).
Төртінші: өсек айту
Өсек – тілдің негізгі кесапаттарының бірі. Өсекші адам жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
لا يَدْخُلُ الجَنَّةَ نَمَّامٌ
«Жәннатқа өсекші кірмейді», – деген (имам Мүслим).
Ендеше, тілімізге өте сақ болайық, тек пайдалы сөз айтуымызды Алла нәсіп етсін!
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі