ТҮНГІ ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ САУАБЫ (Алтыншы күн)

23 ақпан 2026 62 0
Оқу режимі

23 ақпан

Алтыншы күн

ТҮНГІ ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ САУАБЫ

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ислам шариғатында бес негіздің бірі – намаз құлшылығы. Намаз кәмелетке толған барша ер мен әйелге парыз болғанымен, орындалуы міндет болмаған намаздар да бар. Оларды шариғи тілмен нәпіл намаздар деп атайды. Бұл намаздарды оқыған адам көп сауапқа кенелсе, орындамаған кісіге күнә тағылмайды. Ол нәпіл намаздардың өзіндік деңгейлері мен ерекшеліктері бар. Соның бірі – түнде оқылатын түнгі намаз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Инсан» сүресі, 26-аятында:

وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَٱسْجُدْ لَهُۥ وَسَبِّحْهُ لَيْلًا طَوِيلًا

«Сондай-ақ түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет және түнде ұзақ уақыт Оны дәріпте», – деп айтқан.

Әсіресе, қасиетті Рамазан айының күндізін ораза, түндерін намаз оқып, құлшылықпен өткізудің сауабы өте үлкен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ قَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا، غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Түнгі намаз оқу – ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұйырылған ең алғашқы әмір. Алла Тағала қасиетті Құранның «Мүзаммил» сүресінің алғашқы аяттарында ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

قُمِ اللَّيْلَ إِلاَّ قَلِيلاً نِصْفَهُ أَوِ انقُصْ مِنْهُ قَلِيلاً أَوْ زِدْ عَلَيْهِ

«Түнде тұр. Бірақ аз ұйықта. Түннің жарымын немесе одан да аздап кеміт. Не оған біраз қос», – деп бұйырған.

Ғалымдарымыз арнайы себеп болған жағдайларды айтпағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озғанша түнгі намазды тастамағандығын айтқан.

Бірде Ата есімді табиғин Айша анамыздан былай деп сұрайды: «Алла Елшісінің ерекше бір жағдайын айтып бересіз бе?» Сонда Айша анамыз: «Оның ерекше болмаған халі бар ма? Бірде түнде бөлмеме келді. Аздан кейін маған қарап: «Бүгін маған рұқсат бер, Раббыма құлшылық етейін?» – деді. Дәрет алып, намазға тұрды. Ол қиямда (түрегеп) тұрып көп жылады. Жанарынан аққан көз жасы көкірегіне сорғалап жатты. Рүкүғке барғаннан кейін де ұзақ тұрып, егіле жылады. Сәждеге барған кезде де халі солай болды. Алла Елшісінің көз жасы Біләлдің таң намазына хабар берген азан даусына дейін толастамады. Сонда мен: «Пайғамбарым! Алла Тағала сенің барлық күнәларыңды кешіре тұра, сен неге осыншама жылайсың? – деп едім, ол: «Шүкір еткен құл болмайын ба? Қалай ғана жыламаймын. Алла осы түні маған: «Шексіз көктер мен жердің жаратылуында және түн мен күннің өзгеріп, кезектесіп алмасуында ақыл-ой иелері үшін дәлелдер бар...», – деген аяттарды түсірді. Осы аяттарды оқып, терең ойға батпаған адамның жағдайы  неткен өкінішті!» – деді».

Түнде тұрып намаз оқу нәпсіге ауырлық туғызатындықтан, нәпсісін жалқаулықтан тыйып, Жаратушысының разылығы үшін деп сол уақытта құлшылық жасау сауабы шексіз болатын құлшылыққа жатады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Сәжде» сүресі, 16-17-аяттарында:

تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ  فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларынан қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай (Құдай иелігінде) сақталған, оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді», – деп айтқан. Кейбір ғалымдар аяттағы «...оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді», – делінуінің сырын, түнгі намаз көбіне өзге адамдардың көзінен таса, жасырын оқылатындықтан, оларға қияметте берілетін зор сыйлық та өзгелерден жасырын түрде берілетіндігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا، يُرَى ظَاهِرُهَا مِنْ بَاطِنِهَا، وَبَاطِنُهَا مِنْ ظَاهِرِهَا أَعَدَّهَا اللَّهُ لِمَنْ أَلَانَ الْكَلَامَ، وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ، وَتَابَعَ الصِّيَامَ، وَصَلَّى بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَام

«Пейіште бөлмелер бар. Олардың ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұрады. Алла Тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсаққа, адамдарды тамақтандыратынға, (қосымша нәпіл) оразасын ұстайтынға және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқитын кісіге дайындап қойды», – деген (имам Бәйһақи).

Алла Тағала қасиетті Құранның «Зәрият» сүресі, 15-17-аяттарында:

إِنَّ الْمُتَّقِينَ فِي جَنَّاتٍ وَعُيُونٍ آخِذِينَ مَا آتَاهُمْ رَبُّهُمْ إِنَّهُمْ كَانُوا قَبْلَ ذَلِكَ مُحْسِنِينَ كَانُوا قَلِيلاً مِنَ اللَّيْلِ مَا يَهْجَعُونَ

«Расында тақуалар бақшаларда, бұлақтарда болады. Олар өздеріне Раббыларының бергенін алады. Өйткені олар бұдан бұрын ізгілік істеушілерден болды. Олар түнде аз ғана ұйықтайтын еді», – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

عَلَيْكُمْ بِقِيَامِ اللَّيْلِ فَإِنَّهُ دَأَبُ الصَّالِحِينَ قَبْلَكُمْ، وَهُوَ قُرْبَةٌ لَكُمْ إِلَى رَبِّكُمْ، وَمَكْفَرَةٌ لِلسَّيِّئَاتِ، وَمَنْهَاةٌ عَنِ الْإِثْمِ

«Түнгі намазға аса маңыз беріңдер. Оны сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілер үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз ол Жаратушыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады», – деген. 

Алла Тағала қасиетті Рамазан айындағы ұстаған ораза, оқыған түнгі намаздарымызды қабыл еткей!

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру