Үйіңізді өрттен сақтайтын дұға

05 қараша 2018 16310 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында сахаба Әбу Дәрдаға (р.а.) бір кісі келіп: «Әй, Әбу Дәрда! Үйің өртеніп кетті», – дейді. Сонда Әбу Дәрда (р.а.) еш саспастан: «Жоқ, үйім өртенбеді. Олай болуы мүмкін емес», – дейді. Арада біраз уақыт өткен соң басқа бір адам келіп оған: «Негізінде, алапат өрттің шыққаны рас. Бірақ сенің үйіңе жеткенде қалай екені түсініксіз, өздігінен сөніп қалды», – дейді.

Сонда Әбу Дәрда (р.а.) оған: «Расында, Раббымның үйімді өртеп жіберуі мүмкін емес еді», – дейді жайбарақат. Мұны естігендер: «Әй, Әбу Дәрда! Біздің таңданысымызда шек жоқ. Сен бір жағынан «үйімнің өртеніп кетуі мүмкін емес» дейсің һәм «мен білемін, Раббым үйімді өртемейді» дейсің», – деп таңырқады. Сонда Әбу Дәрда (р.а.): «Мен бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): Кімде-кім мына дұғаларды таңертең оқыса, кешке дейін  ешбір бәлеге ұшырамайды. Ал, кім кешке оқыса, таң атқанша ешбір жамандыққа ұрынбайды, – деп айтқанын естідім», − деген[1].

Оқылуы:

Рабби Аллаһу тәуәккәлту ‘алә-Аллаһи лә иләәһә иллә һуә ‘аләйһи тәуәккәлту уә һуә Раббуль-‘аршил-‘азыйим.

Лә иләәһә иллаллаһул-‘алиуль-‘азыйим, мә шәә'ә Аллаһу кәәнә уә мәә ләм йәшә' ләм йәкун а‘ләму әнна-Аллаһа ‘алә кулли шәй'йн Қадиирун уә әнна-Аллаһа қад ахаата би кулли шәй'йн ‘илмә.

Аллаһуммә әнтә Рабби лә иләәһә иллә әнтә ‘аләйкә тәуәккәлту уә әнтә Раббуль-‘аршил‘азыйим, мә шәә'ә Аллаһу кәәнә уә мә ләм йәшә' ләм йәкун, лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһил-‘алийл-‘азыйим.

Аллаһуммә инни ә‘уузу бикә мин шәрри нәфсии уә мин шәрри кулли дәәббәтин әнтә әәхизун бинаасыятиһә иннә Рабби ‘алә сираатыйм мустақиим[2].

Мағынасы:

Раббым − Алла. Аллаға тәуекел еттім. Одан басқа тәңір жоқ. Бір Аллаға тәуекел еттім. Ол –  ұлы Аршының Раббысы.

Асқақ һәм ұлы Алладан басқа тәңір жоқ. Алла не қаласа, сол болды және нені қаламаса, сол болған емес. Расында, Алланың не нәрсеге болса да құдіретінің жететінін, сондай-ақ, Оның шексіз ілімімен барлық нәрсені толық қамтығанын білемін.

Уа, Алла Тағалам! Сен – менің Раббымсың. Сенен басқа тәңір жоқ. Бір Өзіңе тәуекел еттім. Сен – ұлы Аршының Раббысысың.

Алла Тағала не қаласа, сол болды және нені қаламаса, сол болған емес. Бар күш те, қуат та асқақ һәм ұлы Аллаға ғана тән (яғни, Алланың қолдауынсыз бізде күнәға қарсы тұратын күш те, құлшылық жасайтын қуат та жоқтың қасы).

Уа, Алла Тағалам, нәпсімнің азғыруынан және тізгіні қолыңда болған барлық тіршілік иелерінің кесірінен бір Өзің сақтай гөр! «Күмәнсіз, Раббым түп-түзу жолда (яғни әділдіктің, туралықтың қорғаны әрі турашылдардың қолдаушысы)».

 


[1] әр-Рафи’и, әт-Тәдуин фи ахбәри қазуиин 4-том, 54-бет; Муснәду әл-Харис, 2-том, 953-бет
[2] «Һұд» сүресі, 56-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру