Валентин күніне дайынсыз ба?

12 ақпан 2019 10580 0
Оқу режимі

Елу жылда ел жаңа деген нақыл баршамызға таныс. Елу жылды еңсеріп үлгермесек те, егемендік алғалы қазақ елі де жаңа биіктерге көтерілгені даусыз. Экономикалық жағдай, сауда айналымы, халықаралық қатынас, өнеркәсіп өнімдері – жалпы көп салада қарқынды өрлеу бар екені бұлтартпас шындық. Алайда осындай жетістіктерімізбен қатар соңғы жылдары қоғамның рухани жұтаңдап бара жатқандығы, ұлттық құндылықтардың ұмытыла бастауы, бірнеше дүркін бой көрсетіп жатқан табиғи апаттар көп жұртты алаңдатып, уайымға салып отырғаны да жасырын емес. Бәрінен қиыны, әр саланың жекелеген мамандары бұл түйткілдермен қанша күрессе де, олардан арылатын сыңайымыз байқалмайды.

Басқаны былай қойғанда, бір қарағанда анау айтқандай, зиянсыз секілді көрінетін  шылым, арақ-шарап, ойнастықтың кесірі орманды қаулаған өрттей мұсылмандық, ұлттық, адамдық тамырларымызды жалмап бара жатқанын айналамыздан байқап, көріп жүрміз. Ал, өтірік, өсек, күндестік, мақтан, бақталастық, дүниеқұмарлық секілді рухани кеселдер өз алдына үлкен әңгіменің арқауы.

Бұл тақырыптарды қозғамас та едік. Алайда санаулы күндерден кейін көп жұрттың, әсіресе, жастардың жаны мен жүрегін жалмап, рухани мүгедек халге душар ететін дүлей пәлекет келіп, қазақтың пәк босағасын былғайды-ау, адалын арамдайды-ау деп қам жеп, қайғы жұтқаннан қолға қалам алуға тура келді.  Ол дүлейдің аты –  шыққан тегі белгісіз Валентин дегеннің атындағы «ғашықтар күні».

Жыл сайын дәл осы пәлекет елімізге бұрынғысынан да күшейіп, зорайып келіп жатқаны байқалады. Алғашында бұл кейбір мектеп, университеттердің «ағылшын тілін» тереңдетіп оқытатын бөлімдерінде ғана білінер-білінбес аталып өтетін. Шет тілі мамандары жат елдерде Валентин күні, Патрик күні, Жын-шайтандар күні (хэллоуин) деген тәрізді «тамаша» мерекелер бар деп жастарға үйретіп отыратын.

Студент жастар мен оқушы жастар ә дегенде нені аңғарсын?! Бұл мерекелер, әсіресе Валентин күні жастарға ең қажет мереке екен ғой деп қуана қарсы алатын. Валентин деген 270 жылдары Римде өмір сүрген, христиан дінін жаюшы екенін олар қайдан білсін? «Валентин күні» Рим католик күнтізбесіндегі «әулиелер» күнінің бірі болып келгенімен, 1969 жылы ол тізімнен алынып тасталғанынан да хабарсыз болса керек. Бұл мерекесымақтың ата дінімізге де, салт-санамызға да үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат нәрсе екенін өрімдей жастар өз беттерінше қайдан бағамдасын?!

Содан кейінгі жылдары бұл «жаңалық» өзге факультет студенттерінің арасында да талқылана бастады. Талай жас осы нәрсені себеп етіп, көңілі қалаған адамына жария түрде қағаз сыйлап, сөз салуды үйрене бастады. Не керек, бұған дейін ең қасиетті құндылығымыз саналып келген ар мен ұяттың бет пердесі ашыла берді, ашыла берді. Ақыр соңында моп-момын қаракөз жастар көшелерде немесе жастар көп жиналатын парктерде сүйісуден жарысатын жағдайға да жеттік. Еліміздің бас қаласы Астананың өзінде тырдай жалаңаш шешінуден «бәйге» жарияланғанын көріп жағамызды ұстағанымыз бар. Қай ата-бабамыздың тарихынан көріп едік, осындай сорақы істерді? Қазақтын хандары осыған шақырып па еді? Би-шешендеріміз осыған үгіттеді ме? Асан Қайғы, Қазтуған, Ақтамберділердің қай толғауы осынау арсыздықты уағыздайды? Дулат, Махамбет, Абайлар немесе Ыбырайлардың шығармаларында осындай «үгіт» бар ма? Бес арысымыздың, үш бәйтерегіміздің еңбектерінде көшеде осындай арсыздық жасаудан жарысыңдар деген тәлім көре аламыз ба? Жоқ, тағы да жоқ!

Ал, енді өкінішке қарай, бүгіндері ғаламтор беттерінде «Валентин күнін» қалай өткізуге болатынын үйрететін арнайы сайттар пайда болды. Ол сайттар көшеде құшақтасып қыдырудың, өмірде бірінші рет сүйісудің, алғаш рет сөз салудың немесе осы күннің себебімен көңілің сүйген жанмен төсектес болудың қандай рахат екенін және оған қандай жолдармен жетуге болатынын соқырға таяқ ұстатқандай үйретуді мақсат етеді екен.

Өкініштісі сол – осындай күнәлі қылықтарды жасағанын жыр қылып мақтанатын қаракөз жастар жыл санап көбеюде.

Осындайда қайран бабаларымыздың есіл еңбектері-ай деген өкініш өзегімізді өртейді. Үміт еткен ұрпақтары қолдарына қағаздан қиылған жүрек қиындыларын ұстап алып, бір-бірі нәпсіқұмарлыққа шақырумен салпақтап күнін өткізетін тым аянышты халге төмендеп кететінін олар ойлады ма екен? Ұрпақтың ұсақталуы бірен-саран көрегендердің ғана түстеріне кіргені болмаса, ойламаған да шығар-ау!

Ал, енді сау ақылға салып, бір сәт ойланып көрейікші, «Валентин» деп аталатын түнде қаншама қаршадай қыздардың көз жасы төгіледі. Қанша ата-ана зар илеп қалады. Қаншама жас ойнақтап жүріп от басады. Талай қазаннан қақпақ, талай бойжеткеннен ұят сезімі кетеді. Осы бізге керек пе? Мұнымен қанша жерге ұзамақпыз?

Абай атамыз он төртінші қара сөзінде былай дегені есімізден шыққаны ма: «…құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?»

Бұл сөзде Құдайға терістікпен қатар ар мен ұятқа терістік аталған. Дана халқымызда «арым жанымның садақасы» деген сөз тағы бар. Демек, біздің халықтың түсінігінде адамның адам болуы оның ар-намысымен, ұятымен байланысты. Ар мәселесі бір-ауыз сөз болғанымен оның ішкі мәні ұшан теңіз.

Алла Тағала қасиетті Құранда хазреті Жүсіп пайғамбар,  Мәриям анамыз секілді тұла бойы ар-намыстан жаралған тұлғаларды да бүкіл адамзат баласына мысал ретінде баян еткен.

Хазрет Жүсіпті (ғ.с.) уәзірдің әйелі күнәлі іске шақырғанда, ол Алла Тағалаға былай деп жалбарынды: «Уа, Раббым, бұл әйелдердің мені шақырып тұрған істерінен гөрі қараңғы зындан мен үшін әлдеқайда қайырлы» (Жүсіп сүресі, 33-аят). Міне, ар-намыс пайғамбары осындай тілекпен өз арына күнәлі істің түйірдей дағын жұқтырып алудан гөрі қаншама жылдар бойы тар қапаста күн кешуді артық санағанын көреміз. Көрдіңіз бе, ар-намысты сақтау қалай болу керектігін. Күнәлі іске барудан гөрі пәлен жыл қараңғы зынданға түсу қайырлы деп дұға етті. Ал біз ше? Кейде адамдар ешкім зорламай-ақ өз еркімен күнә жасайды. Сондықтан, әрине, Жүсіп пайғамбардың бұл сөзі Қиямет күніне дейін жер бетіне келіп кететін барша мұсылман-мүминдер үшін өшпейтін үлгі-өнеге.

Жалпы, шариғат бойынша қыз баланың денесіне бөтен еркектердің қолы тиюі былай тұрсын, жақындамауы керек. Ол өзінің бар тазалығын, пәктігін, дене-мүшелерін тек қана өз күйеуі үшін таза сақтауы керек. Тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да өздеріне некесіз бөтен адамдардың қолын тигізбеуде осыншалықты қатаң талап қойса, одан тек жақсылық қана келеді. Мәриям ананың бүкіл әлемдерге үлгі болатындай ұлы дәрежеге жетуінің бір сыры ар-намысын сақтауға осындай талап қоюынан болса керек.

Әрине, бес саусақ бірдей емес қой, жастардың бәрін арам ниет жаулап алмаған шығар деп біреулерді ақтағысы немесе өздері ақталғысы келетіндер шығуы да ықтимал. Абай атамыздың «Махаббатсыз өмір бос, хайуанға оны қосыңдар» деген нақылын өз күнәларына араша қылуға тырысатындар да табылар. Оларға айтарымыз, махаббат, ғашықтық пен құмарлықтың арасы жер мен көктей.

Құмарлық адамды құлдыратады, махаббат биіктетеді. Құмарлық ар-намысты аяқ астына таптатады, ал махаббат ар-намысқа шақырады. Құмарлықтың ғұмыры шолақ, ал махаббат мәңгілік. Құмарлық өткінші, ал махаббат тұрақты. Құмарлық пен шын махаббаттың парқы тізе берсек, ұзай береді.

Дұрыс, махаббат керек. Әр адамның түпкі жаратылысында махаббат сезімі бар. Алла Тағала бүкіл ғаламдарды, соның ішінде адамдарды да махаббатпен жаратқан. Иләһи махаббатының белгісі ретінде адам баласын мың сан нығметтерге бөлеген. Тура жолынан тайып кетпесін деп, пайғамбарларын жіберген. Жәннат пен жәһаннам жұртының ақиқат екенін алдын-ала ескерткен. Мұның бәрі Жаратушы иеміздің пенделеріне деген шексіз мейірімінің, махаббатының көріністері.

Сондықтан мұсылман адамның да жүрегіндегі мың сан сезімдердің арасында бәрінен оқшау, бәрінен жоғары тұратыны Жаратушы иемізге деген махаббат болуға тиіс. Аллаға деген махаббат болмаса, адамдар арасындағы сүйіспеншілік те мардымды болмайды. Бүкіл махаббат атаулының қайнар көзі, мөлдір бастауы адамдарды жоқтан бар еткен, адам бейнесінде жаратқан, ақыл-ес берген, рызық-несібе, бала-шаға, мал-мүлік нәсіп еткен Алла Тағалаға деген махаббат болуға тиіс.

Ал, ата-анаға, перзенттерге, туған жерге, отанға деген өзге де сүйіспеншілік түрлері осы махабаттан туындап жатса, онда мұның бәрі ақиретте жеміс беретін сауапты жақсы көруге айналады.

Сонымен, Валентин күні деген нәрсе бізге керек пе, жоқ па? Өзімізді мұсылман санасақ, алдымен осыған келісіп алуымыз қажет. Егер қажет емес десек, көрген жерлерімізде ондай арам шөпті түбімен жұла жүргеніміз абзал. Бүкіл ел болып осындай кесапаттармен қарқынды күрес жүргізбесек, күні ертең иман, әдеп, ар, намыс, ұят атаулыдан жұғын да таппай қалуымыз ғажап емес.

Алла Тағала момын жұртымызды иманды өмір салтынан ажыратпасын! Баршамызға иманды, берекелі ғұмыр нәсіп етсін!

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру