ЫҚЫЛАС, НИЕТ – ҒИБАДАТ НЕГІЗІ (4-күн)
21 ақпан
Төртінші күн
ЫҚЫЛАС, НИЕТ – ҒИБАДАТ НЕГІЗІ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам баласының тіршілігіндегі кез келген іс-әрекеті ниетке байланысты. Халқымыз: «Ниеті түзудің – ісі түзу», – деп бекер айтпаған. Үлкен іс тындыру үшін ең алдымен үлкен жүрек, таза ой керек. Құмға сіңген судың ізі қалмайтыны секілді, ықылассыз жасалған құлшылық та адамның руханиятына өз ізін қалдыра алмайды. Хакім Абай:
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме – деп, адамның барлық асыл қасиеті мен құндылығын жүректің түбінен іздеуге шақырады. Жүрек таза болмай, ниет түзелмейді. Ал ниет – амалдың рухы. Құстың қанатсыз ұша алмайтыны сияқты, ғибадаттың да ықылас қанаты болмаса, көкке самғай алмайды.
Ендеше, құлшылықтың қақпасын тек шынайы ниет ашады, ал оның төріне тек кіршіксіз ықыласпен ғана шығуға болады. Бұл пенденің өз нәпсісін жеңіп, «мен» деген менмендіктен арылып, рухани байлыққа жетуі.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّمَا الأعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى ، فَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ فَهِجْرَتُهُ إلَى اللَّهِ وَرَسُولِهِ ، وَمَنْ كَانَتْ هِجْرَتُهُ لِدُنْيَا يُصِيبُهَا أَوْ امْرَأَةٍ يَنْكِحُهَا فَهِجْرَتُهُ إلَى مَا هَاجَرَ إلَيْهِ
«Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты. Расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі. Кімде-кім Алла және Оның Елшісі үшін қоныс аударса, ол Аллаға және Оның Елшісі үшін қоныс аударған болып саналады. Ал кім дүниеге қол жеткізу үшін немесе бір әйелге үйлену үшін қоныс аударса, оның қонысы сол көздеген мақсатта қоныс аударған болып саналады», – деп айтқан (имам Бұхари).
Ал сол ниеттің кіршіксіз тазалығы, мөлдір бұлақтай тұнықтығы – ықылас екені даусыз. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّا أَنزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللَّهَ مُخْلِصًا لَّهُ الدِّينَ
«Біз саған осынау Кітапты ақиқатпен түсірдік. Ендеше, дінді Аллаға арнап, ықыласпен құлшылық ет», – деген («Зумар» сүресі, 2-аят).
Ықылас – жүректің кіршіксіз адалдығы мен ниеттің түзулігін көрсететін айна. Бір сөзбен айтқанда ықылас – ең әуелі адамзатты жоқтан бар еткен, құдіреті күшті, мейірімді Алла Тағалаға деген шынайылық.
Ықыластың ең маңыздысы адамға деген қарым-қатынаста адал, ниетінің риясыз болуы және пенденің Жаратушы Алла Тағалаға деген ықыласының бекем болуы. Ислам шариғатында ықылас ұғымының терминдік мағынасы: Алла Тағалаға ешбір мақлұқатты ортақ етпей, әрбір ісінде жалғыз Оған ғана шынайы берілуімен құлшылық ету деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِلَّا الَّذِينَ تَابُوا وَأَصْلَحُوا وَاعْتَصَمُوا بِاللَّهِ وَأَخْلَصُوا دِينَهُمْ لِلَّهِ فَأُولَئِكَ مَعَ الْمُؤْمِنِينَ وَسَوْفَ يُؤْتِ اللَّهُ الْمُؤْمِنِينَ أَجْرًا عَظِيمًا
«Алайда шынымен тәубеге келу арқылы Аллаға бет бұрып, толық түзеліп, Алланың дінін шынайы ықыласпен ұстағандардың жөні бөлек. Міне, солар мүміндермен бірге. Күндердің күнінде Алла мүміндерді үлкен сый-сияпатқа бөлейді», – деген («Ниса» сүресі, 146-аят).
Мұсылман адам ниетінің дұрыс болуы үшін мынадай амалдарға мән бергендігі жөн:
Бірінші: әрбір ізгі амалдан алдын ниетті жөндеу
Әрбір амалды атқарардан бұрын ниетті дұрыстап алу қажет. Себебі адамның ниеті лезде өзгеруі мүмкін. Кезінде табиғиндер сахабалармен жолыққандарында, олардың атқарған ізгі амалдарына таң қалып: «Мұншалықты үлкен амалдарды қалай атқардыңыздар?» – деп сұрақ қояды екен. Сонда сахабалар: «Біздерге ол амалдарды атқару қиындық туғызған жоқ. Алайда біз үшін ең ауыр келгені ниетімізді жөндеу болды», – дейді екен.
Жазушы Мұхтар Әуезов: «Қай істің болмасын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек», – деген екен.
Екінші: риякерліктен сақтану
Риякерлік деп – адамдардың ілтипаты мен мақтауына іліну үшін бір істі көрсетіп істеуді айтамыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте:
قَالَ الله تَعَالَى: أَناَ أَغْنَى الشُّرَكَاءِ عَنِ الشِّرْكِ , مَنْ عَمِلَ عَمَلاً أَشْرَكَ فِيهِ مَعِيَ غَيْرِيْ تَرَكْتُهُ وَشِرْكَهُ
«Алла Тағала: Мен маған ортақ қосуға мұқтаж емеспін. Кімде-кім бір ісінде маған біреуді ортақ қылса, оны да, қосқан ортағын да тәрк етемін, – деді», – деп айтқан (имам Мүслим).
Осы себепті де, адам баласы өзгелерге көрсету, көзбояушылық ету, мақтану ниетімен әлдебір істі атқарудан аулақ болуы керек. Мәуләнә Жәләлуддин Руми: «Өзің қандай болсаң, сондай болып көрін немесе қандай болып көрінсең, сондай болуға тырыс!» – деп өсиет айтқан.
Үшінші: әркез жақсылық амалдарға ниет етіп жүру
Мұсылман баласы әр ісінің ниетіне қарай сауабын алады. Егер бір кісі ізгі іс істемекке ниеттенгенімен оны іске асыруға оның науқастығы немесе ажалы т.б. кедергілер бөгет болса, ол адам сол ісін атқара алмаса да ізгі ниеті себепті сол сауапқа ие болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
نِيَةُ الْمُؤْمِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ
«Мұсылманның ниеті – ісінен қайырлы», – деген (имам Һәйсами).
Алла Тағала біздердің әрбір амалымызды таза ниет, шынайы ықыласпен орындауымызды нәсіп етсін!
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі