Ықылас жайында...

27 ақпан 2020 7846 0
Оқу режимі

Ықылас дегеніміз түнгі намазбен, нәпіл оразамен, көрсетпей берген садақамен, дұғамен келеді.Әр нәрсені айту оңай, орындау қиын.

Бұрынғы бір заманда Түркияның үлкен мешіттерінің имамы жұма күні уағыз айтып болған соң, сол кезеңдегі тақуа бір адамнан: «Уағызым қалай болды?» - деп сұрайды. Ол: «Уағызыңыз керемет. Алайда қураған ағашқа жасанды жапырақ байлағандай болды», - деп жауап беріпті. Яғни, айтқан уағызына өзі амал жасап, гүлдеп тұрмағандығын меңзеген екен.

Қазір де қандай да бір кітап көрсек бірден сатып аламыз. Оны оқымай, жинап қоямыз. Бұрынғылар кітапты оқымас бұрын, авторын зерттейтін еді. Жалпы өзі қандай адам? Сөзі мен ісі бір жерден шығады ма? Үй-ішімен, көршілерімен, жамағат намазымен қарым-қатынасына қарайтын еді. Бәрі жақсы болса, кітабын оқып, ол жүректен жүректерге жетіп жататын. Қазірде сырты әдемі, әр тақырыпта кітап көп. Халықтың бәрі ала бермейді. Неліктен?

Ал, дініміз қайта оралған кездегі Халифа Алтай ақсақалдың «Иман шартын» жастығымыздың астына қойып, діни сауатымызды аштық. Өйткені ол кісінің ниеті ерен еді, жаны жәннатта болсын. Сондықтан біреуге уағыз айтпастан бұрын, өзіміз амал жасап, жазатын нәрсемізге ықыласты болып, жүректен өткізгеніміз абзал болар. Алла бәрімізге ықыласты болуды, сөзіміз бен өзіміз сәйкес болуды нәсіп етсін!

Қуат Қабдолда

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру