Жалқаулықтан арылудың жолдары

24 желтоқсан 2020 7455 0
Оқу режимі

Адам бойынан жігерлік байқалмай, жұмысқа деген ынтасының жоғалуы бір ауыз сөзбен жалқаулық деп түсіндіріледі. Жалқаулық – жан мен денеге, тіпті ақылға дендеп кетуі ықтимал.

Бұл дерттің басты себептері – екіжүзділік, дәрменсіздік, жаны рақатты сүю, бос уақыт, ойын-сауыққа құмарлық, көп тамақтану, көп ұйықтау, ұшы-қиыры жоқ арманға берілу, жалқауларды жолдас ету, жалған үміт жетегінде жүру, бұзылған орта. Сонымен бірге, тестестерон гармонының жетіспеушілігі немесе «д» дәруменінің жетіспеушілігі сияқты денсаулыққа да байланысты болуы мүмкін.

Жалқаулық – ең жаман қасиеттердің бірі. Құран Кәрімде:

«Ақиқатында, мұнафиқтар Алланы алдамақшы болады, алайда Алла олардың өздерін алдандырып қояды. Олар намазға тұрғанда, жалқауланған күйде адамдарға көріну үшін тұрады әрі олар Алланы өте аз еске алады»[1], – деп, адамның ең жаманы екіжүздіні ең жаман қасиетімен көрсетіп айтуда.

Ал, хадисте болса: «Сендер ұйықтар болсаңдар, шайтан адамның басына үш түйін салады.  Әр түйінді салғанда, «түн ұзақ, жатып ұйықта» дейді. Егер оянып, Алланы тіліне алса, бір түйін шешіледі. Дәрет алса, тағы бір түйін шешіледі. Намаз оқыса, тағы түйін шешіліп, бойы сергіп қалады. Әйтпесе, жаман боп жалқауланып тұрады»[2], – деп, жалқаулық қайдан жабысатыны және одан қалай құтылу керектігі айтылуда.

Жалқаулықты еңбек жеңеді. Еңбектену және қам-қарекет жасауға ынталандыратын «әрекет ету» сөзі Құран Кәрімде өте көп айтылады. Мәселен: «Әрбір жанға әрекет-ұмтылыстарына лайықты қайтарым сыйы не жазасы берілу үшін...»[3], «Әрі оның әрекет-ұмтылысы ғана көрсетілетіні»[4], «Сол күні адам не нәрсеге талпынғанын есіне алады»[5]. Міне, ешкім сен үшін сенің шаруаңды істемейді. Сондықтан, орныңнан тұр да, өз қамыңды өзің жаса.

Ибн Масғұд (р.а.): «Мен жұмыссыз бос адамды көрсем ашуланамын. Ондай адам дүниесіне де ақыретіне де ешбір пайдалы шаруамен айналыспайды»

Жалқаулықтан құтылу жолдары:

1. Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Аллаға иман еттім деп айт та, түзу жүр» деген әміріне бойұсыну;

2. Биік мақсатты межелеп, пайғамбарлар, ізгілер және ұлық тұлғалар өмірбаянын үлгі ету;

3. Бір күндік, бір жұмалық, бір айлық және бір жылдық жоспар жасап, жүзеге асыру;

4. Іске кірісу, демалуға және бос армандап отыруға жол бермеу. Жүрексініп тұрған шаруаны айналшықтамай, бірден білек сыбана кірісу;

5. Жігерлі және іскер азаматтармен араласу, жалқаулардан аулақ жүру;

6. Көп зікір айтып, Құран және хадисте келген арнайы дұғаларды үнемі оқып жүру;

7. Күнделікті бос уақыттарды пайдалы жұмыстармен толтыру, ұйықтау және ас-су ішетін уақытты белгілеп қою.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһуммә инни әъузу бикә минәл ъажзи уәл кәсәл»[6] яғни: «Уа, Алла! Мен сенен дәрменсіздік және жалқаулықтан пана сұрап сиынамын», – деп дұға еткен. Міне, бұл екі нәрсе – адамның өмірінде маңызды істерді орындай алмауына басты себеп.

Руслан Қамбаров


[1] «Ниса» сүресі, 142-аят.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] «Таһа» сүресі, 15-аят.
[4] «Нәжм» сүресі, 40-аят
[5] «Назиғат» сүресі, 35-аят.
[6] Бұхари, Муслим

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру