ЖАМАНДЫҚТЫҢ АТАСЫ

03 мамыр 2024 1427 0
Оқу режимі

Алкогольді ішімдікті алғаш рет 8 мың жыл бұрын Месопотамиялықтар жасай бастады. Месопотамиялықтар нан жасау үшін арпаны суға жібіту арқылы, ойламаған жерден алғаш рет сыра жасаудың тәсілін игерген болатын. Тарихи деректерге жүгінсек, 6 мың жыл бұрын қазіргі батыс Иран мен Анадолы территориясын мекендеген Сумерлер де шарап пен сыра қолданғаны белгілі. Ежелгі дәуірде алкогольді ішімдіктер ашытылған жеміс-жидек пен дәнді дақылдардан ғана жасалатын. Ал қазіргі қолданыстағы спирттік өнімдер синтетикалық жолмен бөлініп алынатын, адам ағзасына өте зиянды заттардан құралады.

Алкоголь арабтың «аль-kuhul» – «сүрме» деген сөзінен шыққан. Ал спирт сөзі латын тілінен шыққан: «spiro» – «үрлеу, дем алу» деген мағынаға келеді.

Алкогольді алғаш рет араб алхимигі Рагеза жасаған. Ол «пәлсапалық тас» шындығын іздеймін деп, кездейсоқ этил спиртін бөліп алады.

Ал Еуропада алкоголь ХІІІ ғасырдан бастап қолданыла бастады. Этил спиртінің уытты әсерін зерттеуге И.М.Сеченов, И.П.Павлов, Н.П.Кравков, В.М.Бехтерев, С.С.Корсаков сияқты физиологтар, фармакологтар мен клиницистер үлкен үлес қосты.

Бір таңданатын жағдай әлемнің барлық елі алкогольдің адам денсаулығы мен қоғам бақыты үшін үлкен індет екенін біле тұра өндіруден бас тартпай отырғаны. Өйткені, алкоголь өндірісі бүкіл дүние жүзінде ең табысты өндіріс салаларының бірі деп есептеледі. Мәселен, Кеңес Одағы ыдырап, еліміздің экономикалық жүйесі нарыққа қарай қайта құрыла бастаған кезде, Қазақстанда барлық өндіріс салалары құлдырады. Экономика астан-кестең болды. Дегенмен осы жылдарда Қазақстанда екі өндіріс саласында құлдырау болмаған. Бұлар: мұнай өндірісі мен алкогольді өнім өндіру салалары. Осыдан-ақ спиртті ішімдік өндірісінің қаншалықты табысты сала екендігін аңғаруға болады. Қазіргі таңда бірнеше мұсылман елінен басқа әлемдегі барлық ел алкогольдің зиянын біле тұра, ішімдік өндірісін белсенді түрде жалғастыруда. Тіптен экономикасы құлдырап өнім өндіруге қауқары жоқ елдердің өзі басқаға шамасы жетпесе де арақ-шарап өндіруге шамасы жетеді екен.

Алкогольдiң артынан ала келетiн әлеуметтiк iндеттерi орасан көп. Түрлi адам шошырлық аурулар мен қылмыстардың да түп атасы – осы алкоголь. Алкогольдің салдарынан қаншама ұлт пен мәдениет азғындыққа ұрынып, жер бетінен жойылып кеткені тарихтан мәлім. Бүгінгі таңда тәуелсіз қазақ елінде де осынау әлеуметтік індеттің тамыры тереңдеп бара жатқаны өзекті өртейді.

Нұрбек ҚАЙЫРМҰХАММЕД

 

 

 

Пікірлер Кіру