ЖӘМИ

Абд әр-Рахман Жәми (7. 11. 1414, Хорасан аймағы, Жәм қ. — 9. 11. 1492, Герат) — парсы ақыны, филолог, философ, музыка зерттеушісі.
Әуелі Гераттағы Дил- каш медресесінде, кейін Самарқандағы Ұлықбек медресесінде білім алған. Самарқанда ғалымдармен тікелей араласып, олардың арасында білімділігімен даңқы шыққан. Гератқа оралған соң, сарай қызметінен бас тартып, сопылық жолға түскен.
Ақын шығармаларында сопылықты насихаттау, халықтың азапты өміріне жаны ашып, қанаушыларды әшкерелеу қабаттаса жырланды.
***
Тез, тез дейміз, асығамыз әрқашан,
Құшағына алмайынша Жар қашан.
Әйткенменен жеткізбейді уақыт,
Бұйырмаған бізге, сірә, бұл бақыт.
***
Суретті көрген шағыңда,
Басыңда сауал тұрады:
Бұл әлде долбар таным ба,
Сағымның бәлкім тұрағы?
Болмаса таным шынайы,
Болар ма сәні кескіннің.
Алдайды сағым ұдайы,
Көңілді орар кешкі мұң.
Іштегі оның сарайы,
Сай ма екен сыртқы пішінге?
Шаша ма сәуле арайы,
Шындық дегенің түсің бе?
Аян ба екен бәлкім бұл,
Бейнелеп тұрған өмірді?
Кеудені басты салқын мұң,
Тамшылап терім төгілді...
***
Шілдедегі шақырайған күн астында көктегі,
Көлеңкеде жатсам дейтін жандар мұнда көп тегі.
***
Кеудеңдегі айтар сөзің піспесе егер толықтай,
Ауызыңнан шығармағын түбегейлі қорытпай.
***
Аз сөйлесең – аздау болар қатең де,
Аз жесеңіз – дертің де кем, әпенде.
***
Құрлықта да, теңізде де сыймай асып-тасқандай,
Ақыл-ойға тең келетін байлық жоқ қой ешқандай.
Өмір сүр бірге қоғаммен
Отанда өзің сүйетін.
Аралассаң да адаммен,
Жалғыздық – дертің күйетін.
***
Өлеріңді біле тұра ерте, әлде кеш бәлкім,
Жемтік көрсең, ойламайсың қақпанның да еш парқын.
Дана болсаң, қауіптерді көре білгін алдағы,
Ақырында артылады мойныңа ауыр салмағы.
Ешкімге де қаламағын ондай тағдыр жазғанын,
Кеудеңді еш көтермегін шықтым ғой деп мың қырға.
Қызғанышпен өзгелердің алдынан ор қазбағын,
Түбінде сен өзің барып құлайсың сол шұңқырға.
***
Түсінгені жөн болады ой-саналы баршаның,
Жан-дүниең таза болсын алдан қанша жанса күн.
Құрметтегін салт-дәстүрді, өзің де сай болғайсың,
Тәңір сыйлар марапатты өзгелерден алғайсың.
***
Бай адам сараң болады дәйім шынында,
Отырса дағы малынып әбден алтынға.
Қылығы оның ұқсайды әсем шыбынға,
Қимылдамайтын нәжіске батқан қалпында.
***
Ашкөздік пен құмарлықты жеңе білсең егерде,
Жүргізесің әміріңді жалпақ мынау әлемге.
***
Өтірікпен шын сөзіңді қорлама,
Тіл берілген айту үшін шындықты.
Өтіріктен табатының сор ғана,
Басқа салар талай-талай сұмдықты.
***
Зұлымдарда еш қасиет болмайды,
Сол себепті басын қайғы торлайды.
Сескентуге итті жарар таяғың,
Бола алмайды бірақ саған сая бұл.
***
Келекелеу менсінбеуден туады,
Оның соңы жанжал болып шығады.
Ұмытылар ұят шектен шыққаның,
Туар сосын дөрекілік, құптағын.
Сыпайы бол, жан-жағыңды құрметте,
Мейрімді бол, жиналады нұр бетке.
***
Балшық болып былғанғанмен маржаның,
Одан құны ешқашанда жоғалмас.
Қабығымен тәждің зерле жан-жағын,
Бірақ ол да асыл жақұт бола алмас.
***
Уақыттың бұзып-жарып шыққын дағы шеңберін,
Махаббаттың құшағына жөн болады енгенің.
***
Тартылмасын десең егер жүрегіңнің бұлағы,
Ешқашанда көз жасымен жасамағын күнәні.
***
Бар адамзат өлік сынды бұл өмірге келгеннен,
Теңіздегі толқындармен жел қайықта тербелген.
Не көреді өмірден бұл жатқан кезде ұйқыда,
Бұйырары мадақ әлде, жаза болар сенделген?..
***
Күмән деген – апарар жол шындыққа,
Күмәнданбау – жолықтырар сұмдыққа.
Түсінбесең, ешнәрсені көрмесең,
Соқыр болып адасасың шөлде сен.
***
Кедей жанның қолындағы соңғы жарты шелпегін,
Ықыласпен қиналмастан аш адамға бергені.
Әміршінің садақа деп ойлап сонау ертеңін,
Артығырақ бар байлығын таратқаннан елдегі.
***
Ей, менің жас достарым,
Ақымақ пен қаскөйлерді мақтама.
Игілікті істерге де қоспағын,
Жегемін деп жұмысқа да баптама.
Атқарылар мерзімі бар игілікті істердің,
Ақымаққа сеніп босқа масқараға түспегін.
***
Ұйытатын кемел болса жұртқа айтқан өлеңің,
Біле жүргін тыңдарманға өшпес шаттық берерін.
Ондай өлең айналасын жалын болып қыздырар,
Шоғы дағы тоңдырмайды тербеп жанның тереңін.
***
Үмітіңді жойып алып қараңғыдан қорықпа,
Үміттенгін жетемін деп алдыңдағы жарыққа.
***
Ас ішкенде әрқашанда қарап ішкін шамаңа,
Күпті болып жүре алмай қалып қойма далада.
***
Барлық жүрек таза болса зұлымдық пен жаулықтан,
Бұл әлемде болмас еді соғыс өрті, жау бұққан.
***
Аулақ жүргін душар етер жерлерден сен қайғыға,
Жаны ашыр жан табылмас әперетін айды да.
Ешқашанда түсінбейсің жанын сен де өзгенің,
Жалған досты ұйытпайды айтқан барлық сөздерің.
Шын пейілмен іздесең сен шынайы дос табасың,
Сонда арқаңды кеңге салып, мол тыныс та аласың.
***
Қалды менің көңілім айналамнан,
Жөні түзу жан таппай сенделемін.
Ыстық күні осынау бай даламнан,
Таба алмай көлеңке мен келемін.
Қатты қорқа бермеймін ыстықтан да,
Көлеңкемнен қорқамын қыстыққанда.
***
Сағынышқа бой алдырған ғашық жан,
Өне бойы сүйіктіге асыққан.
***
Жер бетінде ескерткіштер көп дейді,
Тастарға асыл малынған.
Бірі де оның ескерткішке жетпейді
Шешендік сөзбен салынған.
***
Байлық пенен билік іздеп құмартып,
Салма азапқа жаныңызды тым артық.
Қол жетпеске бостан-босқа ұмтылма,
Мойыныңа алма ауыр жүк артып.
***
Бақыласаң бай адамның өмірін,
Ашкөздікке толы екенін көресің.
Жасап жүрер зұлымдықтың не бірін,
Аяқ баспас жомарттыққа, көнесің.
Саусағынан ала алмайсың сақина,
Мыстан соққан болса дағы көнесін.
***
Қызылды-жасыл қызықтырады бұл өмір,
Өтетін шағы келеді бір күн алайда.
Айналаңдағы жақын жандарға күле біл,
Жүректің нұрын соларға сыйла, жарай ма!
***
Жалған өмір үйретер сені қулыққа,
Ұрындырмас үшін талай сұмдыққа.
***
Алдымен сен ісіне қара адамның,
Алданып қалма оның тәтті тіліне.
Тәтті тілі пайда бермес саған мың,
Зар боп қалып жүрме осы күніңе.
***
Тыраштанба надандықты жасырам деп өзгеден,
Алтын тон да жеткізбейді мақсатыңа көздеген.
***
Танымменен байланысты жаныңыз,
Жүрекпенен ілім-білім алыңыз.
***
Адамдарға қарамағын анау алыс, жақын деп,
Жанашырың – ар-ұжданың, одан асқан жақын жоқ.
***
Қажетіңді өтеп берер жөні түзу жандарың,
Қайрымсыздан сұрамағын, ештеңе де алмағын.
***
Ақыл үшін бұл қызғаныш – ауруы ғой көзіңнің,
Қызғаныштан соқыр болар ақылың да өзіңнің.
***
Басымызда бір ғана тіл, бар ғой екі құлағың,
Көптеу тыңдап, аздау сөйле, жолың болар шырағым.
***
Көре алмаушы жеген асын өзгенің,
Қызартады қызғанышпен көздерін.
Өмір бойы жалғыздықта қор болып,
Жаны оның күйін кешер кезбенің.
***
Жапырағы желкілдеген орманның
Кесу менен жағу жетер түбіне.
Бұл қызғаныш – жабысатын сор қалың,
Орға жығып, жетпей қоймас түбіңе.
***
Күтумен һәм сағынышпен өтті менің күндерім,
Қайғы-мұңға сан батырды қап-қараңғы түндерім.
Үмітімді алға жалғап үзбестен мен келемін,
Мызғымасын ешқашанда дұға етер мінберім...
***
Бұл лауазым адамдарды кез келген,
Кемелдікке жеткізе де алмайды.
Адамдардың арқасында өзгерген,
Лауазымдар биіктерге самғайды.
***
Жарқын істің жаңғырығы басында
Шартарапқа кетіп жатар жайылып.
Атақ, даңқтың шегі бар ғой расында,
Күндер өте ұмытылар жойылып.
***
Лай суға жуған мынау киімнен,
Тазалықты күтпей-ақ қой сүйінген.
***
Жаныңызға жақпайтұғын қылықты,
Жасамағын, мәңгілікке ұмытқын.
***
Қалайсың ба ұзарғанын күніңнің?
Бір бөлігін пайдаланғын түніңнің.
Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ