ЖАНТАНУ- ӨЗІҢДІ ТАНЫ, АЛ ӨЗІҢДІ ТАНУ АЛЛАНЫ ТАНУ ДЕГЕН СӨЗ
Исламдық теологиясы бойынша дін Аллаға керек емес, дін адамға керек.
Құранда Алланың ешнәрсеге мұқтаж емес екені бірнеше рет айтылады. Мысалы:
«Кім шүкір етсе, өзі үшін шүкір етеді. Кім күпірлік етсе, расында Алла ешкімге мұқтаж емес, мақтауға лайық.» (Лұқман 31:12)
«Егер жер бетіндегі барлық адам иман келтірсе де, келтірмесе де, Аллаға еш пайда да, зиян да келтірмейді» деген мазмұндағы аяттар көп кездеседі.
Калам ғылымында Алла «Ғани» (ешнәрсеге мұқтаж емес) деп сипатталады. Сондықтан адамның намазы, оразасы, құлшылығынан Алла үшін келіп кетер ештеңе жоқ. Яғни Оның ұлылығына ештеңе қоспайды.
Ал діннің мақсаты: адамның өзін тануы; әлемдегі орнын түсінуі; моральдық кемелденуі; қоғамда әділет пен тәртіп орнатуы; адамның рухани тұтастыққа жетуі.
Бұл тұрғыдан алғанда, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи дәстүрінде діннің мәні Алланың пайдасы үшін емес, адамның «кемел адам» болуына қызмет етуінде жатыр. Ясауи үшін дін – қорқыныш жүйесі емес, адамның Хақпен үйлесімге келу жолы.
Философиялық тұрғыдан мәселені одан да терең қоюға болады: егер Алла абсолютті кемел және мұқтажсыз болса, онда діннің қажет болуы Алла үшін емес, адамның болмыстық қажеттілігінен туындайды. Адам мән іздейді, ақиқат іздейді, құндылық іздейді. Дін осы ізденіске жауап береді.
Сондықтан: Аллаға дін керек емес. Адамға дін қажет. Бірақ адамның дінге қаншалықты мұқтаж екені әрбір теологиялық және философиялық мектепте әртүрлі түсіндіріледі. Ясауи ілімінде бұл қажеттілік адамның рухани кемелденуімен байланысты. Иман керек алдымен… Сонда өзіңдегі “ аманатты” яғни жанды тани бастайсың. Жантану- өзіңді таны, ал өзіңді тану Алланы тану деген сөз.
Досай КЕНЖЕТАЙ